Ер
Ер
624
оқылды

Мәскеудің «Художественная литература» баспасы қазақтың аса көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 80 жылдығына орай «Олжас және мен. Екінші кітап» жинағын шығарды. Аңдатпада айтылғандай, «Бұл басылымды екі жыл бұрын шығарылған «Олжас және мен» кітабының қисынды жалғасы деп санауға болады. Бірінші кітапта біздің ұлы замандасымыз Олжас Сүлейменов туралы өз ойларын ақынның Қазақстаннан тысқары жерлерде тұратын достары мен әріптестері ортаға салған еді. «Олжас және мен. Екінші кітап» жинағында негізінен Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылыми һәм шығармашылық элита өкілдерінің, прозашылары мен ақындарының О.Сүлейменов шығармашылығы мен тұлғасы хақындағы пайымдары мен ой-толғаныстары қамтылды». Ермек Алданов құрастырған бұл кітап көрнекті әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы Сауытбек Абдрахмановтың «Айқын» газетінің оқырмандарының назарына ұсынып отырған мақаласымен ашылған. Белгілі ақын Қорғанбек Аманжол аударып берген мақаладағы қазақ көзімен қарағанда қажетсіз көрінетін кейбір жайлар («Әбіш – біздің ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевтың сүйікті ұлы. Қаныш – атақты геолог, академик, Ленин сыйлығының лауреаты Қаныш Сәтбаев», «Мұрат Әуезов (Мұхтар Әуезовтің ұлы)») ресейлік оқырмандардың біздің мәдениетімізден хабардарлық деңгейін ескеруден туғанын айта кету де артықтық етпейді деп ойлаймыз.

Поэзияның авторлық антоло­гия­лары бүкіл әлем бойынша бұрыннан бел­гілі. Бізге неғұрлым жақын бертінгі уа­қыттан Жорж Помпиду құрастыр­ған француз поэзиясының бір томдық антологиясын және Евгений Евту­шен­коның «Строфы века» атты көптомдық орыс поэзиясы антологиясын еске тү­сіре аламыз. Біз 2007 жылы бастырып шы­­ғарған «Жиырмасыншы ғасыр жыр­лай­ды» қос томдығы қазақ әдебиетіндегі тұң­ғыш авторлық антология болды. Ан­­то­логияның газеттік нұсқасында Ол­жас Сүлейменов өлеңдерінен құралған бөлімде төменгідей кіріспе айшықтаған.

«Әлемде бір ұлт өкілінің екінші тілде жа­зып, сол ұлт әдебиетінің өкілі болып кет­кен мысалдары аз емес. Мысалы, мол­даван Антиох Кантемир орыс поэ­зиясының бастауында тұрған тұлға­лар­дың бірі саналады, поляк Юзеф Теодор Кон­рад Коженевский болса, Джозеф Кон­рад деген атпен ағылшын проза­сының шебері ретінде мәлім, тағы бір поляк азаматы Гийом Альбер Владимир Александр Аполлинарий Костровицкий француз поэзиясының даңқын Гийом Аполлинарий деген атпен шығарған, украин Николай Гогольдің туындылары орыс прозасының мақтанышы, тіпті бертінге түссек, Булат Окуджаваның да, Фазиль Искандердің де жазғандары орыс әдебиетінің игілігі делінеді… Алай­да ұлттық әдебиет ұғымын ек­шеудің классикалық өлшемдері солай сөйлей тұрғанымен, ешкім де орыс тілінде жазатын Олжас Сүлейменов жыр­ларын орыс әдебиетіне теліп көр­ген емес. Олжас Сүлейменов – орыс ті­лінде жазатын қазақ ақыны деген бай­ламға жұрттың бәрі тақ тұрады. Тақ тұрғызған – Олжас өлеңдеріндегі көне дәуірлерден жетіп жатқан қыпшақы қайы­рым-қағыстар, ұлттық қанық бояу­лар, жер-жаһандағы құбылыстың қай-қайсысына да тек қазақтың көзімен қа­райтын қымбат қасиеті, ең бастысы – қай кезеңде де алтын басының азаттығын сақтай алған алаштық асқақ айбыны, өршіл рухы. Ұлы ақын, ұлы редактор Твардовскийді «Новый мирден» кетіріп, бір жылдан кейін көрге тығып тынған сұр кардинал Сусловтың өзі Сүлей­ме­новтің сағын сындыра алған жоқ. Ақын досы Андрей Вознесенскийге арнаған өлеңінде: «Аз и Я» – Азия деп оқталып, Жаңылдым ба? Жатпаймын мен ақталып… Танып-біліп өзімізді өзгеден, Көшеміз біз өзімізді бетке алып», – деп жазғанындай, Олжас жырының көші өзі­мізге өзімізді бетке алдыртқан күйі бір ғасырдан бір ғасырға ауысып ба­ра­ды. Олжастың кешегі кеңестік ке­зеңде бір одаққа біріккен халықтар арасын-дағы бадырайтылмағанымен байқалмай да тұрмайтын бәйге-бәсекеде алғашқы «Арғымақтарымен»-ақ арындап шы­ғып, «Қазақтар осындай болады екен ғой» дегізген, ұлтымызды мойында­мас­қа, құрметтемеске қойғызбаған еңбегін біз ешқашан ұмытпауға тиіспіз».

Осы жолдар жазылғаннан бері он жыл­дан астам уақыт өтті.

Олжас Сүлейменов сексеннің сең­гіріне шықты... Бұған, әрине, сену де қиын-ау. Олжекеңнің есімін «ол жас» де­ген астарлы мағынамен аттастырып жүр­геніміз күні кеше ғана сияқты еді ғой. Уақыт дегеніңіз – осылай. Уақыт­тың ар­ғымағына тоқтау жоқ.

Айтқандай, оның есімін тағы бір жағ­дайға байланысты атай кетуге әбден болады. 2010 жылы Олжас Омарұлынан газеттің айқарма қос бетін алып жатқан көлемді сұхбат алдым. Сонда ақын былай деп еді: «Әрине, қазақ болған соң сол кездің өзінде бері қойғанда жеті атамның шежіресін тәп-тәуір біле­тін­мін. Менің бойыма біткен қасиеттердің бәрі аталарымнан ауысқан дей аламын. Біздің әулетімізде ақындар, әнші-күй­шілер, батырлар көп болған. Солардың бірі – Жаяу Мұса. Менің жетінші атам – атақты Олжабай батыр. Атымды да әкем сол бабамыздың құрметіне қойған. Ибраһимнің Абайға, Әбдірахманның Әбішке, Қанафияның Қанышқа айнал­ғаны сияқты, Олжабай да Олжасқа ай­налып кеткен». Әбіш біздің ұлы ақы­нымыз Абай Құнанбаевтың сүйікті ұлы, Қаныш – атақты геолог, академик, Ле­нин сыйлығының лауреаты Қаныш Сәтбаев. «Сүйгенін шұнағым дейді» де­гендей, қазақта еркелетіп қойылған ат­тардың толыққанды есімдерге ай­налған мысалдары аз емес. Міне, жарты ға­сырдан бері еліміздегі мыңдаған адам­ ұлдарына Олжас деген ат қоя­ды.

Қазақтар үшін Олжас – жалпыұлттық бай­лық. Оның бастапқы есімінің өзі «олжа» және «бай» сөздерінен құралған. Нақ Олжас арқылы халқымыздың шын мәнісінде бай олжаға кенелгені анық.

Ол олжаға біздің халқымыз ғана ке­нел­ген жоқ. Олжас Сүлейменов – бүкіл адамзаттың рухани қазынасына кеңес­тік қоғамның қосқан зияткерлік үлесі туралы айтқанда алдымен аталатын есім­дердің бірі.

Өзім оның атышулы «Аз и Я» кітабы шық­қаннан кейін ақынның даңқы ке­ремет өрлегенінің куәсі болдым. Ол кез­де университеттің соңғы курсында оқып жүргенмін. Бұл оқиға ашық күнде ас­паннан жай түскендей әсерге бөледі. Жұрт­тың бәрінің айтатын әңгімесі тек сол еді.

Рас-өтірігін қайдам, бірақ сол кезде дау-дамайы басынан асқан кітапты шы­ғарған «Жазушы» баспасының редакция мең­герушісі болып істеген белгілі жур­налист Геннадий Толмачев «Кітап ту­дыр­ған дауыл» мақаласында былай деп жаз­ды: «Менің архивімде Бакуде ба­ғана­дан жұлынып алынған қайталанбас «хабарландыру» бар: «Москвич» авто­мо­билін Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» кі­табына айырбастаймын». Тіпті мұн­дай жайт шындығында болмаған күннің өзін­де бәрібір ол кітаптың даңқы ға­ламат биіктерге шарықтағаны рас. Сол кезде жасы әлі қырыққа да толмаған ақын ой-толғамының ғаламдық ауқымы жұрт­ты шетінен қайран қалдырды. «Аз и Я» авторы паш еткен қасиеттердің сан алуан қырларын біздің белгілі зият­кер­леріміздің бірі Мұрат Әуезов (Мұхтар Әуезовтің ұлы) өзінің 1976 жылы жа­зылған, бірақ ол жылдарда ақыры жа­рия­ланбаған «Мәңгіліктің демінен ша­быт алған сөз» атты мақаласында бір сөй­лемге сыйғызып айта білді: «О.Сүлей­менов бұл кітапта сан қырлы тұр­патта танылған, оларды жай ғана санап шығудың өзі көп жайды аң­ғар­тады: бірінде – славист, түрколог, шумертанушы; екіншісінде – тарихшы, лингвист, әдебиеттанушы, философ; үшіншісінде – этнограф, палеограф, жылнамалар білгірі; төртіншісінде – ақын, драматург, көсемсөзші; ерекше ба­ғанда – азамат, қайраткер және т.б». Осы тұрғыдан келгенде, Олжас Сүлей­менов шын мәнінде Қайта өрлеу дәуі­рі­нің алыптарын еске түсіреді.

1986 жылғы «Проблемы коммуниз­ма» журналы мақалаларының бірінде «Аз и Я» кеңестік қоғамдағы демок­ра­тия­лық реформалар қарсаңында біздің санамызды өзгерту үшін қолайлы ар­қауға айналған бес кітаптың қатарында аталды. Бір қарағанда, «Игорь жасағы жайындағы жырға» арналған таза фи­лологиялық еңбектің тарих пен әде­биетті сүйетін ортадан тыс қандай да бір нәр­сеге ықпал етуі неғайбыл дерсіз. Бі­рақ бұл жердегі гәп басқада. Олжастың кітабы қоғамдық сана-сезімді дүр сіл­кіндірді. Ол өзгеше ойлауға, батыл сөй­леуге және өткір жазуға үйретті. Сөздің, тіп­ті, тұтас жүйенің іргетасын шайқалта алатынын көрсетті. Шындықтың ашық айтыс, пікірталаста шыңдалатынын дә­лелдеді. Жалпы жұрт мойындаған биік бедел иелеріне ашық қарсы тұрудың үлгісін ұсынды. Қазақтың ғұлама ғалымы Ахмет Байтұрсыновтың «Маркс айтты екен деп тоқтарым жоқ» дегеніндей, Олжас Сүлейменов те өзі қозғаған тақырыптарда докторлық тү­гілі, кандидаттық та диссертация жаз­бағанына, оны айтасыз, осы са­ла­лар­дағы журналдарда бірде-бір мақала бас­тырмағанына қарамастан академия­лық «арыстандармен» ашық айтыс ай­қа­сына түсуден айбынған жоқ. О.Сүлейменовтің өнегесімен бүкіл ұлан-байтақ ел ауқымында зиялы қауым­ның қоғамдық белсенділігі артты десек, бұл қыздырманың қызыл сөзі емес.

Сүлейменовтің кітабы көкірек көзі ояу, ойлы адамдарды рухтандырды, жалпақ жұртқа шабыт пен жігер берді, неғұрлым батыл болуға шақырды. Жылдар бойы қордаланған проблемалар әдебиеттің, тарих пен мәдениеттің ше­гінен шығып, біртіндеп саяси санаттар­ды да қозғаған талқылауларға ұласты. Шын мәнінде, ол кезде халықтардың ақиқат теңдігі туралы жан-жүрегімен жалындап, соншама сендіріп айтатын­дар аз еді. 

Көп адамдар айта бермейтін тағы бір жайт бар. КОКП Орталық Комитетінде оның мәселесін қарауды қолға алып, ғалымдардың үлкен тобы оған қарсы («Қазақстаннан шыққан дилетанттың орыс «Жырының» жағасына жармас­қаны қалай?») топтасты, ал көпшілігі, тіпті кітапты «ұлтшылдықтың ашық бой көрсетуі» ретінде кәдімгідей қара­лады. Міне, дәл осы жағдайда «Аз и Я» ав­торының аман қалып қана қоймай, оның үстіне өз республикасы Компар­тиясының Орталық Комитетіне сай­лануы, оның Жоғарғы Кеңесінің де­путаты болуы қалың жұртшылыққа ел өмірінде қайткенде де жақсылыққа қа­рай азды-көпті өзгерістер болғалы жат­қанын көрнекі түрде айшықтап көр­сетті, сөйтіп, дүние жүзінде өріс алған демократиялық үдерістер түптің түбінде Кеңес Одағын да айналып өтпейтініне үміт отын тұтатты.

Сүлейменовтің кітабы көкірек көзі ояу, ойлы адамдарды рухтандырды, жалпақ жұртқа шабыт пен жігер берді, неғұрлым батыл болуға шақырды. Жылдар бойы қордаланған проблемалар әдебиеттің, тарих пен мәдениеттің ше­гінен шығып, біртіндеп саяси санаттар­ды да қозғаған талқылауларға ұласты. Шын мәнінде, ол кезде халықтардың ақиқат теңдігі туралы жан-жүрегімен жалындап, соншама сендіріп айтатын­дар аз еді. Мұны Евгений Евтушенкодан асыра бағалау қиын: «Ол шет тілдерді білмесе де, жусанмен немесе қаңбақпен, өзін айтпай түсінетін жылқысымен сөйлесе алатын дала адамдарының жақ­сы қасиеттерін көрсете отырып, өзі де даланың рухани ақсүйегі болып қана қой­ған жоқ. Ол сонымен бірге бүкі­лә­лем­дік самғауға көтерілген қазақтар­­дың қандай болатынын өз үлгісімен та­нытты, планеталық шар шеңберіндегі емес, жер-жаһандық ойлау жүйесін игерген ол өзі де нақ сондай болды. Ол Ресей империясының Азиясына мә­дениетті құдды тек орыстар әкелді дей­тіннің қасаң құрсауын қиратып, орыс­тардың Азиядан да аз нәрсе алмағанын, әрі лингвистикалық, әрі философиялық тұрғыдан да көп нәрсе үйренгенін кәміл ай­ғақтады. Сөйтіп, қара сөзбен жыр­ланған «Аз и Я» деген өжет те өршіл поэма жазып, «үлкен аға» теориясы мен прак­тикасын пір тұтушылардың ашу-ызасын тудырды, ал «үлкен ағалықты» бар­лық мәдениеттердің тең бауырласты­ғы орнайтын болашаққа деген мыз­ғымас сеніммен алмастырды. Бұл оның жасаған ерлігі еді». Ия, тура осылай.

Қырық жылдың арысында бүгінде бекіген қағидат болып табылатын нәр­сені талқылаудың өзі айтарлықтай азаматтық қайтпас қайсарлықты талап етті. Ал қазір мұндай зерттеулер әдет­тегі әдебиеттанушылық, филоло­гия­лық ізденістер қатарында қарас­ты­рылады.

Осыған байланысты өз тәжіри­бем­нен мысал келтірейін. 2006 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұйымдастырған және Қа­зақстандағы Пушкин жылы мен Ре­сейдегі Абай жылына арналған халық­аралық ғылыми-практикалық конфе­рен­цияда мен Пушкин шығарма­ла­рын­дағы түркизмдер хақында баяндама жа­садым. Үзілісте менімен «31 арна­ның» журналисі сөйлесті. «Осы тақы­рып­ты зерттеуге бекінген кезде имену се­зімі болған жоқ па?» деген сұрақ қой­ды. «Әрине, болды, – деп жауап бер­дім мен. – Өйткені бұған дейін эти­мология мәселелерімен арнайы айна­лыс­қан емеспін. Ұлы ақынның шы­ғар­маларын оқыған кезде – ал мен оны әр ­кез қолыма қалам алып оқыдым – кез­дескен түркі текті сөздерді белгілеп отыр­дым. Біртіндеп Пушкинде мұндай сөз­дердің аз емес екеніне көзім жетті. Кейі­нірек оларды жүйелеп, жеке зер­делеуді ұйғардым. Бүгінгі баяндама – ғалым-филологтың зерттеуі емес, әде­биетшінің бұған дейін назардан тыс қа­лып келген тақырыпқа өзіндік қөз­қарасы».

Бірақ журналист мәселенің саяси ас­тарын меңзеп тұр екен. «Жоқ, менің айт­пағым басқа. Кезінде Олжас Сүлей­менов орыс тіліндегі түркизмдерді зерт­теуге әрекеттеніп, соңы үлкен дау-шар­ға ұласты емес пе?».

Жалпы, баяндамаға дайындала жүріп, мұның аяғы белгілі бір тәуекелге байланысты болуы мүмкін-ау дегенді ойға да алмаппын. Сірә, мұндай алаң­дау­шылықтың жоқтығы – қазіргі бостан сананың бір белгісі шығар. Ал осы еркіндік үшін біз белгілі дәрежеде Сүлейменовке де қарыздармыз.

Айтқандай, Пушкин шығарма­ларын­дағы түркизмдер туралы сол зерт­теуім үшін Ресей сөз өнері ака­де­мия­сының «Ревнителю просвещения» ме­далімен марапатталдым. Бұл үшін де әдебиеттанушы-билингвистің талассыз артықшылығын нақты көрсеткен Олжас Омарұлына алғысым зор.

Осы арада Валерий Ганичевтің маған бірнеше жыл бұрын берген сұхба­тынан үзінді келтіруге болар еді. Онда «Жырдағы» түркизмдер туралы қызғы­лықты пайымдар бар деп ойлаймын.

« – Сізді қазақ әдебиетімен не бай­ланыстырады?

– Қазақтың көптеген жазушылары­мен тікелей таныс болдым. Әуезовтің, Нұрпейісовтің тамаша шығармаларын жақсы білемін. «Молодая гвардияда» Кекілбаевтың кітабы басылған. Шоло­ховпен Вешенскаядағы кездесуге ол кезде жап-жас Олжас Сүлейменов қа­тысқан еді. Олжастың даңқы дүрілдеп, аты аспандап тұрған кезі. Ол Евтушенко, Вознесенский, Рождественский сияқты ақындармен бір қатарда болатын. Рас, оның қазір онша еске түсіргім келмейтін «Аз и Я» деген кітабы да бар. Ол өзі рес­ми көзқарас тұрғысынан онша үйлесе бер­мейтін, бәлкім, бірқатар фактілері ашылмаған кітап. Дегенмен қызғы­лық­ты болатын. Дәл сол кезде Гумилев те отандық тарихтағы даланың рөлі де­ген мәселеге назар салып жатты ғой.

– Сіздің «Аз и Я» кітабына көзқара­сыңыз жылдар өте келе өзгерді ме?

– Меніңше, өзгерді. Тегінде, жаз­ғыру тұрғысынан әлдеқайда сақтықпен қарау, кейбір тұстарды ескеру тұр­ғы­сынан әлдеқайда қызығушы­лық­пен қарау басым болуға айналды дегенім дұ­рыс шығар. Идеологиялық, тарихи мә­селелер бойынша рұқсат етілген жай­лардың шеңберлері де тым шектеулі еді ғой. Сонымен бірге, сол идеологиялық шеңберлерді айыптай отырып, олар бел­гілі бір бірлікті жасайтынын да ай­туға болады. Олар біздің халықтарымыз­дың рухани бірлігін құрап тұратын.

– «Жырда» түркизмдер болуының өзін біздің халықтарымыздың арасында атам заманнан жақындық орнағанының мысалы ретінде де пайымдауға болар еді ғой…

– Әбден болар еді. Неге болмасқа?».

Шынында да, неге олай болмасқа? Ықылым замандардан бері Еуразия кеңістігінде көршілес тұрып келе жат­қан халықтардың тілдерінде мұндай өзара кірігулер болмауының мүмкін еместігі айдан анық қой. 

Сергей Марков былай жазды емес пе?! «Игорь жайлы өшпес жырда, Қау­лап өскен шөптердей, Славяндық ыр­ғақ­тарға Қыпшақсөз сіңіп кеткендей». Міне, бұл ғажап! Олжастың меңзегені осы. Бізді біріктіретін де осы. Нақ сол себептен де «Аз и Я» кітабы шығардан көп бұрын дәл сол Сергей Марков: «Жа­лынды бұл жыр туралы, Жар­қыра­тып жазар әлі, Жап-жас досым – қып­шақ Олжас, Орыс тілді ғазалдарын!» деп болжаған еді. Айтқаны айдай келді. Жаз­ды және қалай жазды?! Ежелгі орыс әдебиетінің ұлы жәдігерін Олжасша оқу­дың феномені сол, ол «Жырдың» тұң­ғыш қостілді зерттеушісі болды.

Оның өлеңдерін қайталай оқи оты­рып, автордың сөзге сыналап сіңірген астарлы ойларына қайран қалудан әсте жалықпайсыз. Мысалы, мінеки.

Вблизи Чингизских гор его могила,

Исколотая желтыми цветами;

Голодными, немилыми, нагими

К могиле приходили на свидание.

И пили, усмехаясь, горечь песен,

И, колыхаясь, колебались травы,

Цветы желтеют грустно,

Как отрава...

Вблизи Чингизских гор его могила.

Абайдың қабірі – Шыңғыстаудың маңында. Әлемдегі аса ірі Семей ядро­лық полигоны да сонда болды. Жастар оңаша кездесуге де сол араға келетін. Ішетін. Ол кезде бұл төңіректе жұрттың талайы ішетін. Радиациядан қорғану­дың жалғыз амалы сол деп саналатын. «Мұңды гүлдер сарғаяды заһардай....». Өлең 1962 жылы жазылған. Он үш жыл­дан бері жер астындағы да, жер бетіндегі де сынақтар жүргізіліп жатқан.

Ал 1989 жылдың ақпанындағы ке­зек­ті жарылыстан кейін атмосфераға радиоактивті заттардың таралуы халық шыдамын шарасынан асырған соңғы тамшыға айналып, сын сағаты соққан кезде Олжабай батырдың ұрпағы Олжас Сүлейменов ядролық қаруға қарсы «Невада – Семей» қозғалысын бастады. Ол Кремльдегі әскери лоббидің жойқын қы­сымына қарамастан өзінің Жар­лы­ғы­мен ядролық полигонды жапқан Нұрсұлтан Назарбаевқа қуатты қолдау жасады.

Кезінде елдің қазақтілді бас газеті «Егемен Қазақстанды» басқара жүріп, 2015 жылы Қазақстан Президентінің «Өмір өткелдері» сұхбат кітабын бас­паға дайындадым, соның «Тажалды тұн­­шық­тыру» атты тарауында Н.Назарбаев былай дейді: «Невада –Семей қозғалысының белсенділігі, Олжастың өзінің жеке басының биік беделі маған республикадағы қоғамдық пікірді Се­мей ядролық полигонын жабуға дайын­дауға ерекше жәр­демдесті. Олжастың: «Біздің жерімізде бейбітшілік деп ой­лаушы едік, сөйтсек міне қырық жыл­дан бері соғыс жүріп жатыр екен. Ол со­ғыстың аты – өз халқыңа қарсы ты­ныш жүріп жатқан атом соғысы....» деп сөйлейтіні де асырып айтатын ақынға жарасып тұратын».

2016 жылдың 17 мамырында Олжас Сү­лейменовке ел Президентінің Жар­лығымен тәуелсіз мемлекеттің ең жо­ғары марапаты – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілуі парасатты әділдік сал­танатының паш етілуі және қазақ же­рі­нің сайыпқыран перзентінің, өз хал­қын барша әлемге әйгілеген адам­ның тарихи еңбегін бүкіл халықтың ба­ғалауы болғаны анық.

Ия, ол – Ер. Қай жағынан алғанда да нағыз Ер.


Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Мәжіліс депутаты