Көпбалалы отбасыға – 500 мың теңге
Көпбалалы отбасыға – 500 мың теңге
395
оқылды

Түркістан облысындағы көпбалалы отбасыларға 500 мың теңге төленетін болды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр облыстық Орталық коммуникация­лар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

– Nur Otan партиясы съезінде Елбасы Н.Назарбаев аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек беру қажеттігін атап айтқан еді. Бүгінде облыста арнайы штаб құрылып, әрбір отбасы үшін әлеуметтік карта жасалды. Облыс­тағы 86,6 мың көпбалалы отбасынан 19 мың адам аз қам­тыл­ған­дар қатарына енді. Қазіргі кезде атаулы әлеуметтік көмек 24 748 отбасына берілген. Бұдан басқа, бірінші тоқсандағы көмек сома­сы қайта қаралып, нәтижесінде, 15 422 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді, – дейді ол.

Баяндамашының сөзінше, аймақта бір отбасына ай сайынғы атаулы әлеуметтік көмек мөлшері орташа есеппен 100-150 мың тең­гені құрайды екен. Қа­зіргі уақытта облыс өз қаражатын тиімді пайдалану үшін табысы төмен азаматтарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында жұмыс істеп жатыр.

– Өткен жылғы тәжірибеге сүйене отырып, атаулы әлеуметтік көмекке біржолғы төлемдер бөлінеді. Осы қаражат есебінен өңірде 15 шағын бизнес-жоба іске асырылуда, – дейді Ербол Әбілқайырұлы.

Аймақта 2019 жылдың бірінші тоқсанында 400-ге жуық отбасы  бизнесін ашқан. Бұдан басқа, «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп, «Еңбек» бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін көпбалалы отбасыларға 500 мың теңгеге тегін мемлекеттік гранттар бөлінетіні белгілі болды.

Басшылық сондай-ақ көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жұмыс атқармақ. Биылғы жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен 1 248 отбасына баспана беру жоспарланып отыр. Бұдан басқа, 44 тұрғын үйді (2 309 пәтер) салу үшін облыстық бюджеттен 7,3 млрд теңге бөлінген. Сонымен бірге, демеушілер де алдағы уақытта көмекке мұқтаж адамдарға тұрғын үй сатып алуға көмектесетінін айтты.

Жыл басынан бері 18 көп­ба­лалы отбасы баспанамен ­қам­­­тамасыз етілген. Ал демеу­ші­лер есе­бінен 34 мыңнан ас­там ­көп­­балалы отбасыға 285 млн теңге кө­ле­мінде қаржылай көмек ­көрсетілді.


А.ЖАСАНҰЛЫ