Суреттер қала сәулетіне сән берді

Суреттер қала сәулетіне сән берді

Атыраудағы тұрғын үйлердің қабырғаларына street-art суреттер салынды. Бұл суреттер, әсіресе, бұрын салынған ескі үйлердің сұр қабырғасына әсемдік сыйлап, көрген жұрттың көз қуанышына айналды.

Қаладағы тұрғын үйлердің сыртын әсемдеуді мақсат еткен идея авторла­ры – Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының бейнелеу өнері және дизайн пәні оқытушылары Мейірбек Жағыпашев, Мирас Жанғожиев және Асылбек Бақтияр.

Қылқалам шеберлерінің қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің қабырғасына сурет салу туралы ойларын шаһар басшысы Алимұхаммед Құттымұратұлы қолдап, жобаны қаржыландыруға ниетті демеушілер де табылды.

– Алдымен облыс орталығындағы Балықшы ықшамауданындағы тұрғын үйдің қабырғасына Жайық өзеніндегі суасты әлемінің суретін салдық. Биыл Махамбет Өтемісұлының портретін салдық, қазір Жастар жылына қатысты суреттерді ойластырып отырмыз, – дейді суретші Мейірбек Жағыпашев.

Олар Авангард, Нұрсая, Вокзал ма­ңы, Балықшы ықшамаудандарындағы үйлерге Құрманғазы, Дина, Бейбарыс секілді тұлғалардың street-art суреттерін салу жоспарда бар екенін айтады. Суретшілер жобаға қолдау көрсеткісі келетін демеушілерді серіктестікке шақырады. Олардың айтуынша, бір суретті салу үшін орта есеппен алғанда 10 күн кетеді. Ал сурет салу үшін арнайы баллондар қолданылады. Себебі, баллондағы бояулар суға төзімді.

Егер үй қабыр­ғасы сенімді, ақауы жоқ болса, сурет те ұзақ уақыт тұрады. Желсіз, ашық күндері сурет салып көз қуантып жүрген қылқалам иелерінің өнер туындыларына тұрғындардың да көзқарасы жақсы.

Батыр, өршіл ақын Махамбеттің тұр­ғын үй қабырғасындағы бейнесін ұлымен бірге көріп тамашалап тұрған Нұрлы Серікқызының мамандығы тарихшы. Ол қала үйлерінің қабырғасындағы суреттер жас ұрпақ үшін маңызды дейді. «Махамбет бабамыздың батырлығы, ақындығы туралы жұртшылық біледі. Жас ұрпаққа ол жетіп жатыр. Ал Әлия, Мәншүк, Хиуаздай қазақтан шық­қан батыр апаларымызды көбіміз біле бермейміз. Келешекте осы суреттерді салып жүрген қылқалам иелері осыны ескерсе, олардың ерлігі балаларға үлгі болып, ар-намыс деген ұғым­дар жастайынан саналарына сіңеді деп ойлаймын», – дейді Нұрлы Серікқызы.

Суретшілер жұмыс қиын болса да, оң нәтижеге және тұрғындардың ықыласына ие болғаннан кейін жаңа бейнелер жасауға қуана кірісетінін айтады.

– Графика дейміз бе, көркем сурет дейміз бе, бастысы, осы жарқын бейнелер Атырауға әсемдік пен жақсы көңіл күй сыйлағанына сенімдіміз. Алдағы уақытта тың ұсыныстар болса оны да ескереміз, – дейді суретші Асылбек Бақтияр.


Атырау облысы