Түркістан әуежайын түріктер тұрғызады
Түркістан әуежайын түріктер тұрғызады
500
оқылды

Елімізде тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш халықаралық әуежай, сода мен қант зауыты, логистикалық хаб, Kinder World білім метрополисі, 5G жобасы, қытайлық көпбейінді клиника және басқалары жаңадан бой көтереді. Елордада ХІІ АЭФ аясында өткен жаһандық инвестициялар жиынында жалпы құны 9 миллиард долларға жуық 45 келісімшартқа қол қойылды.

Үкімет басшысы Асқар Мамин III Kazakhstan Global Investment Roundtable аталған осы форумның пленарлық сессиясына қатысып, сөз сөйледі. Жиынға 1100-ден астам қатысушы жиналды. Соның ішінде әлемнің 41 елінен келген 600-ге жуық шетелдік қонақ бар.

Премьер өз сөзінде инвести­циялар – Қазақстан экономикасының өсімі мен оның дамуының іргелі факторы болып қала беретінін баса айтты. Тиісінше, инвесторларды тартуға мемлекет ары қарай да үлкен мән береді. 2018 жылы Қазақстанға 24 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік капитал құйылған. Яғни, Орталық Азия елдеріне арна тартқан тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемінің 90%-дан астамын жалғыз біздің еліміз қанжығалаған.

Мамин Қазақстан экономикасына құйылатын халықаралық капитал ағынын одан ары күшейту мақсатында Үкімет инвестиция­лық саясат саласында инвесторларды жан-жақты қолдауды қамтамасыз ететін жаңа тәсілдерді енгізіп жатқанын хабарлады. Бұл ретте инвестициялық омбудсмен міндеттері Премьерге жүктеліпті.

Шетелдік инвесторларға қайырылған Үкімет жетекшісі оларды елімізге инвестиция салудың және осында бизнес жүргізудің мүмкіндіктеріне зер салуға, оның ішінде жекешелендіру бағдарламасына қатысуға шақырды. Қазақстан өз кезегінде барлық инвесторға қолайлы бизнес-ахуал ұсынады.

–Қазіргі адами, энергетикалық, логистикалық капиталды жаңартуға бағытталған жаңа тәсілдер біздің жаңа және перспективті салаларды – экономикалық өсім­нің болашақ қозғалтқыштарын дамытуға баса көңіл бөліп отырғанымызды паш етеді, – деді Асқар Мамин.

Ол осы күні басқарушы директоры Михаэл Хармс бастаған Германия экономикасының шы­ғыс комитетінің делегациясымен кездесу өткізді. Жүздесуде өзара сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан ары дамыту мәселелері тал­қыланды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы 10,8%-ға артып, тарихи жаңа деңгейге – 2,1 миллиард долларға жетті. Елдердің жолға қойылған екіжақты ықпалдастығы қазақ-неміс бірлескен кәсіпорындарын белсенді түрде құруға ықпал етеді. Соңғы 4 жылда германиялық компаниялар Қазақстанда жалпы сомасы 2,4 миллиард евроға жуық инвестициялық жобаларды іске асырды. Өткен жылы бірлескен жобаларға 190 миллионнан астам евро салыныпты.

Тұтастай алғанда, Kazakhstan Global Investment Roundtable аясында жалпы құны 8,9 миллиард долларды құрайтын 45 коммерция­лық келісімдерге қол қойылды.

Атап айтқанда, газ-химия ­саласында Маңғыстау облысы­ның әкімдігі мен сингапурлық Westgasoil компаниясы метанол және олефиндер өндірісі жобасын жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісім бекітті. Жобаны жүзеге асыру химия өнімдері өндірісін осы өңірде шоғырландыруға және тұтастай алғанда, еліміздің газ-химия кешенін экспортқа бағдарлауға мүмкіндік береді екен.

Экспортты дамыту мақсатында Жамбыл облысының әкімдігі мен түркиялық Yıldirim Holding осы өңірде сода шығару зауытының құрылысы туралы келісімге келді. Зауыттың жылдық қуаттылығы 400 мың тонна болмақ.

Бұдан бөлек, жылыжай кешендерін салу жобасы – ауыл шаруашылығы өнімдерін шетелге экспорттауға бағытталған. Ол бойынша KAZAKH INVEST ұлттық ком­паниясы мен ресейлік «ЭКО-Культура» арасында тиісті келісім түзілді. Мұның сыртында, тамақ өнеркәсібінде Павлодар облысының әкімдігі мен қытайлық Beijing NAALE GROUP өңірде қант зауытын салу бойынша ынтымақтастыққа келді.

Шығыс көршіден келген осы инвестор Алматы қаласының әкім­дігімен де келісімге қол қойып, оған сәйкес, ең ірі мегаполисі­мізде өзінің алюминий өндіретін зауытын салуға ниет білдірді.

Жиында «Ер түріктің бесігіндегі» әуе қақпасын қай ел тұрғызатыны да анықталды: Түркістан облысының әкімдігі Түркияның YDA Holding-імен осы өңірдегі халықаралық әуежайды салу туралы келісім бекітті. Рәсімде бұл – «Қазақстан тарихындағы құрылысы «нөлден» басталатын алғашқы халықаралық әуежай» деп жарияланды. Себебі, осының алдында, тәуелсіздік алғалы бері салынған барлық халықаралық әуежайлар, соның ішінде EXPO – 2017 жаһандық көрмесі қарсаңында ашылған елордалық жаңа терминал – тақырдан тұрғызылмаған, бұрынғылары орнына, не солар жанынан салынған.

Денсаулық сақтау саласында Оңтүстік Қазақстан медицина­лық академиясы мен қытайлық Shanghai Constructions Group өкілдері Шымкентте 1000 орындық ин­но­вациялық клиниканың құры­лысы бойынша меморандумға қол­таңбаларын қалдырды. Заманауи технологиялар бойынша жаб­дық­талатын клиника Орталық Азиядағы протон терапиясының жалғыз орталығы болады деп күтілуде.

Ал білім беру саласында сингапурлық Kinder World Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында «Білім метрополисін – балабақша, мектеп, колледж, уни­вер­ситет салу» жобасын іске асырмақ: тиісті жол картасы өмірге жол­дама алды. Таяу жылдары Нұр-Сұлтан қаласында халықаралық деңгейдегі мектептер желісі, сондай-ақ колледж және білім беру кампусы ашылады деп жоспарланған.