Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы «Алтын қырғауыл» демалыс орнында екі күн бойы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Көшбасшы бол!» республикалық жастар форумы өтті.
Іс-шараға «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары, республикалық және шетелдік жастар ұйымдарының, мемлекеттік органдардың өкілдері, жастар мен студенттер және волонтерлар жиналды. Сондай-ақ, форум делегаттары арасында Қазақстанның барлық аймағындағы ҚХА-ның белсенді жастары мен Қырғызстан, Ресей, Өзбекстаннан келген өкілдер бар.
Ауқымды іс-шараны ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы ұйымдастырып отыр.
Форумның ашылу салтанатында «Қоғамдық келісім» РММ директоры Саттар Мажитов ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевтың құттықтау сөзін оқып берді.
Онда: «Жастар – еліміздің алтын қоры. Бұл жөнінде Елбасы да жиі айтады. Көшбасшы жастарымыз әрқашанда әлеуетін арттырып отыруы тиіс. Сондықтан да Жастар жылына қойылатын басты талап − белсенді жастарымыздың әлеуметтік тұрғыда өзін-өзі дамытуына жаңа мүмкіндіктер ашу. Бүгінгі таңда Ассамблея түрлі жұмыстар бойынша «әлеуметтік баспалдақтың» жарқын үлгісі болып отыр, сол себепті жастарымыз өсудің келешегі қандай болатынын және өз жұмысына қаншалықты күш жұмсай алатынын айқын көре алуы қажет.
Жастардың бастамаларын қағазбастылыққа айналдырмай, жаңа формат ұсыну керек. Жастар батыл түрде бастама көтеруі үшін барлық жұмысты ашық әрі қолжетімді ету маңызды» делінген.
«Қоғамдық келісім» РММ директоры Саттар Мажитов өз сөзінде:
– «Көшбасшы бол!» форумы былтыр «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының қанат қағуына жол ашты. Бір жыл ішінде 25 республикалық іс-шара ұйымдастырдық, бүгін қорытындылаудың сәті туып отыр. Биыл жастар үшін одан да көп қызықты жобалар жасауды қолға алып отырмыз. Оның ішінде әлеуметтік хакатон, «Ауыл әкімі болғым келеді!» жобасы және «Жастар синергиясы» форумы бар.
Осы уақыт аралығында «Жаңғыру жолы» қозғалысының 17 облыстық және қалалық штабы құрылды, қазір оған барлығы 5 мыңға жуық жастар жиналған. Бұл жастарымыздың қарқынды жұмыс істеп жатқандығының, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуының жақсы көрінісі.
Бүгінде жобалардың жұмысын креативті жасауымыз керек және жастарға не қажет екенін түсінген дұрыс. Жастар қозғалысы штабтарының аймақтық бастамаларын дамыту күн тәртібінде тұр. Мысалы, Павлодар облысында «Бірлік. Единство.KZ» этнофорумы шекаралық ынтымақтастықтың тұрақты алаңына айналды. Биыл СҚО-да «Прокачай себя» жобасы іске асты, Қарағандыда студенттердің «Сарыарқа жастары» форумы өтсе, Ақтауда «Ұлы даланың жас көшбасшылары» атты аймақтық форум ұйымдастырылды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ендігі міндеті жастарға компьютерлік технологияларды міңгеруді қолжетімді етуі тиіс. ІТ саласындағы өз жетістіктерін көрсете алған этномәдени бірлестіктердің жастары «Жастар синергиясы – 2019» форумына қатысуға мүмкіндік алады, - деп атап өтті Саттар Мажитов.
«Көшбасшы бол!» жастар жобасы networking форматында өтуде. Бұл жастар қозғалысының дамуына қатысты өзекті мәселелерді бейресми жағдайда талқылауға, жастар саясаты төңірегіндегі жаңа жобаларды іске асыру жолдарын қарастыруға мол мүмкіндік туғызады.
Форум барысында ҚХА «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы төрағасының орынбасары Тимур Жұмырбаев пен «Біз – ресейлікпіз» Ресей халықтары Жастар ассамблеясының төрайымы Дина Громатикополо ынтымақтастықты нығайту туралы құжатқа қол қойды.