Қазақстан ішкі өнімді қашан қолдайды?
Қазақстан ішкі өнімді  қашан қолдайды?
333
оқылды

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Өзбекстан шетелден импортталатын бірқатар шикізат аталымын кедендік төлемдерден босатты. Қазақстандық кәсіпкерлер мен сала мамандары көрші елдегі мемлекеттік қолдау шарасы отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабылетін төмендетеді деп есептейді.

Ділмұхамед Абизов басқаратын Dalatex тігін фабрикасы ерлер жейдесін тігуге маманданған. Кәсіпкердің айтуынша, өзбекстандық тауар өндірушілер мемлекет қолдауына байланысты бағаны өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға түсірген. Ол нарық үшін бәсекеде өзбек әріптестерінің баға саясаты тұтынушыға тартымды көрініп, кәсібінің дамуына кедергі көбеюі мүмкін деп қауіптенеді.

– Шикізатты Түркия мен Қытайдан аламын. Кеденде шикізат үшін 15 пайыз төлем, 12 пайыз қосымша құн салығын төлеймін. Былай қарасаңыз, әлі дайын емес тауардың өзіне 27 пайыз салық өт­кізіп отырмын. Өзбекстан билігі қабыл­да­ған шара кәсіпкерлерді міндетті кеден­дік төлемдерден босатады. Өзбек­стандағы мемлекеттік қолдау конди­терлік өнімдер, жеңіл өнеркәсіп, машина құрастыру сияқты экономиканың бірнеше маңызды саласын қамтып отыр. Кедендік төлемнен босаған өзбекстан­дық тауар өндірушілер бағаға дэмпинг (бағаны төмендету – ред.) жасауға мүмкіндік алады. Олар бағаны өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға арзандатты. Ал біз бұрынғы бағада қалуға мәжбүрміз. Мемлекеттен артық ештеңе сұрап отырған жоқпыз. Тек өзбек кәсіп­керлерімен теңестіретін шаралар қабыл­данғанын қалаймыз, – дейді ол.

Кәсіпкер Өзбекстандағы отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары туралы ерекше қызығушылықпен баян­дайды.

– Бізде алты тері өңдейтін мекеме бар. Бірақ оларда тері тапшылығы байқалады. Бізде малды дұрыс союға басымдық берілмегендіктен, алынған терінің сапасы төмен болады. Сондықтан отандық тауар өндірушілер теріні сырт­тан сатып алады. Қазақстандық кәсіп­керлер импорттала­тын терінің әр тон­насы үшін 200 евродан салық төлейді. Өзбектерде мұндай төлем жоқ. Жақында биылдан бастап Өзбекстан­ның ішкі нарық сұранысы 100 пайыз отан­дық өнім есебінен қанағаттан­ды­ры­лады деген мақала оқыдым. Ішкі нарық меже­сін орындап болған соң, өзбекстан­дық кәсіпкерлер бізге қарай келе береді. Өзбекстанда 17 арнаулы экономикалық аймақ бар. Ол жақта тауар өндірушілер 3 жылдан 15 жылға дейін барлық салық­тан босатылады. Біздегі арнаулы эконо­ми­калық аймақтар жекелеген салаларға ма­манданған болса, оларда арнаулы эконо­микалық аймақтың аясы кең.

Кәсіпкер пікірімен экономист Мақ­сат Халық та келіседі. Оның пікірінше, Қа­зақ­станға да ішкі өнімді қолдау саясаты керек.

– Өзбекстанның бұл қадамы ішкі өндірісті қолдауға бағытталған. Шикі­затқа салынатын баж салығын төмендету түсінікті жағдай. Бірінші кезекте, дайын өнімнің өзіндік құнына бұл шара оңтай­лы әсер етеді. Өзбекстаннан шыққан дайын өнімнің барлығы ертең арзан бағада сатылады. Бұл Қазақстан тауар­ларына белгілі бір деңгейде бәсеке тудыратыны анық. Қазақстанға да ішкі өнімді қолдау саясаты керек, – дейді ол.

Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының президенті Любовь Худова отандық жеңіл өнеркәсіп шикізаттың басым бөлігін шетел­ден алатынын, сондықтан кәсіп­керлерді кедендік төлемдерден босату өндірістің тамырына қан жүгіртуге пайдалы екенін айтады.

– Тоқыма-тігін саласы ішкі нарық сұранысының – 10%, аяқкиім өндірісі 1,5-2% ғана қамтамасыз етеді. Қалға­ны – импорт. Қазақстанның шикізаттық әлеуеті зор болғанына қарамастан, елде өңдеу өнеркәсібі тұралап тұр. Бүгінде біз шикізатты негізінен экспортқа шығара­мыз. Ішкі нарықта бүкіл терінің тек 14 па­­йызы ғана өңделеді. Ресей, Өзбекстан, Пәкістан, Беларусь, Үндістан сияқты ел­дерде теріні өңделмеген күйде экспортқа шығаруға тыйым салынған. Қазақстан мұндай тыйымды 2019 жылдың 1 сәуі­рі­нен бастап қана енгізді. Бұл шара, нәти­же­сінде, енді тері зауыттары толық дең­гей­де жұмыс істей бастайды деп үмітте­не­міз. Жақында Ресей мен Беларусь мем­ле­кеті жартылай фабрикат өнім экс­пор­тын да тоқтатуға шешім қабылдады. Яғни, енді тері тек дайын былғары түрінде ғана шекара асуы керек. Осы өзгерістен кейін Ресей мен Беларусьте бірден аяқкиім өндірісі жанданды. Қазақстандық аяқкиім өндірушілер теріні Ресей, Беларусь, Қытай мен Түркиядан сатып алады. Тігін фаб­рикаларына түсетін мата түгелдей дерлік шетелден импортталады. Одан бөлек, матаны, жүн мен теріні өң­деуге, бояуға қажет химиялық қоспа­лар­дың көбі басқа елдерден тасымалданады. Сондықтан кеден төлемдерін алып тастау тауардың өзіндік құнын төмендетуге ықпал етер еді.

Жеңіл өнеркәсіп мәселесін мемлекет назарына шығаруға талпынып жүрген Любовь Худова ішкі нарықта қазақстан­дық тауар өндірушілерге тең мүмкіндік қалыпастыру керек деп санайды.

– Ішкі нарықта қазақстандық тауар өндірушілерге тең экономикалық жағдай қарастырылмаған. Мысалы, Өзбекстанда жеңіл өнеркәсіп саласы кәсіпкерлері салықтан босатылған. Қырғызстанда да осындай қолдау бар. Қытай жеңілө­нер­кәсіп өнімдеріне субсидия бөледі. Олар нарықты арзан бағамен жаулап алатыны белг­ілі. Бірақ қытайлық тауар өндіруші өні­мін арзан сатқаннан шығынға батпай­ды. Өйткені мемлекеттік субсидия бар. Біздің нарығымызда тауар ай­налымында жүрген елдер кәсіпкерлерге жақсы қолдау көрсетеді. Сондықтан олармен бәсекеге түсу қиын, – дейді ол.

«Өңдеуші өнеркәсіп одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы дирек­торы Әділбек Бектібаевтың пікірінше, отандық өнім қатарын көбейту үшін кәсіпкерлерді белгілі мерзімге барлық салықтан босату керек.

– Өткен аптада Ұлттық экономика министрлігінде кездесу болды. Сонда осы мәселе де көтерілді. Қазір Ұлттық экономика министрлігі аталған мәселені шешу жолдарын ойластырып жатқанға ұқсайды. Менің ойымша, Қазақстанға дәл осы шараны қайталап қолдану керек. Мұнай өңдеу мен металлургия саласын­дағы кәсіпорындарды есепке алмағанда, қалған өңдеуші өнеркәсіптің өзі мем­лекетке қаншама салық төлейді. Бұл салықтардың көлемі өңдеуші өнеркәсіпті қолдауға мемлекет бөлетін қаржымен салыстыруға да келмейді. Сондықтан өңдеуші өнеркәсіпті 5 жылға салықтың барлық түрінен толықтай босату керек деп ойлаймын. Сонда өндірістің дамуына үлкен мүмкіндік туады, – дейді ол.