2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Өзбекстан шетелден импортталатын бірқатар шикізат аталымын кедендік төлемдерден босатты. Қазақстандық кәсіпкерлер мен сала мамандары көрші елдегі мемлекеттік қолдау шарасы отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабылетін төмендетеді деп есептейді.
Ділмұхамед Абизов басқаратын Dalatex тігін фабрикасы ерлер жейдесін тігуге маманданған. Кәсіпкердің айтуынша, өзбекстандық тауар өндірушілер мемлекет қолдауына байланысты бағаны өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға түсірген. Ол нарық үшін бәсекеде өзбек әріптестерінің баға саясаты тұтынушыға тартымды көрініп, кәсібінің дамуына кедергі көбеюі мүмкін деп қауіптенеді.
– Шикізатты Түркия мен Қытайдан аламын. Кеденде шикізат үшін 15 пайыз төлем, 12 пайыз қосымша құн салығын төлеймін. Былай қарасаңыз, әлі дайын емес тауардың өзіне 27 пайыз салық өткізіп отырмын. Өзбекстан билігі қабылдаған шара кәсіпкерлерді міндетті кедендік төлемдерден босатады. Өзбекстандағы мемлекеттік қолдау кондитерлік өнімдер, жеңіл өнеркәсіп, машина құрастыру сияқты экономиканың бірнеше маңызды саласын қамтып отыр. Кедендік төлемнен босаған өзбекстандық тауар өндірушілер бағаға дэмпинг (бағаны төмендету – ред.) жасауға мүмкіндік алады. Олар бағаны өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға арзандатты. Ал біз бұрынғы бағада қалуға мәжбүрміз. Мемлекеттен артық ештеңе сұрап отырған жоқпыз. Тек өзбек кәсіпкерлерімен теңестіретін шаралар қабылданғанын қалаймыз, – дейді ол.
Кәсіпкер Өзбекстандағы отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары туралы ерекше қызығушылықпен баяндайды.
– Бізде алты тері өңдейтін мекеме бар. Бірақ оларда тері тапшылығы байқалады. Бізде малды дұрыс союға басымдық берілмегендіктен, алынған терінің сапасы төмен болады. Сондықтан отандық тауар өндірушілер теріні сырттан сатып алады. Қазақстандық кәсіпкерлер импортталатын терінің әр тоннасы үшін 200 евродан салық төлейді. Өзбектерде мұндай төлем жоқ. Жақында биылдан бастап Өзбекстанның ішкі нарық сұранысы 100 пайыз отандық өнім есебінен қанағаттандырылады деген мақала оқыдым. Ішкі нарық межесін орындап болған соң, өзбекстандық кәсіпкерлер бізге қарай келе береді. Өзбекстанда 17 арнаулы экономикалық аймақ бар. Ол жақта тауар өндірушілер 3 жылдан 15 жылға дейін барлық салықтан босатылады. Біздегі арнаулы экономикалық аймақтар жекелеген салаларға маманданған болса, оларда арнаулы экономикалық аймақтың аясы кең.
Кәсіпкер пікірімен экономист Мақсат Халық та келіседі. Оның пікірінше, Қазақстанға да ішкі өнімді қолдау саясаты керек.
– Өзбекстанның бұл қадамы ішкі өндірісті қолдауға бағытталған. Шикізатқа салынатын баж салығын төмендету түсінікті жағдай. Бірінші кезекте, дайын өнімнің өзіндік құнына бұл шара оңтайлы әсер етеді. Өзбекстаннан шыққан дайын өнімнің барлығы ертең арзан бағада сатылады. Бұл Қазақстан тауарларына белгілі бір деңгейде бәсеке тудыратыны анық. Қазақстанға да ішкі өнімді қолдау саясаты керек, – дейді ол.
Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының президенті Любовь Худова отандық жеңіл өнеркәсіп шикізаттың басым бөлігін шетелден алатынын, сондықтан кәсіпкерлерді кедендік төлемдерден босату өндірістің тамырына қан жүгіртуге пайдалы екенін айтады.
– Тоқыма-тігін саласы ішкі нарық сұранысының – 10%, аяқкиім өндірісі 1,5-2% ғана қамтамасыз етеді. Қалғаны – импорт. Қазақстанның шикізаттық әлеуеті зор болғанына қарамастан, елде өңдеу өнеркәсібі тұралап тұр. Бүгінде біз шикізатты негізінен экспортқа шығарамыз. Ішкі нарықта бүкіл терінің тек 14 пайызы ғана өңделеді. Ресей, Өзбекстан, Пәкістан, Беларусь, Үндістан сияқты елдерде теріні өңделмеген күйде экспортқа шығаруға тыйым салынған. Қазақстан мұндай тыйымды 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап қана енгізді. Бұл шара, нәтижесінде, енді тері зауыттары толық деңгейде жұмыс істей бастайды деп үміттенеміз. Жақында Ресей мен Беларусь мемлекеті жартылай фабрикат өнім экспортын да тоқтатуға шешім қабылдады. Яғни, енді тері тек дайын былғары түрінде ғана шекара асуы керек. Осы өзгерістен кейін Ресей мен Беларусьте бірден аяқкиім өндірісі жанданды. Қазақстандық аяқкиім өндірушілер теріні Ресей, Беларусь, Қытай мен Түркиядан сатып алады. Тігін фабрикаларына түсетін мата түгелдей дерлік шетелден импортталады. Одан бөлек, матаны, жүн мен теріні өңдеуге, бояуға қажет химиялық қоспалардың көбі басқа елдерден тасымалданады. Сондықтан кеден төлемдерін алып тастау тауардың өзіндік құнын төмендетуге ықпал етер еді.
Жеңіл өнеркәсіп мәселесін мемлекет назарына шығаруға талпынып жүрген Любовь Худова ішкі нарықта қазақстандық тауар өндірушілерге тең мүмкіндік қалыпастыру керек деп санайды.
– Ішкі нарықта қазақстандық тауар өндірушілерге тең экономикалық жағдай қарастырылмаған. Мысалы, Өзбекстанда жеңіл өнеркәсіп саласы кәсіпкерлері салықтан босатылған. Қырғызстанда да осындай қолдау бар. Қытай жеңілөнеркәсіп өнімдеріне субсидия бөледі. Олар нарықты арзан бағамен жаулап алатыны белгілі. Бірақ қытайлық тауар өндіруші өнімін арзан сатқаннан шығынға батпайды. Өйткені мемлекеттік субсидия бар. Біздің нарығымызда тауар айналымында жүрген елдер кәсіпкерлерге жақсы қолдау көрсетеді. Сондықтан олармен бәсекеге түсу қиын, – дейді ол.
«Өңдеуші өнеркәсіп одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Әділбек Бектібаевтың пікірінше, отандық өнім қатарын көбейту үшін кәсіпкерлерді белгілі мерзімге барлық салықтан босату керек.
– Өткен аптада Ұлттық экономика министрлігінде кездесу болды. Сонда осы мәселе де көтерілді. Қазір Ұлттық экономика министрлігі аталған мәселені шешу жолдарын ойластырып жатқанға ұқсайды. Менің ойымша, Қазақстанға дәл осы шараны қайталап қолдану керек. Мұнай өңдеу мен металлургия саласындағы кәсіпорындарды есепке алмағанда, қалған өңдеуші өнеркәсіптің өзі мемлекетке қаншама салық төлейді. Бұл салықтардың көлемі өңдеуші өнеркәсіпті қолдауға мемлекет бөлетін қаржымен салыстыруға да келмейді. Сондықтан өңдеуші өнеркәсіпті 5 жылға салықтың барлық түрінен толықтай босату керек деп ойлаймын. Сонда өндірістің дамуына үлкен мүмкіндік туады, – дейді ол.