Шеберлік сағаттарын өтеді
Шеберлік сағаттарын өтеді
363
оқылды

Алматыда 22 мамырдан бастап өтетін XVI Еура­зия­лық медиа форум аясында 7 авторлық шеберлік сағаты мен өңірлік интеграция тақырыбында дөңгелек үстел өтеді. Форумға шақырылған шетелдік спикерлер журналистика­ның жаңа құралдары туралы сөз қозғап, продюсерлік өнер жөнінде түсіндіреді. Сондай-ақ шара барысында халықаралық Global Youth and News Media Prize сыйлығын табыстау рәсімі өтеді.

Форумның бірінші күні ха­лықаралық сарапшылар қатысу­шыларға шеберлік сағаттарын өтеді. Шеберлік сыныптары Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жоба­ларды дамыту қорының қолда­уымен ұйымдастырылып отыр. Бағдарлама шымылдығын News-Decoder жастарға арналған жа­ңалықтар қызметінің негізін са­лушы Нельсон Грейвс (Франция) «Экологиялық журналистика» тақырыбымен ашады. Авторлық жобасына дейін Нельсон ширек ғасыр бойы Reuters ақпараттық агенттігінде тілші, өңірлік бас­қа­рушы редактор болған. Ол эко­ло­гиялық мәселелерді қалай көтеру керек, қандай тақырыптар өзекті деген сауалдарға жауап береді.

«Әл-Жазира» телекомпаниясы құрамындағы Contrast агенттігінің жетекшісі Захра Расул (Үндістан) виртуалды шынайылық видео­ларының көмегімен репортаж жасау жолдарын үйретеді. Ре­сейлік ки­нематограф Сергей Бодров қаты­сушылар назарын продюсерлік өнер мен кино түсірудің қиын­дығына аударып, сапалы туын­дылардың құпия­сымен бөліседі.

Форум бағдарламасында бри­тандық тәуелсіз журналист Джен­ни Климан да бар. Ол Times, Guardian weekend, Sunday Times, Vice журналдарымен жұмыс іс­тейді. Климан дәрісінде оқырман­ның жүрегіне жол табатын тақы­рыптар ұсыну, өз еңбегіңді ла­йықты бағалап, жұмыс берушіге тиімді шарттармен сата білу тәсілдері туралы тыңдауға болады.

ТАСС редакциясынан келген Григорий Дукор сәтті фотомен бүкіл бір оқиға туралы ақпарат берудің амалын айтып, «Фото­журналист құпиясымен» бөліседі. 30 жылдан астам фотограф болып жұмыс істеген Дукор әлемнің 11 сағат белдеуінде болған саяси, әскери қақтығыстар мен мәдени, спорттық, іскерлік шараларды объективке түсірген.

Мобильді журналистика ту­ралы медиадисциплина бо­йынша оқытушы, продюсер Иво Бурума әңгімелейді. Австра­лия­лық жур­налист үздік сценарист, режиссер және атқарушы продюсер атанып, прайм-таймда шығатын танымал телевизиялық бағдарламалар жасаған.

Телевизия мен цифрлық ме­диаға контент дайындау бойынша сапалы дәрістерді Бірінші арна мектебінің жетекшісі, «ТВ-ға қалай шығуға болады?» бестсел­лерінің авторы Елена Афанасьева жалғай­ды. Елена елдегі аудито­рияның 99%-ын қамтитын феде­ралды ар­нада креативті жоспар­лауға жауап береді. Ол шеберлік сағатта аясында телевизиядағы жұмыста жиған тәжірибесімен бөліседі.

Шеберлік сыныптарымен қатар форумның бірінші күні «Орталық Азиядағы өңірлік инте­грация» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді. Дөңгелек үстелде 2019 жылы Орталық Азияны қан­дай сын-қатерлер күтіп тұрғаны, болашақ жобалардың әлеуеті, өзара ықпалдастық мәсе­лелері ор­таға салынады. Негізгі тақы­рып­тарды талқылауға ВВС-дің парсы қызметінің бұрынғы жетек­шісі Андрес Иль­вес, эко­номика ғылымдарының докторы Мария Валовая, Ресей, Шығыс Еуропа, Орталық Азия мен Қытайды зерттеу институ­ты­ның директоры Сунь Чжуанчжи, ҚР Президенті кеңесшісі Ерлан Қарин қатысады. Шараға Түр­кіменстан, Қырғыз­стан мен Біріккен Араб әмірлік­терінен келген қонақтар да бар.

XVI Еуразиялық медиа фо­рум Алматыда 22-24 мамыр ара­лы­ғында Алматыда өтеді. Форумға биыл «Бүгінгі әлем: Шынайылық трансформациясы ма?» атауы таңдалған.


Кәусар АХМЕТ