Нұр-Сұлтан іргесіндегі Қосшының халқы жарыққа қашан жаритыны белгілі болды   
Нұр-Сұлтан іргесіндегі Қосшының халқы жарыққа қашан жаритыны белгілі болды   
Фото: Интернеттен алынды
269
оқылды
Ақмола облысы Целиноград ауданы Қосшы ауылындағы апат электр желісінің 95 пайызы тозғаннан болған. Ақмола облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасының хабарлауынша, апат Қосшы ауылының «Лесная поляна» ықшамауданында «Солтүстік» қосалқы станциясынан бастап, 3-інші Таратқыш трансформаторлы қосалқы станциясына дейінгі 10 кВ кабель желісінде болған. Сәуірдің 22-нен 23-не қараған түні жергілікті коммуналдық қызметтердің күшімен кабель желісінің апат болған тұсы анықталып, бүлінген кабель ауыстырылды. Сәуірдің 23-де түнгі сағат 02:10-да штаттан тыс жағдай реттеліп, «Лесная поляна» ықшамауданы мен жеке секторлардағы тұрғын үйлерге жарық берілді. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасынан атап өткендей, аталмыш аумақта электрмен жабдықтау жүйесінің қалыпты жұмыс істеуі үшін кабель желісіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. «Осы мақсатта өткен жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Электрмен жабдықтау желісінің тозғандығы ескеріліп, тамыз айында аяқтау жоспарланған құрылыс-монтаждау жұмыстары мамыр айына ауыстырылды. Бұл жобаны жүзеге асыру Қосшы ауылындағы «Лесная поляна» ықшамауданының тұрғындарын үздіксіз электр жарығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді басқарма басшысы Иван Юрченко. Бұған дейін Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің 4 күн бойы жарықсыз отырған елді мекеннің мәселесін қадағалайтынын жазған болатынбыз.