Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ) Қазақстанда балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа жол бермеуді насихаттау мақсатында ата-аналар арасында әлеуметтік тәжірибе өткізді.
Науқанның промоутері болып театр актрисасы әрі екі баланың анасы Анастасия Тарасова ойнады. Ол көшеде өтіп бара жатқан адамдарға белбеу, тәпішке және өзге де «тәрбиелеу құралдарын» сатып алуды ұсыну кезінде олардың «артықшылықтарын» айтып, сендіруге тырысты. «Мына былғарыдан жасалған белбеу арқылы балаңызды тәрбиелесеңіз, көп ұзамай бала тілалғыш болады», – деді. Жасы кіші балалардың ата- аналарына актриса тәпішке ұсынса, ал жылауық немесе көп сөйлейтін балалар үшін скотч сатып алуға кеңес берді.
Мұндай эксперименттің мақсаты – балаларға зорлық-зомбылық және қатыгез қарау мәселесіне назар аудару. 2016 жылғы зерттеу мәліметтері бойынша, Қазақстанда ересектердің жартысынан көбі балаларды жазалап, күш қолданатындары анықталды. Алайда әлеуметтік зерттеу көптеген ата-аналардың бала тәрбиесіне алаңдаушылық білдіретіндерін жеткізіп, позитивті тәрбиені қолдайтындарын көрсетті. «Мен бұл заттардың бәрін өртеп жіберуді ұсынамын», – деді экспериментке қатысушылардың бірі.
«Белбеумен ұрып-соғу баланың денесіне ғана емес, оның жан дүниесіне де дақ қалдырады. 10 жағдайдың барлығында дерлік сіз келешекте көптеген ауруға шалдыққан әрі қорқақ баланың өсетініне назар аударыңыз», – деді Анастасия Тарасова. Ата-аналар да бұл пікірмен келісті. Бұл деректі балаларға қатысты зорлық-зомбылық салдарын көп жыл бойы зерттеген медициналық зерттеу нәтижелері де дәлелдейді.
– Өкінішке қарай, көптеген ересектер зорлық-зомбылықты тәртіпке салумен шатастырады. Балалармен қатал қарым-қатынас олар керісінше өздерін барынша қауіпсіз сезінуі тиіс жерде, яғни отбасында кездеседі, – деп түсіндірді ЮНИСЕФ-тің балалар құқығын қорғау жөніндегі бағдарламалардың үйлестірушісі Айсұлу Бекмұса.
«Біз бұл әлеуметтік экспериментті ата-аналарға балаларды жазаламай тәрбиелеу маңызды және мүмкін екендігін көрсету мақсатында өткіздік. Сондай-ақ осы ауқымды мәселеге қоғамның назарын аудару арқылы балалық шақты сақтап қалғымыз келді» дейді ол.
Сарапшылардың айтуынша, балаларға қатысты күш қолданудың кез келген түрі өсіп келе жатқан баланың миына зақым келтіреді. Зорлық-зомбылықтың салдары жылдар өткен соң байқалып, ересек өмірде адамның физикалық, эмоционалдық және психикалық денсаулығына кері әсерін тигізеді.
ЮНИСЕФ-тің 2010 жылдан 2016 жылға дейінгі Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен бірге жүргізген зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда ересектердің шамамен 75 пайызы отбасыдағы балалардың жүріс-тұрысын бақылау үшін дене жазалауын қолдайтыны, ал ата-аналардың 67 пайызы бала тәрбиелеуде зорлық-зомбылық түрлерін қолданатыны анықталды.
Елімізде «111» және «150» балаларға арналған екі ұлттық жедел желі бар. Олар балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайларын тіркейді және инстанциялар бойынша табыстайды. Алайда анықтау, хабарлау, тіркеу және үн қату механизмдері жеткіліксіз дәрежеде дамыған. Коммуникациялық науқан балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша қолданылатын реформаларды қолдайды. Ата-аналардың, балалармен жұмыс істейтін мамандардың балаларды жағымды әдіспен тәрбиелеуіне жағдай жасайды.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ