Қазақ тілін қалай оқыту керек?
Қазақ тілін қалай оқыту керек?
629
оқылды

Назарбаев университеті Қазақ тілі және түркітану депар­таменті мен Қазақ тілі оқытушыларының халықаралық бір­лестігі Қазақстанның жоғары оқу орындары мен Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі оқытушыларына арналған семинар-тренинг өткізді.

Аталған шараның мақса­ты – қазақ тілін оқыту әдісте­месін же­тілдіру мақсатында қазақстандық және шетелдік мамандардың өзара тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету, интеграциялық жолмен жаңа оқыту технологияларын мең­геру. Қазір қазақ тілін заманауи әдіспен оқыту мәселесі қолға алынып жатыр. Бұл білім алу­шылардың қазақ тілін еркін әрі тез меңгеруіне ықпал етеді. Мәселен, аталған семинар-тренингте тіл мамандары «Қа­зақ тілін оқытудың креативті жолдары: кино-коучинг, брен­динг, аффирмация», «Қазақ тілін музыка арқылы оқыту», «Тілді формативті негізде дамыту үшін Google Drive пен Peergrade бағдарламаларын қолдану», «EdTech арқылы тілді оқыту құралдарын жетіл­діру» атты тың тақырыптарда дәріс оқыды.

Қазақ тілі оқытушылары­ның өзара тәжірибе-пікір ал­масып, халықаралық тәжіри­белермен бөлісу мақсатында өткізілген шара биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр.

«Бұл халықаралық се­минар-тренинг болғандықтан, еліміздің жоғары оқу орын­дарында қазақ тілін үйрету, оқыту бойынша жүр­гізіліп жатқан жұмыстармен таны­сып, тәжірибе алмасамыз. Со­ны­мен қатар халықаралық деңгейдегі мамандарды ша­қырып, әлемде тіл оқыту бағ­дарламалары қалай жүр­гізіліп жатқанын, қандай жаңа тех­но­логиялар қолданыста екенін, қазақ тілін оқытуда қандай әдісте­ме керек екенін негізге ала отырып, жұмыс істейміз. Алғашында жоғары оқу орындарының оқыту­шыла­рымен ғана жұмыс істейміз деп ойлаған едік. Сұраныс көп бол­ғандықтан, мектеп мұға­лім­дері де қатарымызға қосы­лып отыр.

Семинар-тренингте Назарбаев университетімен қоса, КИМЭП, М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЮУ, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемле­кеттік университетінің ма­ман­дары дәріс оқып, тәжірибесі­мен бөлісті. Көп жоғары оқу орын­дарын қарасаңыз, қазақ тілін негізгі мамандық ретінде емес, қолданыстағы ғылым тілі ретінде бағалайды. Мысалы, Назарбаев университетінде қазақ тіліне қа­тысты мамандық жоқ. Алайда біз барлық маман­дықпен жұмыс істейтін депар­таментпіз. Қазақ тілін әдіс­темелік тұрғыда ғана емес, сонымен бірге, тіліміздің ғы­лыми өрісін кеңейтуге де ба­сым­дық беріп отырмыз. Осы орайда еліміздегі және шетел­дік маман­дар­мен бірлесіп жұмыс істеп жа­тыр­мыз» – дей­ді Қазақ тілі оқыту­шы­ларының халықаралық бірлес­тігінің пре­зиденті, филология ғы­лым­­дарының докторы, про­фес­сор Эльмира Нұрланқызы.

Семинар-тренингке елі­міздің әр өңірінен келген оқытушылардың алған әсері ерекше. Білім қорын молай­тып, жаңа әдістерді меңгер­ген оқытушылар жаңа оқу жылына жаңа қарқынмен аяқ баспақ.

«Жиындардан байқай­тыным, оқытушылар көбіне теорияға баса мән беріп кетеді. Әрине, ғылыммен айналысқан адамға өз саласы ту­ралы айт­қан жеңіл. Алайда ол прак­тикалық тұрғыда қалай жүзеге асады? Адамға қандай пайдалы жағы бар? Бір жарым сағат бойы біреудің ғылыми жұмы­сын тыңдап отырған маған оның қандай кө­мегі, пайдасы тиеді? Демек, теория практи­калық тұрғыда жүзеге аспа­са, оның қажеті жоқ. Уақытты өлтірдіңіз деген сөз.

Біздегі тренерлердің ұнай­тын тұсы – теорияны қалай практикаға айналдыру кере­гіне, іс жүзінде қолдануға үйрететіні. Қазір қазақ тілін креативті жолмен үйрету қол­ға алынып жатыр. Еліміздегі өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде сөй­лесе, аспанға көтереміз. Ше­телде ол таңсық нәрсе емес. Жақсы үй­ре­ніпсің, тама­ша деп айтады, бол­ды. Біз де тілімізді жан-жақты, за­ман талабына сай дамытуымыз керек», – дейді М.Нәрікбаев атын­дағы ҚазГЮУ универ­си­теті Қазақ және орыс тілдері депар­та­ментінің доценті, филология ғы­лымда­рының кандидаты Ажар Зекенова.

Еске сала кетейік, Тәуел­сіз­­діктің 25 жылдық мерей­тойына орай, Назарбаев университетінде өткізілген «Мәңгілік елдің мәңгілік тілі» атты халықаралық симпозиум жұмысы нәтижесінде құрылған Қазақ тілі оқытушыларының ха­лықаралық бірлестігі мемле­кеттік емес қоғамдық ұйым. Бірлестіктің мақсаты – қазақ тілі мәселелерінің ғылыми-теориялық, педагоги­калық қорын нығайту және тарату, әлемдегі тілдік білім берудің үздік тәжірибелерімен танысу мүм­кіндігін қамтамасыз ету.


Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ