Биыл соңғы қоңырау салтанаты Рамазан айына орай келіп отыр. Қасиетті Рамазан айында жасаған әрбір жақсылық сауапты іске ұласатынын көңілге түйген мектеп түлектері мектеп бітіру кешін шығынсыз өткізіп, сауапты іс жасауды қолға алды.
Түлектер мектеп бітіру кешінен, қымбат көлік пен киімнен бас тартып, құрдастарын игі іс жасауға шақырып отыр. Тараз қаласында 60 орта мектеп болса, соның 20-сының түлектері салтанатты кештерден бас тартты. Атап айтқанда, облыс орталығындағы №3, 4, 8, 10, 11, 16, 17, 20, 22, 23, 25, 27, 29, 34, 35, 37, 40, 57, 59, 60 мектеп түлектері үндеу тастап, бірін-бірі қолдай кетті.
– Осы шараны ауқымды етіп, көпшілікке насихаттау барысында «Көне Тараз» кешенінде «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы аясында қалалық білім бөлімі мен «Адал ұрпақ» клубтарының ұйымдастыруымен мектеп бітіруші түлектер арасында «Шығынсыз кеш» атты акция өтті.
Шараға қатысушылар облысымыздың барлық мектебін аталған акцияға қолдау білдіруге шақырып, үндеу тастап отыр. Түлектер қаржыны әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылар мен мүгедек жандарға жұмсауды мұрат еткен. Сондай-ақ бұл бастамаға аудан мектептерінің түлектері де үн қосуда, –дейді Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбәрәк Жинақбаева.