Жүйелі жұмыс – ортақ игілік
Жүйелі жұмыс – ортақ игілік
5,359
оқылды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевты қабылдады. Кездесуде Қазақстанның Тұңғыш Президентіне «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларды түсіндіру жөніндегі үкіметтік жұмыс тобының қызметі туралы мәлімделді.

Нұрсұлтан Назарбаев Бердібек Сапар­баевтың министрлік алдына қойылған міндеттерді шешу үшін қажетті мол тәжірибе мен басқару машығына ие екенін атап өтті.

– Тәжірибеңіз көп. Маңызды жұмыс­тарды атқардыңыз. Үш облысты басқар­дыңыз. Жақсы жұмыс істедіңіз. Көп сала бойынша Ақтөбе облысының көрсет­кіш­терін көтердіңіз. Сіз министрлікке осы саладағы жұмыстарды жақсарту үшін тағайындалдыңыз. Тәжірибелі азамат керек болды. Халқымыздың игі­лігі үшін белгіленген мәселелердің бәрін шешу қажет, – деді Елбасы.

Бердібек Сапарбаев Н.Назарбаевқа қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін көтеруге бағытталған жаңа әлеуметтік ша­раларды жүзеге асыру үшін министр­лік тарапынан атқарылып жатқан жұ­мыс­тар жөнінде әңгімеледі.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті мұқтаж адамдарға көмек көрсету үдерісін жүйелендірудің және оған тиісті бақылау жасаудың қажетін нықтады.

– Қазір әлеуметтік салаға бөлінетін қа­ражат мемлекет табысының жарты­сына жуығын құрайды. Барлық жұмысты жүйелендіру қажет. Ең алдымен, азамат­тарымыз жұмыс орындарымен қамтылуы тиіс. Әрине, белгілі бір жағдайларға бай­ланысты жұмыс істей алмайтындар бар. Біз соларға көмектесуге тиіспіз, – деді Елбасы.

Сонымен қатар Б.Сапарбаев өңір­лер­де тұрғын үй мәселелерін шешу және ерек­ше қамқорлыққа мұқтаж адамдарға қол­дау көрсету бағытында атқарылып жат­қан жұмыстар туралы баяндады. Ми­нистр бизнестің әлеуметтік жауап­кер­ші­лігі қағидатын жүзеге асыру аясында кә­сіпкерлермен бірге қолға алынып жат­қан шаралар туралы әңгімеледі. Бердібек Сапарбаев сондай-ақ көші-қон және көпбалалы отбасылар мен орал­мандарды қолдау мәселелеріне тоқталды.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев ми­нистрлік жүргізіп жатқан жұмыстардың маңызына екпін түсіре келе, қойыл­ған мін­­деттерді тиімді шешу қа­жет­ін атап өтті.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті сон­дай-ақ жас композитор Рахат-Би Әбдісағынды қабылдады. Кездесу бары­сында Елбасына дарынды композитор, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» байқауы­ның жеңімпаздарының бірі өзінің «Күн сәулесімен нұрланған жол» атты жаңа операсын таныстыр-ды.

Музыкалық туынды тәуелсіз Қазақ­станның қалыптасуы мен дамуы тари­хына арналатын болады.

Нұрсұлтан Назарбаев Р.Әбдісағынға шығармашылық табыс және жаңа жетістіктер тіледі.