Даланың түгі – жәннаттың рәмізі
Даланың түгі –  жәннаттың  рәмізі
515
оқылды

Қазақта «Бәйтерек» киелі ұғымға айналған. Ал жусанның бұрқыраған хош иісі ауылда өскен азаматтарда алыста қалған балалық шақты еске түсірері сөзсіз. Бұл даланың әр өсімдігі – қазаққа дәрі. Алайда Ұлы дала жалаңаштанып барады. Аялап, сақтамасақ, кейінгі замандарда қазақ жері түгі қырқылған көн тулақ тәрізденуі ғажап емес.

Қолдағы ғылыми мәліметтер бойынша дүниежүзінде өсімдіктер дүниесінің 21%-ы әртүрлі себептермен, бірінші кезекте, табиғатты, жерді қарқынды әрі тиімсіз пайдалану кесірінен құрып кету қаупі алдында тұр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, Қазақстанда үлкен тамырлы өсімдіктердің шамамен 6 мың түрі, саңырауқұлақтардың 4 850 түрі, балдырдың 2 мыңдай түрі, мүк және қынаның 1 мың түрі өседі. Алайда өсімдіктердің 387 түрі «сирек немесе құру қаупі төнген» ретінде «Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына» енген. Бұл ретте «қызылкітаптық» шөп, ағаш, бұта және басқасының саны тек көбейе береді деп болжануда.

Мамандардың түсіндіруінше, республика өсімдіктерінің деградацияға ұшырауына және түрлік алуандығының қысқаруына түрткі болып отырған факторлар өте көп, басты себептерінің бірқатарына тоқталсақ, арасында табиғи өсімдіктер ресурсын теңгерімсіз пайдалану; олардың өскен ортасын күйрету; адамдар қолымен егілген, табысы мол, бірақ қазақ жері үшін бөтен өсімдік түрлері мен дақылдардың жергілікті өсімдіктерді ығыстыруы аталады.

Нәтижесінде, бұл табиғи экологиялық жүйелердің құл­дырауына және өсімдік түрлерінің қайтарымсыз жоғалуына әкеліп соғады.

Әрине, мемлекет осы мәселеде қамсыз отырған жоқ. Бүгінде «Өсімдіктер дүниесі туралы» жеке әрі жаңа заң жобасы пы­сықталып жатыр. Бұл құжат – өсімдік бойынша биоалуан­түрлілікті сақтау, осы табиғи ресурсты ұтымды пайдалану және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін экономикалық, әлеуметтік, ұйымдастырушылық және басқа да шарттар жасау үшін өсімдіктер дүниесін қорғау мен пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін болады.

Жер түгінің жауы көп. Соның көбі адамнан келеді. Қазір қазақ даласының басым бөлігінде жер тоңы еріп, өсімдік атаулы буырқана бой көтеруде. Алда аптап ыстық келеді. Ендеше, жақында кең дала мен ну орманда «тілсіз жау маусымы» басталады деген сөз. Оның алапат ауқым алмауы – қазақстандықтардың жауапкершілігіне де байланысты. Демек, мектеп қабырғасынан құлаққа құйы­латын, далада өрттің шығуының алдын алатын қағидаларды қайта еске түсіретін кез жетті.

Отанға деген махаббатқа оның әр өсімдігіне сүйіс­пеншілікпен қарау да кіретінін ұмытпаған жөн.

 

Елдос СЕНБАЙ