Азық-түлік қауіпсіздігін талқылады
Азық-түлік қауіпсіздігін талқылады
5,364
оқылды

Президентікке үміткер Төлеутай Рақымбековтің Республикалық қоғамдық штабы Павлодар өңірі тұрғындарымен кездесіп, кандидат бағдар­ламасындағы азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін талқылады.

Үміткердің сайлауалды бағдарламасында азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше мән берілген. Әсіресе, шеттен келетін тауарлардың сапасына қатысты сұрақ көп. Сондықтан отандық шаруа қожалықтарына барынша қолдау көрсетіп, өндірісін жандандыра түсу керек деп есептейді үміткердің сенімді өкілдері.

«Біздің негізгі мақсатымыз – атадан келе жатқан кәсіпті өндірістік жолға қою. Егер ел азаматтары өз өнімімізді өндірсе, экономика өркендемек. Бұл бағыттағы әлеуетіміз ешбір елден кем емес. Әсіресе, ұлттық тағамдарды өндірудің ғасырлардан бері келе жатқан дәстүрі мен қалыптасқан технологиясы бар. Ең бастысы – ата-ба­бамыздан қалған үрдісті жаңа тех­ноло­гиялармен ұштастырып, өнім сапасын жақсартып, өнімділікті арттыра білу», – дейді Республикалық қоғамдық штаб төрағасы Әли Бектаев.

«Сағып» шаруа қожалығы күніне жүздеген литр қымыз өндіріп, көрші өңірлерді дайын өніммен қамтамасыз етеді. Тіпті экспортқа шығаруды да бір жолға қойған. Енді өндіріс әлеуетін одан сайын арттыруды көздеп отыр.

«Мақсатым – қымызды әлемге таныту. Ерінбей еңбек етсе, кез келген жоспарды жүзеге асыруға болады. Оның бір белгісі – менің қымызым да, құртым да Duty Free-де сатылып жатыр», – дейді «Сағып» шаруа қожалығының жетекшісі Төлеу Құшманова.

«Ауыл мәселесі – елдің мәселесі. Сондықтан ауыл инфрақұрылымына, шаруашылығына және әлеуметтік жағдайына қатысты мәселелер шұғыл шешімін табу керек. Сонда ғана ел эко­но­микасы алға жылжиды», – деді Әли Бектаев.

 

Айдана БЕГІМ