Шығыс Қазақстанға Қытайдан 14 тонна медициналық бұйымдар жеткізілді
Шығыс Қазақстанға Қытайдан 14 тонна медициналық бұйымдар жеткізілді
207
оқылды
Кеше сағат кешкі 18.20-да медициналық бұйымдар тиелген 14 тонна жүк Қытай Халық Республикасынан Өскемен әуежайына жеткізілді. Атап айтқанда, 100 мың экспресс-тест, 18 мың қорғаныш костюмдері, 80 мың респиратор және 10 мың дана COVID-19-ға қарсы медициналық қорғаныс бетпердесі, экрандар мен көзілдіріктер бар. Осылайша, облыстың барлық инфекциялық, провизорлық және обсервациялық стационарларының қажеттілігі толығымен қамтамасыз етіледі. Экспресс-тестілеуден алдымен КВИ-мен күресте алдыңғы шепте жүрген адамдар өтеді. Олар медицина қызметкерлері, құқық қорғау және санитарлық-эпидемиологиялық органдардың қызметкерлері. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов хабарлағандай, медициналық тауарлар мен арнайы құралдарды сатып алу және тасымалдау «Парыз» қоғамдық қоры есебінен қаржыландырылды. Тауарларды қысқа мерзім ішінде сатып алу қытайлық серіктес – Синьцзяндық «Сан Бао» сауда-өнеркәсіптік корпорациясы ЖШС-нің арқасында мүмкін болды. Айта кетейік, компания ШҚО тұрғындары үшін өз есебінен 10 млн теңгеден астам сомаға қосымша Alena-310 маркалы 2200 қорғаныш бетпердесін, сондай-ақ 200 мың дана қан алу үшін бір реттік инелер мен градуирленген дәрі тамызғыштарды (пипеткалар) жіберді. «Сан Бао» корпорациясының басшылығы өз кезегінде Қазақстан халқына мықты денсаулық және тез арада пандемияны жеңуін тілейтінін де жеткізді. – Елбасы үндеуіне сәйкес және ел Президентінің тапсырмасын орындау аясында біздің облыс қысқа мерзімде қытайлық әріптестермен ынтымақтастықта қажетті медициналық құралдар мен тауарлар сатып алды. Бұл біздің жерлестеріміздің денсаулығы мен өмірін сақтау үшін алдыңғы шепте жұмыс істеп жүрген медициналық және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарын COVID-19-дан қорғау құралдарының қорын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті аймақ басшысы Даниал Ахметов. Өскеменге жеткен тауарларды тиеп жөнелтуге Nur Otan еріктілері де белсенді түрде қатысты. Облыстың қалалары мен аудандарына әрі қарай бөлу үшін медициналық бұйымдар облыстағы Жұмылдыру дайындығы басқармасының қоймасына жеткізілді.

Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан.