Тұрғын үймен қамтамасыз етеді
Тұрғын үймен қамтамасыз етеді
515
оқылды

Nur Otan партиясының «Бақытты отбасы» және «Халыққа көмек» жобалары арқылы қазақстандық аз қамтылған және әлеумет­тік жағдайы төмен отбасы­лар­дың әл-ауқатын артты­ру – күн тәртібіндегі басты міндеттердің бірі. Бүгінде бұл екі бағдарлама аясын­да еліміздің барлық өңі­рінде көпбалалы және аз қамтыл­ған отбасыларға әлеуметтік көмек көрсеті­луде. Жобаларды жүзеге асыру аясында партия би­лікпен, үкіметтік емес ұйымдармен, бизнес қауым­дастығымен тығыз жұмыс істеу қажетін алға тартады.

Биылдан бастап Ал­маты облы­сында 600-ден астам табысы аз және көпбалалы отба­сын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл ту­ралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың жетек­шілігімен өткен облыстық мәс­лихаттың XXXXVII сессиясында айтылды.

Сессияның күн тәртібінде 2018 жыл­ғы 13 желтоқсандағы «Ал­маты облысының 2019-2021 жыл­дарға арналған облыстық бюджеті туралы» №38-211 об­лыс­тық мәсли­хаттың ше­ші­міне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралды. Сондай-ақ жиында об­лыстың бірқатар комис­сияның құрамы бекітіліп, облыстық мәс­лихаттың кезекті отырысының төрағасы сайланды.

Басқосуда облыстық эконо­мика және бюджеттік жоспарлау басқар­масының басшысы Жо­март Әмір­ханов баяндама жаса­ды. Өз кезегінде ол 2019 жылға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу туралы шешім­нің жобасын ұсынды.

Өңірлік қаржы басқарма­сы­ның басшысы Данияр Әлімбаев­тың 2018 жылға арналған об­лыстық бюд­жеттің орындалуы туралы жылдық есебі тыңдалып, бюджетті пайдалану деңгейі тал­данды. Аталған тақырып бо­йынша облыстық Ішкі аудит ко­миссиясының төрағасы Мейрам Мұсаев пен Алматы облысының мәслихат депутаты Қанатхан Нүсіпов баяндама жасады.

Кездесуде партияның 2030 жылға дейінгі бағдарлама­сының негізінде Nur Otan пар­тия­сының XVIII съезінде қабыл­данған «Әлеуметтік қамсыздан­дыру: онжылдықтың 10 мақсаты» атты бағдарламасы әрбір қазақ­стан­дықтың өмір сүру деңгейін сапалы арттыру екені айтылды. Сондай-ақ жыл басынан бері облыста 60 отбасыға тұрғын үй мәселесі бойынша көмек көрсетілгені сөз болды.

Айта кетейік, қосымша нысаналы транс­ферт­тер республикалық бюд­жеттен бө­лінбек. Облыстағы 7 аудан орталығы «Ауыл – ел бе­сігі» бағдар­ламасының жобала­рына енгізіліп, Тал­дықорғанда қосымша тұрғын үй құрылысы басталды. Ал­дағы уақытта аудан орталықтарында спорт, білім, денсаулық сақтау нысан­дары салы­нып, су және жылумен жаб­дықтау жүйелері құрылмақ.


А.ЖАСАНҰЛЫ