Жанар Досымова – мемлекеттік қолдауға кәсіп құрған көп азаматтың бірі. Жасы – 31-де. Полиграфиялық өнімдер шығаратын Shanyrak media компаниясына керек жабдықтарды «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша алған. 2018 жылы аталған бағдарлама аясында өндірістік аумақты жалдауға мемлекеттік субсидияға қол жеткізген. Отандық полиграфияның дамуына үлес қосып жүрген жас кәсіпкердің бизнеске келу жолы да өзгелерге ұқсамайды. Өзінің айтуынша, оқу ақысын төлейтін ата-анасына артық салмақ салмас үшін, студент кезінен жұмысқа араласып, университет бітіргенде жаңа кәсіптің тізгінін ұстаған. Жанар Досымова бұрын қосымша табыс көзі болған полиграфия саласының қыр-сырын меңгеруді қатардағы жұмысшы болудан бастағанын, бизнес серіктесін де сол уақытта тапқанын айтады. Жақында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Іскерлік байланыстар» бағдарламасы бойынша Германияға барып, тағылымдамадан өткен Жанар бұл сапардан алған әсерімен былай бөлісті:
– Бизнес тағылымдамаға іріктеу Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Қатысушылар таңдалып, оқыту жұмыстары үйлестірілген бірінші кезеңнен кейін, Германияға жол жүрдік. Тағылымдама барысында Германияның өндіріс орындарын араладық. Бұл сапар неміс тауар өндірушілерімен байланысты нығайтуға, мол тәжірибе жинауға үлкен мүмкіндік берді.
Жанар Досымова осы сапардан кейін кәсібін жаңа бағытта дамытуға бел байлаған.
– Интернеттің қарқынды дамуымен, жарнаманың негізгі бөлігі желі арқылы жүзеге асып отыр. Бұл тұста полиграфияға деген сұраныс төмендейді. Сондықтан өзіміз үшін жаңа саланы игеруге күш салып көрмекпіз. Полиэтилен пакеттердің экологияға зардабы тек Қазақстанға емес, бүкіл әлемге қауіп төндіріп отырғаны белгілі. Сондықтан елімізде полиэтилен пакеттердің орнына қағаз қаптамаларды қолданысқа енгізу жоспарымызда бар. Қазір толық жазылған жобамызды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына өткіздік. Жобаны жүзеге асыруға «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдаумен несие алғымыз келеді, – дейді ол.
Жанар Досымова әлеуметтік кәсіпкерліктен де алыс емес. Ол қағаз қаптамалар шығаруға маманданатын жаңа жобасына мүмкіндігі шектеулі жастарды тартқысы келеді. «Мақсатым – мүгедек жандарға мүмкін емес дүние болмайтынын көрсетіп, олардың тұлғалық дамуына, өмірден өз орнын табуына көмектесу», – дейді ол. Жанардың есебі бойынша, жаңа өндірістегі тұрақты жұмыс орындарының 60% мүмкіндігі шектеулі жандарға берілуі керек. Жанардың айтуынша, кәсіпкер болудың да қиындықтары бар. Бұл салаға енді келген адам әкімшілік, заңнамалық тұрғыдан жаңа білім жинап, өз қателіктерінен тәжірибе жинайды. Көзқарас көкжиегі әртүрлі адамдардан құралған ұжымды басқарып, әр қызметкердің көңіліне жол табу да оңай шаруа емес. «Бұл – күніне 24 сағат, аптасына 7 күн демалыссыз жұмыс істеу»,– дейді ол.
Жанар Досымова кәсібін жетілдіруге үздіксіз ұмтылып, қолда бар мүмкіндіктерді қалт жібермей пайдалануға тырысады. Сондықтан «мемлекеттік бағдарламаның пайдасы жоқ» деп, артық құжат жинауға ерінетіндерге Жанардың өз айтары бар:
«Мемлекеттік қолдау алу мүмкін емес», «Онда бәрі сатылған» деген сөздерді естігенде еріксіз қынжыламын. Иә, іріктеуден өту оңай емес. Бұған көп күш пен уақыт жұмсап, талмай еңбектену керек. Мемлекеттік бағдарламалардың арнайы белгіленген талаптары мен өткізу қажет құжаттары бар. Бізде «Босқа қиналамын, бәрібір біреу сатып алады» деген қоғамдық сана қалыптасқан. Бірақ мемлекет мұндай қолдау шараларын халыққа арнап жасап отырғанын түсіну керек. Қазір мемлекеттік жобаларға қатысушылар саны артып келеді. Соған қарамастан, әлі де мемлекеттік қолдау түрлерін толық пайдаланып жатқандар аз деп есептеймін. Бұл, әсіресе, ауылдық өңірлерде байқалады. Кез келген бағдарламада бағыңды сынап көру керек деп ойлаймын. Мысалы, «Аға сеньорлар» жобасы бойынша кез келген саладағы шетелдік маманды қазақстандық өндіріске шақырып, екі апта бойы қызметкерлерді оқытуға, кәсіпті дамыту жөнінде кеңестер алуға болады. Осы жобаға құжат тапсыру ойымда бар, – дейді Жанар Досымова.
Нұр-Сұлтан