Президенттік көмек: Әлсіз топтар назарда
Президенттік көмек: Әлсіз топтар назарда
280
оқылды
Кез келген карантиннің әлеу­меттік һәм экономикалық салдары ауыр болады. Алдын ала болжам бойынша, қазіргі ахуал 500 мыңға жуық қазақстандықтың қалтасын қағуы мүмкін. Осындай қиын-қыстау шақ­та Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмысы нашар тұрғындарға барынша көмектесуді тапсырды. Ең елеулі көмектің бірі – азық-түлік топ­тамасы. Өйткені төтенше жағдай ке­сірінен азық-түлік бағасы 9,3 пайыз өскен. Мұн­дай динамика, көкөніс бағасының нау­қандық өсуінен және карантин уа­қы­тындағы сұраныстан туындады. Мы­салы, наурыз айында қант  – 8,5 пайыз, көкөніс пен жеміс-жидек – 5,1 пайыз, қарақұмық жар­масы 2,5 пайыз қымбаттаған. Осы орай­да, қазір ресми түрде тіркелген жұ­мыссыз адамдарға, атаулы әлеуметтік кө­мек алатын отбасыларға, барлық топта­ғы мүгедектерге және мүгедек баланы қа­рап отырған ата-аналарға азық-түлік топ­тамасы беріліп жатыр. Оны тарату жер­гілікті әкімдіктің мойнында. Мемлекет тарапынан азық-түлік алған аза­маттың бірі – Қарағанды облысы Абай ауданы Топар ауылында тұратын Серік Қартбеков. Ол – I топтағы мүгедек. Көзі көр­месе де, жарық дүниені жанарының ішіне сыйдырған жан ауыл әкіміне мүм­кіндігі шектеулі жандардың жай-күйін үне­мі құлаққағыс етіп отырады. Оның ай­туынша, жергілікті тұрғындар мемлекет ұсынған азық-түлік топтамасына дән риза. – Карантиндегі халықтың қарны да, көңі­лі де тоқ. Бұл ауыр кезеңде мемлекет мүге­дектерге қамқорлық жасауды ұмытқан жоқ. Атап айтқанда, Топар ауылының әкім­дігі мүмкіндігі шектеулі жандарға ма­те­риалдық көмек көрсетіп, жылыжай өнім­дерімен, картоппен және азық-түлік себетімен қамтамасыз етті. Шын жүректен рақмет! – дейді Серік Қартбеков. Түркістандық Фарагат Арипованың үш пер­зенті бар. Тұңғышы 11 жаста болса, кен­жесі 4-ке енді толған. 32 жастағы келі­н­шектің тағы төртіншісіне аяғы ауыр. Күйеуі көлікпен жолаушы тасымалдап табыс тауып жүрген. Алайда төтенше жағдай ке­зінде оған көшеге шығуға шектеу қойылып отыр. Сондықтан отбасының тұрмыс жағ­дайы қиындады. Осыны ескерген облыс әкімдігі бұл үйге тегін азық-түлік жеткізіп берген. – Менің денсаулығым жұмыс істеуге жа­рамайды. Бауырым ауырады, есепке алын­ғанмын. Күйеуімнің де тұрақты жұ­мы­сы жоқ. Балалардың бір ғана жәр­де­мақы­сы­на өмір сүру қиын болып кетті. Ал мемлекет тарапынан азық-түліктің берілуі – бізге үлкен көмек. Бізге әкелген азық-түліктің ішінде макарон, тәттілер, сүт пен май сияқ­ты ең қажетті тағамдар бар. Балалар көп болған соң тамақ та көбірек керек. Өйткені қазір барлығы үйде болғандықтан, үш мез­гіл тамақ істеуім керек. Осындай қиын кез­де бізге азық-түлік жеткізіп берген билік ба­сындағы азаматтарға алғыс білдіреміз. Мен сияқты көпбалалы аналарға мемлекет та­ра­пынан берілген азық-түлік – зор демеу. Ба­л­аларыммен бірге біраз уақытқа жетеді, – дейді үш баланың анасы. Айта кетейік, әлеуметтік себетте жарма, ма­карон, күріш, май және міндетті түрде ме­дициналық бетперде, антисептик секілді зат­тар қамтылған.    width= Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Біржан Нұрымбетовтің хабар­лауын­ша, табысынан айырылған 1 миллион 779 мың адамға әлеуметтік төлем тағайын­далып, есепшоттарына 75 миллиард 600 миллион теңге аударылған. 42 500 теңге алуға 4 миллион 900 мың өтініш түскен, оның 3 миллион 703 мыңы қаралған. Демек, Қазақстан халқының шамамен 20 пайызы, яғни әрбір бесінші азамат көмек сұраған. Ең бастысы, 42 500 теңге алған азаматтар төтенше жағдайдың созылғанына байланысты тағы да 42 500 теңге алады, ол үшін қайтадан өтініш беру керек емес. Карантин режимі ешкімге оңай соғып жатқан жоқ. Бірі табысынан, бірі жұмы­сынан айырылды. Алматылық Нұржан Балақаев та сол санаттан. Жұмысы уақытша тоқтап, үйіне қамалып қалған азамат 42 500 теңгеге қол жеткізген. – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік төлем төлеу қажет деп тапқаны көңіл сүйіндірді. Яғни, жұ­мы­сынан айырылғандарға жалақының ең төменгі мөлшеріндегі әлеуметтік көмек көр­сетіледі дегенін естігенде, қатты қуан­дық. Осындайда мемлекеттің өз халқына қол ұшын созғаны ішіңді жылытады екен. Билік бұл бастама арқылы ешкімнің елеу­сіз қалмайтынын дәлелдеді. Мен құ­жаттарды Еgov сайтына тіркедім. 2-3 күн­нен соң телефоныма әлеуметтік төлем та­ғайын­далғаны туралы хабарлама келді. Тиісті қара­жат тура сол күні емес, 1-2 күннен кейін түсті. Осындай қысылтаяң шақ­та 42 500 теңгенің өзі біраз жыртығы­мызды жамады, – дейді Нұржан Балақаев. Президент қолдауының және бір ба­ғыты – 1 сәуірден бастап коммуналдық қыз­мет бағасын түсіру. Бұл жеңілдік Жам­был облысы Жаңатас қаласының тұрғыны Күлпаш Сарыбаеваға кәдімгідей сезіліпті. – «Жаңатас-Су-Жылу» кәсіпорны ком­муналдық төлемді 5 пайыз арзандатты. Мына заманда оның өзі – үлкен үнем. Қа­лай десек те, қарапайым тұрғындардың жағ­дайын жақсарту бағытында игілікті жұ­мыс атқарылып жатыр. Біз, Қазақстан халқы өз кезегімізде көмектің өтемі, алғыс ретінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қиындықты бірлесе жеңуге тиіспіз. Ел басына күн туған сын сағатта ауызбіршілік сақтайық. Тәртіпке бағын­сақ қана біз бұл індетті жеңеміз. Даңқты жер­лесім Бауыржан Момышұлы айтпақ­шы, тәртіпке бағынған құл болмайды емес пе?! Алла жазса, бұл күндер де көрген түстей өтеді де кетеді. Ал халық мемле­кет­тің бұл жақсылығын ешқашан ұмытпайды. «Аш­тықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» дегенді қазақ бекер айтпаған,– дей­ді 69 жастағы зейнеткер.  

Айдар ДӘУІТҰЛЫ