Шығыстағы тұрғындар онлайн эфирде әлеуметтік мәселелер жайын қозғады – Birgemiz
Шығыстағы тұрғындар онлайн эфирде әлеуметтік мәселелер жайын қозғады – Birgemiz
5,759
оқылды
Еліміздің өзге аймақтарымен бірге Nur Otan партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы да өңір тұрғындарының сауалдарына жауап беру үшін арнайы тікелей эфир ұйымдастырды. Партия филиалының фейсбук және инстаграмм әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында еліміздегі төтенше жағдайға байланысты  азаматтарға  мемлекет және облыстық әкімдік тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер мен партияның Biz Birgemiz акциясы туралы толыққанды ақпарат берілді. Екі сағатқа созылған тікелей эфирді 200-ден астам адам көріп, тұрғындар тарапынан 100-ден астам сұрақ жолданды. Тұрғындардың барлық өтініштері назарға алынып, басым көпшілігіне эфир барысында нақты жауап берілді. Шығысқазақстандықтар әсіресе, мемлекет тарапынан берілетін 42500 теңге жәрдемақы мен 15000 теңге коммуналдық төлемақыны алуға, облыстан берілетін әлеуметтік көмектерге, сонымен қатар республикалық Birgemiz қоғамдық қорынан берілетін 50 мың теңге көлеміндегі бір жолғы материалдық көмекке байланысты сұрақтарды жиі қойды. Nur Otan партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунков тікелей эфир барысында қойылған әр сауалға мүмкіндігінше толық жауап беріп, зерделеуді қажет ететін кейбір маңызды сұрақтарды өзінің жеке бақылауына алды. Бақылауға алынған мәселелердің біразы мүмкіндігі шектеулі жандардың осындай қиын сәтте әлеуметтік қорғалуына, мүгедек жандарды бағып отырған адамдарға, жетім балаларға, бала күтімімен үйде отырғандарға қандай көмек болатындығына қатысты болды. Сондай-ақ көпбалалы ана бола тұра көмекке қол жеткізе алмаған аналар мәселесі де жеке қаралатын болды. Облыстық филиал төрағасы бірінші орынбасарының айтуынша, жалпы  Nur Otan партиясының Biz Birgemiz акциясы аясында Шығыс Қазақстан облысында 2115 отбасыға азық-түлік жеткізілген. Бұл ретте өңірдің кәсіпкерлері мен мәслихат депутаттары, ерікті жастар, аудан әкімдіктері, «жасотандықтар» және партия өкілдері айрықша белсенділік танытқанын атап өткен орынды. Естеріңізде болса, Елбасы, Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Birgemiz қоғамдық қоры арқылы облыстың Өскемен және Семей қалаларының 12419 тұрғыны 50 мың теңгеден материалдық көмек алғанын бұған дейін де жазған болатынбыз. Қоса кетсек, еліміздегі төтенше жағдайға байланысты партияның облыстық филиалы тұрғындардың арыз-шағымдарын онлайн қабылдауда. Мәселен, ағымдағы 16 наурыз бен 24 сәуір аралығында облыстық филиалдың қоғамдық қабылдау бөліміне 1104 өтініш түссе, 905  өтініш оң шешімін тапты. Қалған  100-ден астам өтініш бойынша кеңес берілді. Алдағы уақытта да азаматтардың сұрақтарына жауап беру мақсатында әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер ұйымдастырылатын болады. Кешегі тікелей эфир кезінде сұрақ қоюшылармен бірге партия бастамасына алғыс айтушылардың қарасы да мол болды.  Елена Арсен есімді желі қолданушысы өзінің Birgemiz қоғамдық қорынан 50 мың теңге көмек алғандығын айтып, қиын сәттегі мемлекеттің қолдауына шынайы алғысын білдірді. Өзге де желі қолданушылары тікелей эфирді ұйымдастырғаны үшін партияға ризашылықтарын желі арқылы жазып, қалдырып жатты. Ал жауап беріліп үлгермеген барлық сұрақтарға міндетті түрде жазбаша жауап берілетін болады.

Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан облысы