2020 жыл ең ыстық жыл ма?
2020 жыл ең ыстық жыл ма?
255
оқылды
2019 жылы тарихтағы ең ыстық ауа райы тіркелген-ді. The Times-тің хабарлауынша, Еуропа мен АҚШ ғалымдары биыл әлемде өткен жылғыдай ыстық болатынын болжаған. Тіпті, жоғарыдағы рекорд жаңаруы мүмкін. Massaget порталы АҚШ Ұлттық мұхит және Атмосфера әкімшілігі (NOAA) мәліметін тізбелеп шыққан. NOAA ғалымдары 2020 жыл 75% ықтималмен тарихтағы ең ыстық жыл, ал 99,9% ықтималмен ең жо­ғары температура тіркелген жылдар бестігіне кіреді деп ша­малады. Әсіресе, Еуропада ауа тем­пературасы көтеріледі. Мұнда XIX ғасырдан бері ор­таша температура 2 градусқа кө­терілген-ді. Бұл көрсеткіш бүкіл әлем бойынша 1,1 градусқа арт­қан. Климаттың өзгеруін ба­қылау қызметі Copernicus-тің мәліметінше, Еуропа халқы тари­хында 12 рет ең ыстық жылды қарсы алған. Оның ішінде 11-і ыстық 2000 жыл­­дан кейін тіркелген. Яғни, ауа температурасы жаңа ғасырда өз­геріске ұшыраған. Ғалымдар дабыл қағып, мұздың еруі жылдан-жылға жылдамдап бара жатқанын айтады. БҰҰ-ның мұздардың еруі бойынша жасаған есебіне сәйкес, 2005 жылдан бері теңіз деңгейі XX ғасырға қарағанда 2,5 есе тез көтеріліп келеді. Климат бойынша БҰҰ сарапшылары тобы көмірқышқыл газы қазіргідей деңгейде (CO2) шығарылатын болса, мұздың еруі 2100 жылға қарай 4 есе артатынын ескертті. 2019 жылдың шілдесі – адамзат тарихындағы ең ыстық айдың бірі. Сонда қатты ыстық салдарынан Гренландиядағы мұз қалқанының 160 миллиард тонна мұзы еріп кетті. Оған қоса, Антарктидадан соңғы 50 жыл ішіндегі ең үлкен айсберг бөлініп шықты. Оның салмағы – 315 миллиард тонна, аумағы – 1 636 шаршы шақырым. ББҰ есебі бойынша, соңғы 10 жыл – тарихтағы ең ыстық жыл. Ал зерттеушілер климаттың өз­геруіне адамзат бейімделе бере­тінін көрсеткен. Бірақ бұлай жал­ғаса беруі өте қауіпті екенін топшылаған. ДСҰ мәліметінше, мұхиттар парниктік газдан шығатын жылу­дың 90 пайызын өзіне сіңіріп жатыр. Соның салдарынан мәңгілік мұздар еріп жатыр. Ал теңіз деңгейі көтерілгені – адамзатқа қауіп төнгені деген сөз. Қарапайым ғана мысал, Венецияда жыл сайын су деңгейі 110 см көтерілсе, биыл 195 см-ге көтерілген. Сондықтан қаланың басым бөлігін су басқан. Егер су деңгейі көтеріле берсе, адамзат таңғажайып Венецияны жоғалтып алуы мүмкін.  

Айбике ЖАНАСЫЛ