Сапекеңнің сарабдал сапары
Сапекеңнің сарабдал сапары
563
оқылды

Бүгін – белгілі публицист, жазушы Әділ Дүйсенбектің туған күні. Қаламгердің төл мерекесі күні «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдығына арнап жазған «Егеменде» еңбек еткендер» атты циклды мақаласынан үзінді жариялауды жөн көріп отырмыз.

Менің «Социалистік Қазақ­стандағы» (қазіргі «Егемен Қазақ­стан») төртінші бас редакторым болған Бәкең – Балғабек Қадыр­бекұлы газетіміздің 75 жылдығы қарсаңында өзімізде шыққан бір мақаласында: «Отыз жеті жыл ішінде жеті редактормен істес болдым. Соның ішінде мақаланы ішек-қарнын ақтарып қарап бе­ретін бір редактор елуінші жылдың күзінде Орталық комитеттен кел­ген Ғұмар Аққұлов еді. Ол жақта Ғ.Аққұлов баспасөз секторының меңгерушісі болып істеген еді» деп еске алғаны бар. Сол сияқты, амандық болса, маған да алдағы жылы (2005) осы редакцияда тапжылмай еңбек еткеніме отыз жеті жыл толмақ. Он екі басшымен (жоғарыда өзім айтып өткен екі-үш редактордан кейін – Көрік Дүйсеев, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Уә­лихан Қалижан, Ержұман Смайыл, Сауытбек Абдрахманов – пре­зи­дент, Жанболат Аупбаев, қайтадан Сауытбек Абдрахманов – прези­дент) қызметтес болған екенмін.

Бас редактор ішінде ең көп бас­­қарғаны – үшінші редакторым Сапар Байжанов. Бұл кісі де бізге Орталық комитеттен келді. Сапе­кең де Ғұмар Аққұлов құсап, бас­пасөз секторының меңгерушісі болып істеген еді. Бұл кісі де бұ­рынғы сектор меңгерушісі сияқты мақаланы ішек-қарнын ақтарып қарап беретін мықты редак­торлардың бірі болды.

Сапекең келген соң редак­ция­дағы ахуал одан ары тұрақтанып, әркімнің шығармашылық жұмыс­пен айналысуына жағдай да, мүмкіндік те арта түсті. Бұрынғы бас редакторымыз Ұзекең, сөз жоқ, газеттің жақсарып, тақырып аясының кеңеюіне көп үлес қосты. Ол кісінің жанкешті (кейін көп кісілер Ұзекең денсаулығын көп жұмыс істеймін деп бұзып алды деп те жүрді) еңбегін бағалай оты­рып, бірсыпыра әріптестері ілге­ріде қара шаңырақта қатар қызмет атқарғандарын малданып, кей тапсырмаларды сиыр­құйым­шақтандырып, тіпті ұмыттырып та жіберетін кездері болатын. Қыз мінезді басшының жасы үлкен журналистерге ұрыспақ түгілі дауыс көтеріп зекігенін де естіген емес едік. Мұны Ұзекеңнің ұяң­ды­ғы демей, ұлылығы деген ләзім. Әйтсе де, адамдар әртүрлі ғой. Ұзе­кеңнің осы жұмсақ мінезін баз­біреулер басқаша түсініп, өздерін тым еркін ұстай бастағандары да жасырын емес еді.

Сапекең соның бәрін сап тиды. Дәліздегі бос жүріс пен бөлмеа­ра­лық бөгде сөздерге де тосқауыл қойылды. Оған шығармашылық адамдардың уақыты да бола бермейтін. Себебі, Сапекең күн­делікті күйбең тірліктен басқа ал­дағы уақытта не істеп, не қоя­ты­нымыз жөніндегі жоспарлармен бірге ұзақмерзімді бағдарламалар да жасауымызды талап етті.

Сексенінші жылдың бас жағы. Ол кезде «СҚ-ның» аға тілшісімін. Совет құрылысы бөлімінде істей­мін. Бас редакторымыз Сапар Бай­жановтың нағыз бабындағы тұсы. Бас редактор һәм респуб­ли­кадағы нөмірі бірінші журналист.

Журналист демекші, ол кез «СҚ-ның» редакторы болған кісі автоматты түрде Қазақстан жур­налистер одағына да жетекшілік ететін. Міне, осы қос тізгінді қатар ұстаған Сапар Байжановтың беделі басшылар арасында да, шығарма­шылық қауым ортасында да өте күшті еді.

...Сәуірдің бір күні сәске түске дейін екі-үш рет алданып (орыстың «1 апрель – никому не верь» деген оспадар ойыны кейбір тіс қаққан әріптестеріміз бізге де қолданып қоятын), жұмысымнан береке болыңқырамай отыр еді, хатшы келіншек Халида есіктен басын сұғып, «редколлегия өткелі жатыр, сені ешқайда кетіп қалмасын деді» деп ескертіп кетті. Жүрегім бір жақсылықты сезгендей жиі-жиі соғып, бір жылы ағын жүріп өтті. Осының алдында ғана ғылым және оқу орындары бөлімінің меңге­ру­шісі, белгілі ақын Тоқтарбек Қы­зықбаев «Қазақстан коммунисі» журналының әдебиет бөлімін басқаруға әрі редколлегия мүшесі болып ауысып кеткен еді. Орны бос тұрған. Жасыратыны жоқ, ре­дакциядағы біраз жастар осы орын­нан іштей дәмеленіп жүр­генбіз. Алдымен ойлағаным сол болды.

Осындайда ғой, көп жайттың еске түсетіні. Біздің ұзақ жылдар бойы қатар жүріп, небір қызық-шыжықты бірге өткізген Бекең (Бекболат Әдетов) ағамыз айтушы еді: «Егер біреу мен туралы бірдеңе дей қалса-ақ, алдымен сол әңгі­ме­нің жағымсыз жақтарын еске ала­мын деп, жағымды жақтары еш­қайда қашпайды, оны кейін жата-жастана ойға түсіруге болады». «Онысы несі екен?» – деп біз де кіділеніп қалушы ек. Сөйтсек, адам әрқашан да, кез келген тосын жайтқа әзір тұру керек екен ғой. Сондай-ақ менің басымнан ред­коллегия қарайтындай шектен шыққан шетін оқиға өте қойған жоқ. Демек, жақсылықтан дәме­туім­нің дәл қазір бірінші кезекке шы­ғуы заңды еді, өзімді өзім жі­гер­лендіріп, көңілімді көтере түстім.

Айтқандай-ақ, түске таман Ха­лида қайта шақырды. Редактордың қабылдау бөлмесіне келсем, ред­кол­легия мүшелері апыр-топыр Сәкеңнің кабинетіне қарай кіріп бара жатыр екен. Партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі Пернебек Бейсенов ағамыз елдің соңын ала беріп, басқаларға байқатпай қо­лымның қарын қысып үлгерді. Жү­регім лүп ете қалды. Халида ха­ным да бірдеңені сезгендей, жымың ете түсті.

Арада аз уақыт өткеннен кейін редактордың сары есігі сарт етіп қайта ашылды да, арғы жақтан жауапты хатшы басын қылтитып:

– Дүйсенбеков кірсін! – деді.

Есіктен аттап енгенім сол еді, төрде отырған Сапекең жылы жымиып, орнынан көтеріле берді:

– Әділ, құттықтаймын! – деді қолын алға созып, – редколлегия мүшелері өзіңе зор сенім артып, ғылым және оқу орындары бөлі­міне меңгерушілікке ұсынып отыр. Бұрын да бұл бөлімде әдеби қыз­меткер болып істеген көрінесің. Өзіңе таныс мәселе емес пе, қалай алып кете аласың ба?

– Рақмет! – дедім басымды
иіп, – сенімдеріңізді ақтауға ты­ры­сып бағам...

Сөйттім де, түлен түртті ме, қайдам:

– Сәке, осының бәрі рас па? – деп қалғанымды өзім де байқамай қалдым.

Жаңа ғана жадырап, жүзіңнен жылы леп есіп тұрған бас редактор сұрланып, басын кегжең еткізді. Сөйтті де:

– Нені айтып тұрсың? – деп өзіме қарсы сұрақ қойды.

– Кешіріңіз! Бүгін 1 сәуір болған соң айтып едім, – дедім міңгірлеп.

Біреулер ыржиды, біреулер тыржиды.

– Ой, мырқымбай! – деп Бек­долла Абдуллин ағамыз мырс ет­пе­генде, осы екі ұдай көріністің қан­шаға созыларын болжап білмес пе едік, әйтеуір, іштегілер бір-бір­леріне қарап қозғалақтап қалды. – Понимаешь, – деді Бекең өзінің қожанасырлау мінезіне басып, – бағана мені Бибіш те (машинистка апайымыз) алдады, айтпаймыз ғой ондайларды мұндай жерде...

Сол-ақ екен, ел ду күлді. Са­пекең езу тартқан сыңай танытты. Сонан соң аузын сәл-пәл ашып, арғы жағынан маржандай болып көрінген аппақ тістеріне қаламын апарды; тигізді ме, тістеді ме, біл­мей­мін, ойланып біраз отырды да:

– Дұрыс, – деді. Нені дұрыс дегенін онша ұқпасам да, әйтеуір, бастықтың ашуының беті қайтып, ахуалдың дұрыстала бастағанын іштей байқағандай болдым.

– Бұйрыққа бүгіннен бастап қол қоямын...

Сыртқа қалай шығып, каби­нетіме қалай келіп отырғаным есім­де жоқ. Мәселені алдын ала бі­ліп, құттықтап жатқан құрдаста­рымның қолпаштауына ыржиып күлгеннен басқа үн қата алмадым.

– Әй, мынау қайтеді-ей, – дейді Дәрібай күліп, – бөлім мең­герушісі болдым деп, тіпті жауап бергісі де келмейді ғой...

– Сөйту керек, – дейді Тәжі­бай, – енді бұлармен қосылып сы­раханаға да баруға болмайды...

– Жалақың қанша болады екен? – дейді Болат Асанбаев көзін жыпылықтатып...

Қойшы, осылайша әркім әр нәрсе айтып, құттықтап жатқан тұста Халида қайта келіп:

– Редактор шақырады! – деді.

Жүрегім тас төбеме тақағандай болды. Жаңа ғана шықтым ғой алдынан. Қандай қажеттілік туа қалды екен? Әлде тығыз тапсырма бергісі келіп отыр ма?...

Кірсем, Сапекең жалғыз отыр екен.

– Берірек жақында, – деді ал­дындағы ұзынша столдың оң жа­ғын­дағы орындықты нұсқап. Иба сақтап түрегеп тұрып едім, «отыр» дегендей, қолымен белгі берді.

– «СҚ-ның» бөлім меңгеруші­сі – үлкен лауазым, – деді Сапекең даусын көтеріңкіреп. – Оған кез келген журналистің қолы жете бер­мейді. Жылдар бойы осы жерде істеп, завотдел бола алмай кет­кен­дерді де білемін. Біз саған сенім артып, осындай жауапты қызметті ұсынып отырмыз. Ал сен әлі бала құсап... Манағы қылығыңа ой жі­беріп көрдің бе? Дап-дардай кі­сілердің алдында аузыңа не келсе, соны айтып...

Жердің тесігі болса, кіріп ке­тер­ліктей күйге түстім. Не дейін? Қайтіп ақталмақпын? Бар болғаны:

– Кешіріңіз, Сәке, кешірі­ңіздер! – дей бердім.

– Мана елдің көзінше ештеңе деген жоқпын, – деді Сапекең мені одан ары қинай бергісі келмегендей жүзін жылытыңқырап, – өзіңе жеке айтып отырмын. Бұл саған сабақ болуы керек. Әлі талай басқосуларға қатысасың. Қай жерде өзіңді қалай ұстап, не айту қажет екенін үйренген жөн. Ред­коллегия мәжілісі «СК-ның» бюро мәжілісі іспетті. Ортаны, отырған адамдарды сыйлау керек. Осы еді айтайын дегенім. Бар, жұмысыңды істей бер...

Сүйретіліп орнымнан тұр­дым да, сыртқа беттедім. Мана жар­ты сағат бұрын ғана жайраңдап ­шық­қан есігімнен енді есеңгіреп, еңсем езілгендей құмығып, бірақ бірнеше жылға есейгендей болып шықтым.

Әйтсе де, Сапекеңнің осы ақы­лы кейін менің бүкіл ғұмырымның әр кезде есте ұстайтындай бағ­да­рына айналды десем, тым асыра айтқаным болмас. Қандай ор­тада өзіңді қалай ұстау керек, не сөйлеп, не қойған жөн деген сияқ­ты қа­рапайым адами этикалар осындай жақсы ағалардың тәлім-тәрбиелері арқылы қалыптасады екен ғой.

Өнерді жақсы көретін жан оны бағалай да білетін. Әлі есімде, бірде редакцияға мектеп оқушысына ұқсас жап-жас қыз келді. Жанында көзілдірікті жігіт бар екен. – Роза, – деп таныстырды әлгі қызды, ән салады. «Білеміз, – деді Сапекең – атына бұрыннан қанықпыз, амандық болса, бұл әлі-ақ біздің жұлдызымызға айналады». Сол Роза – қазіргі атақты әншіміз Роза Рымбаева еді. Ол кезде Розаның аты әлі шыға қоймаған, ұмытпасам ауылдан жаңа келген тұсы. Сонда деймін-ау, Сапекең, сол тума таланттың болашағын қалай болжай білген деп осы кезге дейін таң қаламын. Бұл да болса, бас редакторымыздың сезімталдық қасиетінің бір қырын білдіретін көрегендігі болса керек. 

Журналист Сапар Байжа­нов­тың аты-жөніне жазу-сызуға енді-енді ден қойып, елге келетін қа­зақша газет-журналдардың бәрін суша сіміріп оқитын кезіміз – елуін­ші жылдардың соңына таман етене қаныға бастаған болатынбыз. Содан бәрі онжылдықты бітірдік, біраз уақыт өндірісте істедік (ол кезде екі жылдық жұмыс өтілің болмаса журналистика факуль­тетіне құжатынды қабылда­май­мын), университетте оқыдық, әс­керге барып келдік, қайта оқыдық, жұмысқа орналастық дегендей, бел-белестен өтсек те, Сәпекеңнің сарабдал жолынан бір сәтке көз жазған емеспіз. Жастар газеті «Лениншіл жастан» («Жас Алаш») бастаған еңбек сапарын сол кездері халық арасында кеңінен танымал болған «Мәдениет және тұрмыс» («Парасат») журналында жалғас­тырып, одан ары Орталық коми­теттің баспасөз органдарында шын­дала түскен абзал ағамызбен, шыны керек, бірге қызметтес бо­ламыз деп үш ұйықтасақ, түсімізге енбеген еді.

Сапекеңнің тұсында бөлім меңгерушісі, редколлегия мүшесі болдым, редакция партия ұйымын басқардым. Әсіресе, хатшы болып істегенде көп нәрсе үйрендім. Қо­ғамдық негізде құрылған партия ұйымымыз – ең беделді де белді ұйым еді. Редакциядағы бірде-бір шара партбюро келісімінсіз өтпей­тін. Мұндайда Сапекеңнің Орта­лық комитеттен үйреніп, алып келген өз тәсілі мен тәжірибесі бар. Біреуді өсіргісі немесе сына­ғысы келсе, алдымен бюро мүше­лерімен ақылдасып, келісіп алады. Награда, атақ беру, үй бөлу мәсе­лесі де осылай. Сонан кейін ғана жалпы жиналысқа шығарып, түбе­гейлі шешім қабылдайды.

Ай сайын партия жиналысын өткізу міндетті дәстүрге айналған. Оның жоспарын жасап, күн тәрті­бін белгілеу, баяндамашылар таға­йындау біздің міндетімізге жатады. Бұл мәселелердің бәрін бас редак­тор негізгі жұмысымыздан тыс уа­­қытта, көбіне кешкі сағат алты­дан кейін алып қалып шешіп беретін.

Әсіресе, қатты қиналатыным – анықтама жазу болатын. Ол кезде ұраншылық науқандық бастамалар көп. Солардың бәріне Орталық комитет мәлімет сұрайды. Газет күнде шығып жатқанмен оның бәрін қамти беру мүмкін емес. Са­пекең ондай тақырыпты кез келген материалдан тауып беретін. «Кане, айтшы, мына абзацта сол қамтыл­ған жоқ па?» – деп бетіңе күле қа­рағанда, «Япыр-ау, шы­нын­да да біз жазған екенбіз ғой, газе­тімізде көтеріппіз ғой, қалай бай­қамаған­быз», – деп өзіміз танқалу­шы едік. Өсте-өсте түрлі анықтамалар мен есептер жазу сырын да меңгере бастадық.

Сапекең көп мәселені редкол­легия, партбюро мүшелерімен ақылдасып барып шешетін. Рас, кейде ешкіммен келіспей, өзі тікелей жүзеге асыратын шаралары да болып тұратын. Мұндайда ол кісі бірінші басшының мұндай құқын «жазылмаған заң» деп қа­был­даңыздар деп жуып-шайып кететін.

Пендешілік ет пен сүйектен жаралған адамның бәрінде болады десек те, Сапекеңнен ондай осал­дықты көп байқай қойған жоқпын. Спорттың барлық түрімен шұғыл­данушы еді. Әсіресе, теннис пен бадминтонды ерекше ұнататын. Күнде ертеңгілік 28-ші панфилов­шылар паркіндегі алаңда түрлі жаттығулар жасап, серуендеп қай­тудан жалықпайтын.

Өнерден де құралақан емес-тұғын. Саз аспаптарының бәрінде бірдей ойнай алмаса да, рояльға қосылып ән салғанын талай рет көргенбіз. Өзіне тән сүйкімді дауысы бар. Қазақ әндерін жанадан шыққан шығармаларды орындауға бейім тұратын. Әндерді беріліп айтатыны соншалықты, қолымен, дирижерлік қимылдар жасап, бү­кіл денесімен қозғалып, кейде түрегеліп жүріп те кететін.

Өнерді жақсы көретін жан оны бағалай да білетін. Әлі есімде, бірде редакцияға мектеп оқушысына ұқсас жап-жас қыз келді. Жанында көзілдірікті жігіт бар екен. – Ро­за, – деп таныстырды әлгі қыз­ды, ән са­лады. «Білеміз, – деді Са­пекең – атына бұрыннан қа­нық­пыз, аман­дық болса, бұл әлі-ақ біздің ­жұл­дызымызға айна­лады». Сол 
Роза – қазіргі атақты әншіміз Роза Рымбаева еді. Ол кезде Розаның аты әлі шыға қоймаған, ұмытпасам ауылдан жаңа келген тұсы. Сонда деймін-ау, Сапекең, сол тума та­ланттың болашағын қалай болжай білген деп осы кезге дейін таң қаламын. Бұл да болса, бас редак­торымыздың сезімталдық қасие­тінің бір қырын білдіретін көре­гендігі болса керек.

Сол сияқты бұрынғы басшы­лықта болған ағаларымыздың ең­бектерін лайықты бағалай отырып, Сапекеңнің «Социалистік Қазақ­станды» ел сүйіп оқитын басыл­ым­ға айналдырудағы тың ізденістері мен білімпаздығын, бастама­шы­лығы мен батылдығын ерекше атап кетпеске болмайды. Бұл жөнінде баспасөзде көптеген материал да шықты. Қатар жүрген әріптестері құрмет тұтып, қадірлесе, іні-қарындастары мақтан етіп, атын асқақтата түсті.

Басылымымыздың 1973-83 жыл­дары бас редакторы болған Са­пекең – Сапар Байжан-ата «Еге­мен Қазақстан» жаңа елор­да – Астанаға көшерде қалай қуанды десеңізші! Редакцияға келіп, бә­рімізді айналып-толғанып, беті­мізден сүйіп, шығарып салған еді. Содан араға жыл салып барып, ағамыз мына фәни дүниеден өтіп, бақилық болды.

Марқұмның өзі өлсе де, сөзі өлген жоқ. Оны «Жібек жолы» бас­па үйінен жарық көрген «Өмір­ге өкпесі жоқ адам» атты жинақтан да анық байқауға болады.

Негізінен, ол кітап, марқұмның туған-туыстары мен бірге оқып, бірге қызмет істеген жора-жол­дас­тарының естелік лебіздерінен тұрады. Балалық шағынан бастап жігіт болып, белгілі жазушы-журналист, ғалым және қоғам қайраткері дәрежесіне дейін өскен Сапекеңнің еліне сіңірген еңбегі, шығармашылық табысы, адами қасиеттері жан-жақты айтылады. Бұл ретте кітапты құрастырып, алғы сөзін жазған марқұмның жан жары, қаламгер Күләш Бейсен­біқызының біреудің көзі жақсы, біреудің өзі жақсы деп ескертіп өткеніндей, жинаққа енген есте­ліктерді орналастыруда ең әділ 
жол – Сапекеңнің өмір белес­те­рінің кезеңдері таңдап алынады. Сөйтіп, бала кезінен өмірінің соңғы күндеріне дейінгі жайттар рет-ретімен баяндалады.

С.Байжанов – сегіз қырлы, бір сырлы жан еді. Журналистика мен жазушылықты қатар алып жүрген ол ғылыми жұмыстармен да шұ­ғыл­дануға уақыт тапқан. Оның қаламынан туған «Үш қиян – үш даңғыл» атты жинағы бұрынғы Бүкілодақтық Журналистер ода­ғының, «Архив – айғақ» кітабы Жазушылар одағының Ахмет Бай­тұрсынов атындағы сыйлықтарына ие болса, Зейін Шашкиннің көр­кемдік прозасына арналған «За­мандас туралы толғау» деген мо­нографиясын және Абай, Шәкә­рім, Шәкір сияқты абыздар мен кейінгі толқын ақын-жаушылар туралы жазған зерттеулерін оқыр­мандар жылы қабылдады.

Жетпіс жылға жуық өмір сүріп, жиырмадан астам кітап жазған «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), « Мәдениет және тұрмыс» («Парасат»), «Социалистік Қазақ­стан» («Егемен Қазақстан») сияқ­ты газеттеріне, Қазақстан Жур­налистер одағына басшылық жа­саған, Орталық комитетте жауапты қызметте істеген, Министрлер ке­ңесі жанындағы Архив бас бас­қармасын басқарған, бірнеше рет Жоғарғы кеңеске депутат болып сайланған ағамыздың түрлі қо­ғамдық жұмысқа да белсене атса­лысқаны мәлім. Жинақта соның бәрі Сапекеңді жақсы білетін әріптестері мен мамандардың естеліктері арқылы қамтылған. «Суреттер сыр шертеді» деген тақырыппен берілген фотолар да тартымды шыққан. Қаламгер ағамыздың елу және алпыс жасқа толуына орай әр жылдары берілген түрлі құттықтау хаттары да кітап­тың ішкі мазмұнын аша түскендей.

Сапар Бажан-ата – бойынан күш-қуаты кетіп, төсек тартып қалғанша қаламын тастамаған қайсар кісі еді. Оның ең соңғы жазғандарының бірі – «Қазақ кім еді? Қайда беттеп барады?» деген публикациялық толғауы өзі он жылдай басқарған сүйікті «Егемен Қазақстанда» көзі жұмылардан тура бір жарым айдай бұрын жа­рия­ланды. «Сонда біз оның ең соң­ғы материалын оқып отырға­ны­мызды қайдан білгенбіз?! – деп еске алады кітапта профессор-журналист Әбілфайыз Ыдыры­сов. – Ал ол болса сол соңғы ма­териалында да сарабдал ойшыл болып, ақырғы айтарын тағы да халқына арнап, Елбасымыздың «Тарих толқынында» атты тарихи туындысындағы сол халықтың тарихына қатысты қағидалы толғамдарды астарынан ашып, оның қыр-сырын ақеділ сыршыл жүрекпен алға жайды. Елбасының осынау тарихи еңбегінің ғибраттық ғажап сабақтарын философтық ойшыл көзбен сөз етті. Сөйтіп, ол сол жылы соңғы рет нөсер де нөпір ойларын: «Қазақ даласы – ұлы түркі елінің қара шаңырағы. Қа­зақтың беталысы – Еуразия тари­хында ұлы істерге ұйытқы болу. Ұлттық төлтума саралық пен дара­лықтан ешқашан айырылмау. Алыс-жақын әлеумет, өркениет дәстүрлерін ұлттық есеюге, гүл­деніп көркеюге сеп ету!» – деп түйді Елбасымен үндесіп...»

Иә, бұл Сапар Байжан-атаның ел-жұртына өзі ұзақ жылдар бас­қарған сүйікті газеті арқылы айт­қан ақтық сөзі екен. Мағыналы ғұмыр кешкен мұрағатшы ағаның мұндай ұлғатты сөздері мен өсиет­тері, жалпы шығармашылығы мен еңбегі мәңгі ұмытылмақ емес.

Әділ ДҮЙСЕНБЕК,

жазушы