Жамбылда шу шыққан аурухана дәрігерлеріне баспана беріледі
Жамбылда шу шыққан аурухана дәрігерлеріне баспана беріледі
396
оқылды
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев әлемдік коронавирус пандемиясына қарамастан аудандардың тыныс-тіршілігімен танысуды бастап кетті. Сапарын аймақ басшысы Меркі ауданынан бастап, бірқатар өндіріс орындарын аралап, өткізу-бекетінің де барысын барлады. Сондай-ақ Бердібек Машбекұлы бірер апта бұрын шу шыққан аудандық аруханаға да ат басын бұрып, дәрігерлермен жүздесті. Аурухананың бұрынғы басшысы  жұмысына  салғырт қарап,  ағайын-туыстыққа жол бергені үшін қызметінен босатылып, орнына жаңа бас дәрігер тағайындалғанынан ел хабардар. Осындай қатаң шарадан кейін қазір емханадағы жағдай тұрақталған. Дәрігерлермен тілдескен Бердібек Сапарбаев аудан әкімі Мейірхан Өмірбековке аталған ауруханадағы мамандардың енді баспана мәселесін шешуді мықтап тапсырды. Сонымен қатар ауруханадағы келеңсіздіктерді жасырмай айтқан дәрігерлер ешқандай қудалау көрмеуі қажеттігін шегелеп тұрып жүктеді. Ал медицина мамандарынан  аймақ басшысы ұжымда дұрыс аураны қайта қалыптастырып, қалыпты режимде  жұмыс жасауға шақырды. Ол үшін облыс әкімдігі жуырда аурухана күрделі жөндеуден өтетіндігін де жеткізді. Осылайша  Бердібек Машбекұлы  медиицна мамандары баспанамен қамтылып қана қоймай, жаңғыртудан өткен емханада жұмыс жасайтындықтарымен қуантып қойды. Бұл меркілік медицина мамандары үшін күтпеген жаңалық  болғаны анық. Себебі аталған аурухана 1983 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген болатын.

Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы