Қой жүні шикізат ретінде экспортталады
Қой жүні шикізат ретінде экспортталады
432
оқылды

Қытайдағы «Жүн маркеті компаниясы» қоғамдық ұйымдар бірлестігі, облыстық кәсіпкерлер палатасы, өңірлік жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары мен «Шеберлер мекені» тігін өндірісі қауымдас­тықтары арасындағы төртжақты әріптестік ынтымақтастық аймақтың тігін нарығының ауқымы едәуір ұлғаюына жаңа мүмкіндіктер беретін болады.

Қытай делегациясы «Бір белдеу – бір жол» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында облысы­мызда болды. Қонақтар өңірде өндірілетін қой жүні шикізатын сатып алуға айрықша қызығу­шылық танытты. Олар облысы­мызға арнайы жұмыс сапарын «ПОШ Тараз» фабрикасы ЖШС-ның жұмысымен та­нысу­дан бастады. Жалпы фа­брика жүнді алғашқы өңдеу, жуылған жүнді қайта өңдеу, ТОПС өндіру ісін жүзеге асы­рады. Өндірілетін өнімдер түр­лерін делегациялық топ мүше­леріне кәсіпорын директоры Бауыржан Найзақұлов таныс­тырып, өндіріс желісін дамыту, қосымша жаңа жұмыс орын­дарын ашу, бюджетке салықтық аударымдар көлемін арттыру, әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша алға қойылып отыр­ған міндеттер жөнінде әңгі­мелеп берді. Меймандар кәсіп­орын өнімдерін жоғары бағалап, өздерін жылы шы­райлы жағ­дайда қарсы алған­дарына риза­шылығын жеткізді.

– Қазақстан – бай ел. Әсіресе, жайылым жері мол. Жамбылдықтар үшін биязы жүнді қой өсіруге қолайлы жағ­дайлар жасалған. Біле білгенге, өндіріс үшін ең маңыздысы, бұл – шикізат. Біз сіздерге жүн бағытындағы қой өсіруді дамы­туды ұсынамыз. Қытайда осын­дай қойларды экспортқа шы­ғаруға тыйым салынған. Алдағы уақытта бұл мәселеге рұқсат етілсе, мұндай қой тұқымын Қазақстанға әкеліп, оларға күтім жасау әдіснамасын оқы­тып, үйретеміз, – деді Нанкин қаласындағы «Жүн маркеті компаниясы» қоғамдық ұйым­дар бірлестігінің төрағасы Хо Янь. Сондай-ақ делегациялық топ мүшелері «Айвенго» ЖШС тігін фабрикасында болды. Кәсіпорын негізінен халық­аралық стандарттар талабына жауап берерлік жоғары сапалы заманауи тігін өнімдерін шы­ғаруға мамандандырылған. Фабрика директоры Любовь Попова өңірлік жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдас­ты­ғының мүшесі. Қытайлықтарды осындағы «Дана-Дель» тігін ательесінің жұмысы айрықша таң-тамаша етті. Шеберхананың жұмыс істей бастағанына көп уақыт өте қойған жоқ. Негізгі бағыты – ұлттық киімдер тігу. Осы тұрғыда қытайлық кәсіп­керлер қазақтың ұлттық ою-өрнектеріне айрықша қызығу­шылық танытып, өздерінде бар заманауи техника түрлерімен таныстырды.

 

Ерман ӘБДИЕВ,

Жамбыл облысы