«Балаларыма жұқпаса екен деп тіледім» - тараздық тұрғын 14 күн көпқабатты үйде қалай қамалғандарын айтты
«Балаларыма жұқпаса екен деп тіледім» - тараздық тұрғын 14 күн көпқабатты үйде қалай қамалғандарын айтты
257
оқылды
Бұған дейін Тараз қаласында коронавирус індетіне байланысты подъездердің тұрғындары карантинге жабылып жатқаны туралы айтқан болатынбыз. Жуырда соның бірінен карантин режимі алынды. Атап айтсақ, Қарасу алқабы №38 үйдің тұрғындары 14 күннен кейін күннің көзіне шығып, таза ауамен тыныс алуда. Осы орайда, аталған подъездің тұрғыны Аягөз Маялиеваға хабарласып, карантин кезіндегі жағдайды айтып беруін сұрандық. – Үш баламды далада ойнатып жүргенімде күтпеген жерден медициналық киім киген адамдар үйге кіруімізді талап етіп, подъезімізді сыртымыздан құлыптап тастады. Бастапқыда түсінгеніміздей көрші үйден коронавирус жұқтырған адам анықталып, бұл соған орай жасалып жатқан сақтық шарасы екен деп түсіндік. Алайда кешкісін подъезд тұрғындары 14 күнге карантинге жабылатындығын айтып, бәрімізді аң-таң қылды. Шындығы керек, үйде азық-түлік болса да 14 күнге жететін қорымыз болған жоқ. Содан көршілердің бәрі шырылдап қалды. Алайда Тараз қаласы әкімдігінен келген адамдар еш нәрсені уайымдамасақ болатындығын айтты. Шынында, екі апта бойы қала әкімдігі азық-түлікпен де, қажетті тұрмыстық заттармен де қамтамасыз етті. Сондай-ақ демеушілердің есебінен екі мезгіл ыстық тамақ та келіп тұрды. Көршілермен де сөйлесуге тиым салынғандықтан үйде бала тәрбиесімен айналыстық. Сабақтарына барынша көңіл бөліп, спортпен шұғылдандық. Жолдасым жұмыс бабымен бірде Қызылорда да, бірде басқа қалада жүретіндіктен оны көп көрмейтінбіз. Карантиннің бір пайдасы күйеуіммен түсінісіп, балаларым да әкелерімен ойнап, құмарлары қанды. Жасырмаймын бастапқыда балаларыма өте қиын болды. Ойын баласы болғаннан кейін сыртқа шығаруын сұранып, жылады. Алайда балалардың ойын басқа арнаға бұрып, жолдасым екеуіміз солардың жағдайын жасаумен болдық. Тағы бір айта кетерлігі, әлеуметтік желілерде бізді «тегін тамақ ішіп, рахаттанып жатыр» деп жазғандар болды. Алайда дәл көрші үйден жұқпалы індет шыққанын ойлап, есіктің тұтқасын ұстаудың өзінен қорқатын жағдайды ешкімнің басына жазбасын деп тілеймін. 14 күн бойы қамалып қана қоймай, «індетті балаларымның бірі жұқтырып алған жоқ па» деген үреймен отыру азаптың-азабы. Сондықтан бізді әлеуметтік желілерде жазғандардың пікірі орынсыз деп есептеймін. Алайда басқа облыстарға қарағанда бізде карантинде жатқан жандарға деген қамқорлықтың ерекше болғанын айта кету керек. Шындығы керек, жергілікті билік бізге жасағандай дүниені басқа өңірлерде де жасап жатыр деген ақпаратты бірде-бір жерден кезіктірген жоқпын. Сондықтан облыс әкіміне, қала басшылығына, біздің денсаулығымызды күнделікті тексеріп отырған медицина мамандарына айтар алғысым шексіз. Алла бізге жасаған жақсылықтарыңызды өздеріңізге еселеп қайтарсын. Қазір подъездің 27 тұрғыны далаға шығып, балаларымыз есік алдында жүгіріп рахаттанып қалды. Карантин кезінде кредиттерімізді төлей алмай қалып, электронды нұсқада өтініш жазып кейінге шегерттік. Жұмыссыз ретінде 42500 теңге үстеме ақыны алдым. Қазір соңғы төленбей қалған коммуналдық төлемдерімді тексеріп жатырмын. Осы қарыз-құрызымыздан құтылсақ, қалыпты күнімізді қайта кеше бастаймыз. Бізбен бірге болып, жәрдем қылған барша жандарға тағы шексіз алғысымды айтамын, – деді Аягөз. Иә, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді дана қазақ. Карантиннен кейінгі тұрғындардың қазіргі қуанышы мен балалардың асыр салып жүгірген шаттығында шек жоқ. Ал кеше 10 ықшамауданындағы №31 үй тұрғындары да карантиннен азат етілді. Алла бұйыртса карантинде жатқан өзге де подъезд тұрғындарына осындай игі таңды көруді жазсын деп тілейміз.

Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы