Әл-Фараби мұрасы және тарихи сананың жаңғыруы
Әл-Фараби мұрасы және тарихи сананың жаңғыруы
628
оқылды
Биылғы жылғы келелі істің бірі және бірегейі әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығы мерейтойының да шымылдығын түріп отырмыз. Президентіміздің өткен жылдың 26 тамызында «Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» жарлығына сәйкес ЮНЕСКО қолдаған бұл шара рсеми түрде қаңтар айынан бастап – мұғалім әс сәни атындағы киелі Ұлттық университеттен басталды. Бұл университеттің ғұлама кемеңгер бабамыз әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби есімімен аталатыны бәрімізге мақтаныш! Әлемдік өркениеттер, әлемдегі таңғажайып жетістіктер қандай да бір мемлекеттер мен қоғамдарға тән болғанымен, сол өркениетке қолтаңбасын қалдырған жекелеген тұлғалар үлесінен азат емес. Әр дәуірдің жасампаздары тарихта олардың аты аталса да, аталмаса да сайып келгенде адамзат үшін, жалпы адамзаттың игілігі үшін тер төккендер. Олар уақыт пен кеңістікті де қатар бағындырғандар. Себебі, олар ғасырлар мен мыңжылдықтар тасасында қалып қойған жоқ – әлі де аталады. Олардың есімі Афины иен Отырар маңында ғана емес – әр жерде де айшықталады. Ондай тұлғалар жүз жылда, тіпті мың жылда бір рет қана туылады. Сондай адамзаттың кемеңгері Қазақ топырағында дүние есігін ашқан әлемде Аристотельден кейінгі екінші ұстаз болып танылған ойшыл, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, логик, сазгер, жалпы сан саланы зерттеуші әмбебап ғалым Әбу Насыр әл-Фараби. Бұл ретте ЮНЕСКО-ның игі шарасы бұнымен шектелмейтінін айта кетейік. ХХІ ғасырдың бастауында Халықаралық ұйым ЮНЕСКО-ның шешімімен «Философтар күні» әрбір жылдың қараша айының төртінші бейсенбісінде ресми мереке ретінде аталып өтілетін болып бекітілді. Бұнымен қоса беделді халықаралық ұйымның әр жылдағы 14 қаңтарды «Бүкіләлемдік логика күні» деп белгілегені де әл-Фарабидей тұлғалардың осы саладағы зор үлесіне мән бергендік деп топшылауымызға негіз болады.  Бұл  философиялық Рухты жаңғыртудың соны жолы іспеттес. Аталмыш шара әлемге аты мәшһүр болған тұлғалардың  мұрасын ой елегінен қайтадан өткізіп саралау арқылы жүзеге асады. Бұл жерден рухани қазынамызға тек мерейтой науқанында ғана емес жүйелі түрде оралу аңғарылып отыр. Ендеше, ұлы ұстазға қатысты біз де үнімізді қоса кетейік. Адамзат тарихының руханияттылық кеңістігінде орта ғасыр кезеңіндегі араб-мұсылмандық мәдениеттің алатын орны ерекше. Өйткені, ол бүкіл Еуропаның қайтадан жаңғыруына (ренессансына) зор ықпал етіп, «алтын көпірлік»  рөл атқара алды.  Осы дәуір тарихи тағылымда өз орнын айшықтаған көптеген ғалымдар легін дүниеге алып келді. Ғылыми әдебиеттерде бұл дәуірдің өзін «шағылысты ренессанс» деп те атап жүр. Сол ойшылдардың бірегейі  қазақ топырағынан шыққан түркілік әмбебап-ойшыл – Әбу Насыр әл-Фараби.  Ал оның мұрасын өскелең ұрпақтың санасына жеткізу бабамыздың мұрасын зерттеуші басқа да отандық ғалымдарымызбен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде қызмет атқарып жүрген әрбір ұстаздардың міндеттерінің бірінен саналады. Оның әлемге танымал «Екінші ұстаз» атағына ие болуы тек мақтаныш туғызатын дүние  ғана емес, сонымен қатар, ойшылдың мұра етіп қалдырған шығармашылығын түбегейлі талдап, өскелең ұрпаққа өнеге ретінде насихаттай отырып, шынайы рухани болмысын ашып берумен келіп ұштасады. Ол әмбебап ойшыл ретінде қоғамдық ғылымдар – философия, психология, саясаттану, теология, этика, жаратылыстану ілімдері – математика, физика, космогония, астрономия т.б. шұғылданған ғалым бола отырып, музыка теориясымен де, поэтикамен де айналысып,  энциклопедизмнің биік шыңына шыққандығы белгілі. Антикалық мұралардың әрбір саласына назар аударып, әсіресе, гректердің классикалық философиясының өкілдері – Платон мен Аристотель және т.б. еңбектерін араб тіліне аударып қана қоймай, оларға түсіндірмелік (герменевтикалық) талдаулар жасап, адамзат руханиятындағы философиялық ой танымның сабақтасуына ықпал етті. Әрине, өкінішістісі, ойшыл-ғұламаның 200-ден артық ғылыми трактаттарының, бізге келіп жеткені тек жетпістер шамасында. Ал бізге жетпей, әлі де қазақ тіліне аударылмай жатқаны қаншама десеңші! Демек, біз, данышпанның көзқарастарын қаншама зерттесек те, әзірге, оның рухани болмысының тек үштен бірін ғана тануға мүмкіндігіміз бар деген сөз. Әл-Фараби мұраларын зерттеп, оның идеяларын қайта жаңғырту,  ұрпақтарымызға үлгі-өнеге ретінде әйгілеу – баба рухы алдындағы парызымыз ғана емес, түркі руханияты мен ілім-білімінің сабақтастығын әлемге паш етумен, ғылым дамуындағы оның орнын айшықтап, идеяларын қазіргі заман тұрғысынан таразылаумен келіп жалғасын табады. Әл-Фарабидің мол мұрасын зерттеу біздің елімізде 1970 жылдардан бастау алып, тиісті бағытқа ұласып, бұл бағыт оның шығармаларын жүйелі түрде зерттеуді өз нысанына айналдыра алды. Бастапқыда А. Машанов, А. Қасымжанов, М. Бурабаев, А. Көбесов т.б. сынды ғалымдар зерделеген ғылыми ізденістер қазіргі таңда әл-Фараби мұраларын зерттейтін арнайы  орталыққа айналып отыр. Осындай арнайы «орталық», философияда қалыптасқан «фарабитану» Қазақстанның әлемдік ғылымға қосқан сүбелі үлесі. Бүгінгі таңда әл-Фараби мұраларын тереңірек зерттеп,  тарихи сананы жаңғыртуда қара шаңғырамыздың атауы осы ғалым есімімен аталғандықтан, орны қашанда ерекше екендігі сөзсіз. Соңғы жылдары ойшыл мұрасын саралауға байланысты қолға алынған игілікті шаралардың бірі – «Фараби оқуларын» өткізу. Онда әмбебап-энциклопедист ойшылдың көп салалы ғылыми туындаларын терең зерделеп, қайта жаңғыртып, келер ұрпаққа паш ету жүйеге түсірілген. Бүгінгі таңда университетімізде жаңадан тұрғызылған іргелі ғимаратқа орналасқан ғылыми кітапханаға да Әл-Фараби есімі берілген. Екі миллионнан астам кітап қоры мен 20 000-нан астам оқырманы бар  кітапхана өз ресурстарын электрондық желіге көшіріп, ХХІ ғасырдың ғылыми-танымдық сұраныстарына жауап беретін мекемеге айналып отыр. Осы кітапхананың ғимаратында Республикалық әл-Фараби ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік орталығы 1993 жылы 1 қаңтарда Қазақстан Республикасы Білім Министрлігінің 1992 жылы 21 қазан № 407 Бұйрығы мен 1992 жылы 14 қазан айындағы Ғылыми Кеңес шешіміне сәйкес ашылды. Орталықтың негізгі қызметі – әл-Фараби және басқа да көрнекті қазақ ғалымдары мен ойшылдарының еңбектерін жан-жақты зерттеу және ол шығармаларды оқу үрдісі мен ғылыми зерттеулерде кеңінен қолдану мақсатында жұмыстар жүргізу болып табылады.  Ол бүгінгі таңда философия және саясаттану факультеті философия кафедрасының профессор-оқытушыларының қызметінің нәтижесінде қанат жаюда. Қазіргі кезде әл-Фараби мұрасын осы университеттің барлық мамандықтағы студенттеріне насихаттау үшін философия кафедрасы «Әл-Фараби мұрасы және қазіргі заман» атты арнайы курсты жүйелі түрде жүргізуде. Бұл курста тарих қойнауынан сыр шертетін бабамыздың өмірі мен шығармашылығы, еңбектерінің мазмұны, ғылымға қосқан жаңалықтары бүгінгі заманның көкейкесті мәселелерімен байланыстырыла қарастырылады. Ойшылдың мұраларын жаңғырту, оны ұрпақтарымыздың бойына сіңіру, идеяларын зерделеу мақсатында 1992 жылы философия және саясаттану факультеті философия кафедрасы жанынан «Кіші Фараби академиясы» құрылған болатын. Бұл академия бір қырынан ғылыми-зерттеулермен айналысса, екінші жағынан студенттердің Фараби туралы идеяларын насихаттап, үлгі-өнегелік бағыт берумен де шұғылданады. Студенттердің өзін-өзі басқаратын бұл академияда ой еркіндігі негізге алынып, олардың талғам-сұраныстары ескеріліп, танымдық-шығармашылығының жетілуіне де игі жағдайлар жасалған. Университеттің барша студенттеріне арналған «Айналаңды нұрландыр» атты тәрбиелік мәні бар іс-шаралар аясында өткізілетін оқылуға тиісті «100 кітап  бағдарламасының» ауқымында бабамыздың: «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары», «Бақыт жолын сілтеу», «Бақытқа жету жайында», «Логикалық трактаттары», «Философиялық трактаттары» және т.б.  туындыларына толыққанды талдаулар жасау арқылы әлемдік деңгейдегі данышпанның мұралары насихатталады. Әл-Фарабидың арқасында әлем ғылым мен техникадағы жетістіктерге жетті, әл-Фарабидың арқасында әлем ізгілікке ден қойды, әл-Фарабидың арқасында батыс Аристотельді жаңа танып, жаңаша түсінді. Жаныған сайын өткірлене беретін кездік сияқты әл-Фарабидың мол мұрасы да таныған сайын толыса береді, түрлене береді. Ол түгесілмес кен, алтын қазына. Себебі ол «рухани» мұра. Рухани мұра – мәңгі энергия. Зерттеген сайын қуаттана береді және қуаттандыра береді. Бір басына орасан зор жауһар дүниелер тән әл-Фараби әрдайым жасай береді.

Л.Ә. Асқар, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия кафедрасының ұстазы.

Е.Е. Қошқарбаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия кафедрасының ұстазы.