Банк саласы бабына келмей тұр
Банк саласы бабына келмей тұр
375
оқылды
Қазақстанда кез келген дағдарыс мемлекеттің мил­лиард­тар шығындап, банктерді құтқаруымен есте қалады. 2009-2010 және 2015-2017 жылдары да солай болған. Алайда осы жолы бәрі басқаша: сарапшыларды биліктің ең алдымен ха­лық пен бизнесті қолдауға күш салуы сүйсінтті. Әйтсе де, бұл банк секторы проблемадан ада дегенді білдірмейді. Же­ке­леген банктердің дәрменсіз жағдайға жете бастағаны соны көр­сетеді. Сәуір айында Tengri Bank клиенттері ірі қалалардың өзін­де ақша алуда және басқа да банк операцияларын жүргізуде қиын­дық­қа кезікті. 16 сәуірде Қаржы на­­рығын реттеу және дамыту агент­­­тігі төрағасының бірінші орын­басары Олег Смоляков: «Тengri Bank банкрот болатынына қатысты қандай да бір шешім немесе факт жоқ» деп мәлімдеме жа­­сады. Сонымен бірге ол мем­ле­кеттің банкті құтқарудан бас тар­татынын аңғартып, «оны қол­­дау – акционердің міндеті» деп ескертті. Ізінше, 22 сәуірде қар­жы реттеушісі қатаң шешімін жа­рия етті. Агенттік клиенттерден тү­сіп жатқан мәселелер бойынша жос­пардан тыс тексеру жүргізіліп жа­т­қанын хабарлай келе, банк қо­жайынына қаржы институтын күй­реуден аман алып қалуына бір-ақ апта уақыт берді: ірі акцио-нер – Punjab National Bank-ке (PNB) Тенгри банктің капиталын 30 сәуірге дейін арттыру талабын қойды.  

Келісім табылмаған жерде тұрақтылық жоқ

ТЖ кезеңінде Tengri Bank клиент­­тері өз есепшотынан қар­жы ала алмады. Төлем картасын пай­далану да мүмкін болмады. Western Union және Золотая Ко­рона жүйелері арқылы ақша ау­дару толық тоқтатылды. Банк өзі­нің негізгі акционеріне қолдау көр­сету туралы өтінішпен жү­гін­ген. Алайда Үндістанда COVID-19 вирусы таралуына тос­қауыл қою бойынша қатаң ша­ра­лардың енгізілуіне орай PNB бас­шылығының шешімін алудың өзі біраз уақытқа созылыпты. Жал­пы, Punjab National Bank – ак­тивінің көлемі жөнінен үнді елі­нің екінші мемлекеттік банкі. Ол жаһандық «үлкен төрттікке» кіретін консультациялық агент­тік­терді тарту туралы шешім қабыл­да­ған. Соның есебі негізінде қа­зақ­стандық банкті тұрақтандыру жос­пары әзірленбек. Айта кеткен жөн, 2019 жылғы ма­мырда еліміздің үш шағын бан­кі – Tengri Bank, Capital Bank Kazakhstan және AsiaCredit Bank бірігу туралы шешімді ма­құл­дады. Алайда артынша PNB бұ­лардың қосылуына келісімін ке­рі қайтарып алды. «Аса ірі ак­­­ционердің келісімінсіз бірі­гу процесін аяқтау мүмкін бол­май­ды. Punjab National Bank аса ірі акционер ретінде банктің 41,64% акциясына ие», – деді Tengri Bank. Үшінші тараптың тыс қалуына қарамастан, 2020 жылғы ақпанда «Capital Bank Kazakhstan» АҚ-ы мен «AsiaCredit Bank» АҚ басшылығы бірігу жоспарын жү­зеге асыруды жалғастыруға ұйғар­ды. Ал биылғы сәуірде Moody's ха­лықаралық агенттігі Тенгри банк­­тің ұзақмерзімді депозиттік рей­­тингін B2-ден Caa3-ке дейін құл­дыратты. Moody's сарап­шы­­лары оның өтімділігінің на­шар­лауына, пруденциалдық нор­мативтерді орындамауына және кор­поративтік қақтығысқа душар болуына байланысты осындай қа­дамға барған көрінеді. Негізі, Caa санаты қаржы институтының қа­рыз міндеттемелері «өте төмен са­пада және тәуекелі жоғары екенін» біл­діреді. «Банктің өтімділігі бүгінде оның жалпы активтерінің 4%-ын ға­на құрайды. 2019 жылғы 1 қаң­тар­да шамамен 18% болған. Бұл үрдіс банктің клиент базасының азай­ғанын көрсетеді. Tengri Bank ак­тивтерінің сапасы айтарлықтай тө­мендеді: мәселен, төлеу мерзімі өтіп кеткен несиелердің жалпы со­масы осы жылғы 1 қаңтардағы 12,1%-дан 1 наурызда 20,9%-ға дейін өсті», – делінген Moody's есе­бінде. «Оның рейтингі Тимур Қуа­ны­шев пен Ержан Шайкенов қа­­­тысқан заңгерлік дауларға бо­ла төмендетілді. Ол дау өткен жы­лы банктің корпоративтік іс-әрекеттеріне және банк бас­қар­ма­сы мен директорлар кеңесі құ­ра­мының жиі өзгеруіне қатысты бол­ды. Қазіргі уақытта банктің ди­ректорлар кеңесінде аса ірі ак­ционер PNB өкілі қалмады. Бұл оның сын-қатерлерге же­дел үн қату қабілетіне нұқсан кел­­­­­тірді», – дейді халықаралық са­рап­шылар. Лавлин Мальхотры «зей­неткер жасына жетті» деген не­гізбен директорлар кеңесінен шы­ғарылыпты. Нарықтағы Tengri Bank үлесі мар­дымсыз: бүкіл сектордағы жал­пы активтердің 0,4%-ы және жеке тұл­ғалар депозиттерінің 0,3%-ы ға­на соған тиесілі.    width=  

Тенгри банкке жан кірді ме?

Ұзақ ырғасқан соң жуықта үн­­­­­ді­лік банк қазақстандық се­рік­­­те­­сіне қолдау көрсетіп, қаражат бе­руге ақыры келісті. Тенгри банк өзінің барлық қаржылық мін­дет­темелерін толық көлемде және уа­­­қытылы орындауға мүмкіндік ал­­ды. Өзара келісім аясында банк кре­­диттің бірінші траншына қол жет­кізіпті. Осылайша, ол қар­­­­жы­­лық реттеу агенттігінің та­ла­­бын орындауға кірісті. Ақша алу­дағы және төлем карталарын пай­да­лану­дағы шектеулер де жойылуы тиіс. Банктің ресми мәлімдемесіне жү­гінсек, «Үлкен төрттіктің» кон­сал­тинг агенттігі «тұрақтандыру жос­парын» дайындағаннан кейін банктің қанша көлемде ка­пи­талданатыны және акционердің ак­­­циялардағы үлесі қаншаға ұл­ғай­тылатыны жөнінде шешім қа­был­данады. Әзірге консалтинг агент­тігі осы бағытта жұмыс іс­теу­де. Tengri Bank АҚ басқарма төра­ғасы Паван Сингхтің айтуынша, біріншіден, «күмәнді кредиттердің тө­лемі уақытында түспеуі», екін­ші­ден, ТЖ енгізілуіне байланысты қа­зақстандықтарға несиені өтеуді кейінге қалдыруға мүмкіндік бе­рілуі қаржы құрылымының қиын­дыққа тап болуына әкеліп соқты. – Банк проблемалы қарызды қай­тару, берешекті өндіру бағы­тын­­дағы жұмысқа ерекше көңіл бөлу­де. Осы мақсатта кепілге қойыл­ған мүлік сатылып жатыр. Бұл елеулі ұйымдастырушылық жә­не материалдық шығындарды та­лап етеді. Егер қызықса, клиент­тер жылжымайтын және жыл­жи­тын мүлік тізімімен танысып, оны жақсы жеңілдікпен сатып ала алады. Сондай-ақ активтерді қай­тару жұмысы аясында Қазақ­стан­ның құқық қорғау органдары бірнеше қылмыстық іс қозғады. Атал­ған іс бойынша тергеу ша­ра­лары жүргізілуде, тиісінше олар­ға қатысты түсініктеме бере ал­май­мыз, – деді Паван Сингх. Ол қазақстандық банкте үнді та­ра­пының мүддесін әзірше өзі ұсы­натынын жеткізді. PNB-ның директорлар кеңесіндегі жаңа өкілінің кандидатурасы ке­­лі­сім­нен өтіпті, бірақ ол ак­цио­нер­лер­­дің жалпы жиынында ға­на та­ғайын­да­лады. Ол жиын 17 сәуір­де өтуі тиіс еді, пандемия, ТЖ және әуе қа­тынасының тоқтауы оған мүм­кін­дік бермепті. Енді тө­тен­ше жағ­­дай 11 мамырда бітеді деп кү­тілу­­де. Осыған байланысты ак­­­цио­нерлердің құрылтайы 15 ма­мыр­ға белгіленіп отыр.  

Банк секторы күйзелісте

Елдегі біраз банк өз қожайын­­да­рына алақан жайып жатқан кө­­рінеді. Өйткені бұрынғыдай мем­­лекетті арзан әрі ұзақ мерзімге қар­­жы беруге көндіре алмай отыр. Мы­салы, Еуразиялық банктің жал­­ғыз акционері «Еуразиялық қар­­жы компаниясы» АҚ агенттік та­­лабымен банк капиталын 4 трил­­лион теңгеге толықтырды. Қаржылық реттеу агенттігі қа­­зақ­стандық банктер ел заң­на­ма­­сында бекітілген нормаларды сақ­­тамайтынын хабарлады. Мұны 2020 жылғы І тоқсан қорытындысы бойынша жүргізілген талдау мен мониторинг көрсеткен. Нә­­­­­ти­же­сінде, банктердің ісі­нен заң­бұзу­шылықтар анық­тал­ды. Қаржы қыз­­меттерін тұ­тыну­шы­лардың құ­­қы­ғын аяқ­қа тап­таған банктерге 15 әкімші­лік жаза қолданылған, 16 заңбұзушылықты түзету ұсынымы бе­рілген, 3 ескерту жасалған. Биыл­­­­ғы 3 ай қорытындысында банк­­тер жалпы сомасы 3,8 млн тең­­ге айыппұлмен жазаланды. Дағдарысқа байланысты биыл отандық біраз банк өз ак­цио­нерлеріне 2019 жыл қо­ры­тын­дысы бойынша дивиденд тө­­­леу­ден де бас тартты. Мәдина Әбіл­­қасымова басқаратын агент­тік оларға осындай кеңес бер­ген. Дегенмен бұл – қазіргі ха­лық­­­аралық тәжірибе. Наурыз ая­­­­­ғында Еуропа орталық банкі және Англия банкі қаржыгерлерге дивиденд төлемеуге және төл ак­ция­ларын кері сатып алмауға ұсы­ным берді. Осының арқасын­да банктер қолында қалатын қо­сымша қаражат оларға корона­ви­рус пандемиясы кезінде шы­­­­­­­ғын­дарының бір бөлігін жабуға жә­­не несиелендіруді арттыруға мүм­­кіндік береді. Қазақстан қаржыгерлер қауым­дастығының басшысы Елена Бах­мутованың байламынша, дағ­да­рыс нақты сектордың да­­муына теріс әсер етті, яғни өн­ді­ріс доғарылып, банктер ірі клиент­терінен айырылды. Оның үстіне, төтенше жағдай кезінде кре­дит төлемін кейінге қалдыру (отс­рочка) шарасы да секторға соққы бол­ды. Мысалы, 1,4 миллион заем­шының берешегін төлеуі кейін­ге қалдырылды. Оның 12 мың­нан астамы – бизнес кәсіп­орын­дары. Мұның бәрі отандық банк­тердің кредиттік портфелінің сапасына теріс ықпал етеді. Демек, бо­лашақта басқа банктерде де мә­селелер туындауы ғажап емес.  

 width=   Айхан ШӘРІП