Мал ашуы – жан ашуы
Мал ашуы – жан ашуы
1,614
оқылды

Біріңді қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос. Абай

Мал ұрлығы ел ішін жайлаған індеттей әлеуметтік кеселге ай­нал­ғалы қашан?.. Осы індеттің бетін қайтаруға барынша үлес қоспақ ниетпен журналист аға­йындар соңғы жылдары атал­ған тақырып­ты жиі ны­санаға алып жүр. Бұған бірден-бір себеп – мал ұрлығына қатысты ел-жұрттың тарапынан арыз-шағымның жиі­леуі. Ауыл­дағы қарапайым аға­йын­ның не­гізгі күнкөріс көзі – алдындағы азын-шоғын түлігі. Сондықтан да «Мал ашуы – жан ашуы» дегендей, ақ-адал еңбегі­мен өсіріп-өндіріп отырған бала-шағасының нәпа­қасын ұры-қары қолды қылғанда кім-кім­нің де зығырданы қайнары кәміл. «Ұры-қары» деген негізі құ­лаққа жеңіл­деу есті­леді, әйт­песе, бүгін өз­генің төрт түлігіне көз сала­тындар негізінен мал ұр­лы­ғына әбден маманданған нағыз баукеспе, яғни кәнігі ұрылар. Үшбу тақы­рыпты журна­листік тұрғыдан індете зерттей жүріп, мынандай жайттарға көз жеткіздік:

Қазақы әсіре көңілшектік, яғни ұры немесе ұрылар ұрланған малдың ақшалай немесе малдай орнын толтырса, мал ие­сінің кешірім беруі. Бұл адамгершілік, мұсылманшылық тұрғысынан қарағанда, әрине, дұрыс көрінеді. Яки, шығынның орны толды, болды емес пе?! Алайда «Дән­деген қарсақ құлағымен ін қазатын­ды­ғын» һәм «Ауру қалса да, әдет қалмайтынын» неге ескермейміз? Тұтылған ұры шығын­ның орнын толтырып, кешірім сұрап құ­тылғаннан кейін біразырақ уақыт тыныш жүреді де, сосын «баяғы әніне» қайтадан басады. Суыт жүрісі, сұғанақ тірлігі тағы әшкере болса, алдыңғы ұрлықтан түскен ақша есебінен шығынды толты­рып, өтірік мүләйімси кешірім сұрап және құтылады. Мұндайда пролетариат жазушысы Максим Горькийдің «Жауды аяған жаралы» деген ел ішінде, халық арасында мәтелге айналған сөзі еске түседі...

Егер «Ауруын жасырған өледі» дегенге сайып сөз саптар болсақ, Батыс Қазақстан облысында мал ұрлығына маманданған­дардың дені – қазақтар. Тура осы мәселеге қатысты кең-байтақ Қазақстан­ның өзге өлке-өңірлеріндегі де жағ­дай біз айтып отырған ащы шындықтан алшақ емес. Ұры­лар­дың ар-ұяттан безгені соншалық, олардың арасында өздерінің құ­дайы көршісі мен құда-жекжатына қоса, тіпті ет жақын ағайын-туы­сының да малын ұр­лаудан жүзі жанбайтындар баршылық. Енде­ше, «Ұры алыстан келмейді» деген­ді қазекем әбден көзі жеткен­нен кейін айт­қан болып тұр ғой. Міне, біздің «Апырым-ай, қа­зақтың жа­уы қазақ бол­ғаны ма?..» деп іштей күйі­ніп отырғанымыз да сол себепті...

Жергілікті жұрттың «Аудан-ауыл­дар­дағы құқық қорғау құры­лымдарының қызметкерлері мал ұрлайтындармен ауыз жаласқан ым-жымы бір сыбайлас» деп күйі­не сөйлеп, ашына айтатын пі­кірлері­нің жаны бар. Осы сөзі­мізге бір дәлел, Сырым, Қаратөбе аудан­да­рында орын алған мал ұрлау фактілері бойынша Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газе­тінде жария­ланған мақала-материал­дардың ық­палымен 2016-2017 жылдары Сырым аудандық ішкі істер бөлімінен бас­шысы бар, қосшысы бар 17 поли­цей, ал Қаратөбе аудандық ішкі істер бөлімінен басшысы бар, қосшысы бар 6 полицей, екі ау­дан­ды қоса есептегенде, ұзын саны 23 полицей әртүрлі әкімшілік жауапкер­шілікке тартылды. Бұ­лардың біразы тіпті лауа­зымды қыз­метінен айырылса, кейбіреу­лері керек десеңіз, құқық қорғау құрылым­дарынан біржола алас­та­тылды. Мұны азсынсаңыз, мал ұрлығына тікелей қатысы барлығы дәлелденіп, алды сегіз жылға сот­талған 8 баукеспенің арасында тіпті құқық қорғау құрылымда­ры­ның бұрынғы екі қызметкері бар болып шықты.

Мал ұрлығын тіркеу мен тергеу бары­сында малын жоғалтқан адамды әуре-сарсаңға салу яки қарапайым халықты запы қыла­тын бюрократиялық шырғалаң әлі де сап тыйылған жоқ. Демек, ау­дан-ауылдардағы құқық қорғау құры-лымда­рының басшы-қос­шы­сының осы «кәсіби дерттен» дереу арылғаны ең алдымен, өздеріне абырой.

Сөз соңында айтарымыз, Қазақстан Бас прокуратурасына қарасты Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жө­ніндегі комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша басқармасы ұсынған мәліметтер негізінде біз ақпаркесте (инфографика) түздік. Бұл ақпаркестеде соңғы үш жыл және биылдың алғашқы үш айы қамтылған. Осы деректер арқылы мал ұрлығына қатысты облыстың қай ауда­нында қандай ахуал қалыптасып отыр­ғанын өзіңіз-ақ аңғара аласыз...

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

Батыс Қазақстан облысы