Аладдин мен адамға айналған Жын
Аладдин мен адамға айналған Жын
1,009
оқылды

Сиқырлы шамды үйкелесең, ішінен Жын атып шығады. Оған үш тілегіңді айтсаң, демде орындайды. Тек өлгенді тірілту, тірі адамды өлтіру және біреудің жүрегін жаулау сияқты арманнан басқасы, әрине. Тоқсаныншы жылдары талайдың сүйікті мульт­фильміне айналған «Аладдинге» Disney студиясы ремейк жасады. Оқиғаның желісі сақталғанымен, жаңа көзқарас пен жеткізу тәсілі көзге ұрып тұр. Айталық, Жасмин ханшайым – бұрын­ғыдай махаббат нысаны ғана емес, әкесінің тағына отырып, халқы­на жанашыр болатын феминис­тік ұстанымы бар кейіпкер. Араб түнінен сыр шерткен шығыс ертегісінің тұсаукесеріне куә болдық. Қазақ тіліне тәржіма­ланған туынды жайлы толы­ғырақ тарқатқанды жөн көрдік.

Әлқисса, фильм баршамызға та­ныс «Араб түні» әнімен баста­лады. Осының өзі «Аладдиннің» фанаттары үшін ғана емес, бала­сын ерте келген ата-анаға да ұнары хақ. Араб атмос­ферасына алғашқы минуттардан-ақ енуге мүмкіндік береді. Улап-шулап, азан-қазан қайнаған базардағы тір­шілік. Қу жетім қалған Аладдин қар­нын тойдыру үшін әр саудагерге бір ұрлыққа түседі. Оның бұл сұғанақ­тық қасиетін Агроба жұртының бәрі біледі. Қуса да, жете алмайты­нына көндіккен. Әрі кетсе қарғай­ды да, қолды бір сілтейді. Иығына ыңғайлы жайғасқан маймылы Абу – сенімді серігі. Қаланы үтір-нүктесіне дейін білетін екеу ра­сында серіктес секілді. Бір-біріне қол ұшын беруден тайынбайды. Әдет­тегідей базар «аралап» жүрген сәтінде Аладдиннің жетім бала­ларға нан берген бір қызға көзі тү­седі. Сауда­гердің «ұрыны ұстаң­дар» деген сәтінен қызық баста­лады. Екі жастың ара­сында сезім ұшқыны пайда болатын кез – осы. Жасмин ханшайым екенін жа­сырып, жай ғана қызметшісімін деумен шектеледі. Ел ішіне осылай жа­сырынып, сарайдан қашып шыға­тын ханшайым халқына өте жақын. Жүрегі осы еліне кө­мектессем деген ақ пейілге толы. Әйтсе де, мұрагер ұлы жоқ сұлтан қызына тағын табыстау туралы ойламайды. Бұл орынға көз тіккен адам да жоқ емес. Залым уәзір Жафардың патша орнын көздеп жүргеніне көп болды. Бұл тілегін орын­дау үшін шөл даладағы жартаста жасырынған сиқырлы шамға қол жеткізу керек. Оны алу әсте оңай емес. Үңгірге тек жүрегі ақ жан ғана кіре ала­ды. Осылайша, Жафардың күні «бар болғаны екінші, сұлтанның уәзі­рісің» деп қайталайтын тотықұсымен өте береді. Жасминге ғашық болып қалған Аладдин сұлудың білезігін қайтару үшін қыруар күзеті бар са­райдан бірақ шығады. Аты шыққан ұры болғанымен, залым­дығы жоқ, ниеті таза жан еді. Сарайдан шыға берісте Жафардың қолына түсіп, шамды алып беруге міндеттеледі. Дегенмен зұлым уә­зірдің көздегені іске аспай, шам­ның иесі Аладдин болып шыға келеді. Оқиғаның әрмен қарай қа­лай өрбитінін айтпай-ақ қоя­лық. Мұны фильмнен көріп алар­сыз. Туындыны көруге итер­ме­лейтін бір­неше факторды тізіп береміз.

Disney соңғы кездері ескі мульт­фильмдерді кино қылып жаңа амплуада ұсынып жүр. «Ғажайыптар еліндегі Алиса», «Малефисента», «Күлбикеш», «Дамбо» деп жалғауға болады. Бұл жолғы ремейктің жөні бөлек. Туынды бас кейіпкер арқылы емес, Жынның рөлі арқылы кө­бірек қызықтыратын сияқты. Уилл Смитті осыған дейін атыс-ша­быстан көріп үйренген көрер­мен үшін жаңалық болды. Бізге ол нағыз балаларға ар­налған фильм үшін жаралған актер сияқты әсер етті. Тұнып тұрған хариз­ма, актер­лік шеберлігі тамсандырмай қой­майды. Оның үстіне рэп орындау­шы Уилл мұнда да та­лантын жасырып қалған жоқ. Фильм­ге ен­ген жаңалық та осы болды. Актердің ойыны жөні­нен Смитті мақтаға­нымыздай, қа­зақша дубляжда да Дәурен Серғазинді ерекше атап өту керек. Жынның обра­з­ын соншалық шебер дыбыстап шықты. Біле білсеңіз, «Дисней» дуб­ляж жасаушыларды қатаң іріктеуден өткізеді.

Студиямен белсене жұмыс атқарып жүрген «Болашақ» кор­по­ра­тивтік қо­рындағылар кас­тингке 50 шақты адамның қатыс­қанын айтып отыр. Нәтижесінде, Жасминді Шахназ Қызы­ханова, Жынды Дәурен Серға­зин, Жафарды Нұрлан Әлімжанов, сұлтанды Тілектес Мейрамов ды­быстаған. Disney дубляж бары­сында актерлердің сөйлеуі түп­нұсқамен сәй­кес келуіне баса мән береді. Сон­дықтан аударма тек мәтін жағынан үйлескенімен қоймай, актер аузының ашылып-жабылғанын да қамтиды. Тағы бір айта кетерлігі, атақты студия бас кейіпкер Аладдиннің рөлін та­нымал емес, жас актердің дыбыс­тауы керек деген шарт қойыпты. Осылайша, қазақша сайратудың жүгі Айсұлтан Жалиев есімді ак­терге жүктелді. Міндет орындалған сияқты.

Айтпақшы, Голливуд түсірген туынды шығар тұста трейлерін көріп сын айтқандар көп болды. Кейбірі қара нәсілді Уилл Смиттің рөлді қалай алып шығарын ойласа, енді бірі оның көкпеңбек реңді болғанына да уайым­дап жатты. Одан қалса, Жасминді сомдаған ағылшын актрисасы Наоми Скотт арба аруларына әсте ұқсамайды десті. Есесіне, үлкен экранға бірінші рет шыққан Мена Массуд (Аладдин) – Египеттің тумасы. Нағыз шығыс жігіті екені келбетінен көрініп тұр. Фильмдегі танымал тұлғалардың қатарында Назим Педрад та бар. Ол хан­шайымның қызметшісін сомдады. Фильмді баяндамаймыз деп уәде бергенімізбен, бір қызық деректі айт­пай кетпесек болмас. Жын мен қыз­метші қыз отбасын құрады. Бірақ осы арада біршама оқиғаны бастан өткеру керек. Аладдиннің Әли ханзадаға айналуы, Жынмен екеуінің ажырамас дос болуы, Жафардың шамды иеленуі деген сыңайлы тұстарын ерекшелеп айтайық. Фильмнің ұзақтығы – 128 минут. Бірақ жалықтырмайды. Сюжет елітіп әкетеді. Экран ал­дында өткен екі сағат зулап өте шығады.

Аударма сәтті жасалған. Жа­сандылық жоқ. Әзілдері үйлесімді, тәржімасы сапалы. Қазақша дубляж режиссері – Шах-Мұрат Ордабаев, аударған – Әсел Мамырова. «Өзіңнен баста» жобасының аясында еліміздің жүзден астам актерінің дауысы Walt Disney Pictures қорына тір­келген. Белгілі шетелдік туын­ды­ларды қазақ көрерменге ұсынуды мақсат еткен жоба табысты жүзеге асып келеді. Биылдың өзінде Голливудтың алты фильмі қазақша дыбысталады деген жоспар бар. Наурызда жарық көрген «Дамбо», күні кеше тұсауы кесілген «Алад­дин» – жарыққа шыққандары. Кезекте «Ойыншықтар хикаясы», «Малефисента», «Мұзды өлке-2», «Арыстан патша» тұр. Жай күнде «қа­зақ тілім қор болды» дейтін көрерменге тілдің дамуына үлес қосуға мүмкіндік туып отыр. Кино­театрдан не көрсем десеңіз, қазақша дыбысталған «Алад­динге» барыңыз. Достық, махаббат, ын­сап, билік жайлы ой түйіп, ішек-сілеңіз қатқанша күліп қайтасыз.