Талас Омарбеков «Ашаршылық ақиқатын» айтты
Талас Омарбеков «Ашаршылық ақиқатын» айтты
862
оқылды

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Атаулы дата қарсаңында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Ашаршылық ақиқаты» тақырыбында жиын өтті. Бұл туралы оқу орнының Баспасөз қызметі хабарлады.

Оқу орнының ұжымы мен студенттері қатысқан басқосуда осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков ұлт тарихындағы зобалаң турасында кеңінен әңгіме өрбітті. Бүгінде «аштық» тақырыбы аз айтылған жоқ. Бұл мәселе жан-жақты зерттелді де. Алайда осы мәселеге деген посткеңестік елдердің көзқарасының әртүрлі болуы – әлі күнге дейін ойды сан-саққа жүгіртуге негіз болып отыр.

– Кеңестік кезең тарихы туралы әңгіме өрбіткенде қазақтың ашаршылық апатынан қырылуы еріксіз еске түседі. Большевиктер өкіметті басып алғаннан кейінгі жылдары қазақ жері екі дүркін – 20-шы және 30-шы жылдар басында жан түршігерлік ашаршылықты бастан өткерді. Осы зобалаңдарда қазақтың қырылғаны қырылып, аман қалғаны бас сауғалап, халық ретінде жойылудың аз-ақ алдында қалды, – деп атап өтті Талас Омарбеков.

Тарихшы қазақтың аштыққа қалай ұрынғандығы жайындағы сауалға жауап беріп, тың мұрағаттық мәліметтермен бөлісті.

– Ақиқатқа жүгінсек, аштықтың төркінінде большевиктер партиясының көсемі Лениннің және оның партиялас серіктерінің іздері сайрап жатыр. Сөзіміз дәлелді болу үшін «Ұлы көсемнің» көзі тірі кезіндегі зобалаңға бір сәт көз жүгіртіп өтейік. Мұхамеджан Тынышпаевтың есебі бойынша 1917 жылы Қазақстанда 2 910 000 қазақ өмір сүрген болса, М. Сириустың 1924 жылғы жүргізген санағы бойынша қазақтар саны 1 965 443-ке әрең жетіп жығылған. Табиғи өсімді есептемегеннің өзінде 1 млн. қазақ қайда? Профессор С. Швецов есеп-қисап бойынша тек 1921 жылғы ашаршылық салдарынан Қазақстанда болған кемудің өзі ғана 30 пайыздан кем емес екендігін айта кетеді. Мұны нақты деректер де мақұлдайды, – деді өз сөзінде тарихшы.

Талас Омарбековтың айтуынша, Қазақстандағы 1921-1922 жылғы ашаршылыққа, шындығына келсек, ауа райының құрғақшылығы емес, өздері өкіметті бір түнде басып алған соң, кешікпей-ақ азамат соғысы тұтанатынын, ал одан шаруашылық күйзеліп, халық аштан қырылуы мүмкін екенін біле тұра қатерлі бағыттарынан қайтпай қойған большевиктер және олардың партиясының біржақты саясаты кінәлі.

– Мұндай қасіретті тарихты, 31-мамырда ашаршылық құрбандарын әрқашан еске алып отыру бүгінгі және кейінгі ұрпақтың әруақтар алдындағы басты борышы. Ұлттың кешегісін ұмытпай, әрдайым жадымызда ұстауымыз керек, – дейді зерттеуші.

Сондай-ақ жиын барысында Қыздар университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Айнагүл Қайыпбаева мен Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің оқытушылары тақырып төңірегінде пайымды ойларымен бөлісіп, ғалымға ізгі ниетін білдірді.

«Тұлғалар тағылымы» жобасы аясында ұйымдастырылған шарада Талас Омарбековтың ашаршылық тақырыбы төңірегінде жарық көрген ғылыми еңбектерінің көрмесі де көпшілік назарына ұсынылды.