Адамгершілік қасиеттер мен ұлттық құндылықтар баланың бойына бірінші кезекте отбасы арқылы сіңіріліп, шаңырақтағы шаттық пен өзара сыйластық арқылы өркендейді. «Мерейлі отбасы – мемлекеттің уығы» деген сөзді де осынау ерекшеліктерді жанымен түсіне білгендер айтқан болар. Осы орайда жыл сайын бірнеше кезең бойынша ұйымдастырылып, оза шапқандар елорда төрінде марапатқа бөленетін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының берері мол, үйретері көп екенін мойындаған жөн. Жақында осы ұлттық байқаудың облыстық кезеңінің қорытындысы шығарылып, Жетісу жерінің таңдаулы отбасылары санатына іліккендер облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдіуалиевтің қолынан марапаттарын алды.
Биыл байқаудың бірінші кезеңіне қатысушылар қатары жылдағыдан артық болды. Сексенге жуық отбасы алғашқы сатыда бақ сынады. Әділқазылар алқасының сұрыптауынан сүрінбей өткендер екінші кезеңге жолдама алып, қайтара сынаққа түсті. «Жылдың үлгілі отбасысы» атануға талпынғандар арасында көпбалалы отбасылар, шығармашылықпен шұғылданатын және өндірісті өрге сүйреген, нәпақасын ауыл шаруашылығынан тапқандар, мұғалімдер, механизаторлар, споршылар, кәсіпкерлер жанұялары болды.
Талдықорғандағы талай-талай ұлы істерге, шарапатты шараларға, мәртебелі жиындарға куә болған Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет сарайына жиналғандарды «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы облыстық кезеңінің сәтті аяқталуымен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары:
– Бүгінгі мерекенің мәні зор, мағынасы терең, мәртебесі аса жоғары! Отбасы – баға жетпес байлық, құнын жоғалтпас құндылық. Мыңжылдықтар сынынан сүрінбей өтіп, алға жылжыған ғасырлармен бірге бағасы арта түскен құндылықтарды қадір тұтқан отбасы кез келген қоғамның адамгершілік ұстанымдары мен ұлттық салт-дәстүрлерінің сақтаушысы саналады. Елбасы өзінің стратегиялық даму жоспарларында жазылған әлемдегі дамыған мемлекеттер қатарына қосылу жөніндегі міндеттемелерінде еліміздің елдігін сақтап қалудың маңызын ерекше атап келеді. Ал мемлекеттің мәртебесі әрбір отбасының бүгіні бекем, болашағы жарқын болуына тікелей байланысты. Сондықтан әр шаңырақта шаттық нұры ойнап, өзара сыйластық пен түсіністік салтанат құрсын, – деген облыс әкімінің орынбасары «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде алдан көрінгендерді марапаттады.
Үшінші орынға үш бірдей отбасы ие болды. Олар – Еңбекшіқазақ ауданының намысын қорғаған Әлімбековтер, талғарлық Күшбаевтар және Кегеннен келген Әлдібековтер отбасы. Бұлардың үшеуіне де дипломдар мен 250 мың теңгенің сертификаты тапсырылды.
Алакөлдік Зуевтар, ескелділік Қасеновтер, жамбылдық Сембиевтер шаңырақтары екінші орыннан көрініп, ауылдарына дипломдары мен 300 мың теңгенің сертификаттарын алып қайтты.
Балқаш ауданындағы Бірлік атты ауылдың тірлігін ұйытып, табысқа жетелеп отырған «Бірлік» агрофирмасы мен оның білікті басшысы Әбдіжаппар Қыстаубаевты аудан ғана емес, облыс жұртшылығы жақсы біледі. «Құрмет», халықаралық «Лавры славы» ордендерінің иегері, есімі 2008 жылғы «Қазақстанның үздік адамдары» энциклопедиясына енгізілген азамат мықты ұйымдастырушы, білікті басшы ғана емес балалары биіктерді бағындырған, немерелері жетістіктерімен қуанта білген бақытты шаңырақтың отағасы болып шықты. Әбдіжаппар Қыстаубаевтың отбасы ұлттық байқаудың облыстық кезеңінде топ жарды, екі бірінші орынның бірін жеңіп алды.
Кербұлақ ауданындағы ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Баясыл Ақбасовтың отбасы да басқалардан оза шауып, бірінші орыннан көрінді. Кеудесіне Қазақстан халқы ассамблеясының «Алтын жүрек» медалін және тағы да басқа марапаттарды тағынған Баясыл Ақбасовтың ауылдастарына деген қамқорлығы ерекше. Қолынан келгенінше туған жерін түлетіп жүрген азаматтың береке тұнған жанұясы байқау қорытындысына арналған салтанатқа да құралақан келмепті. Бірінші орынның бірін алған отбасы мүшелерінің жерлестеріне жолдаған сазды сәлемдері көпшіліктің көңілінен шықты.
Облыстық кезеңде жеңіске жетіп, бірінші дәрежелі дипломдар мен 1 миллион теңгелік сертификаттарды иеленген осы екі отбасы «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық кезеңінде жетісулықтар атынан сынға түседі.
Алматы облысы
Болат АБАҒАН