Түлектерге тілеріміз – сәттілік
Түлектерге тілеріміз – сәттілік
649
оқылды

Биыл 143 089 түлек мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басты. Сыңғырлаған қоңырау үні 11-сынып оқу­­­шы­лары үшін бұл күні соң­ғы рет соғылады. Білім орда­сы­мен қоштасқан жас талап­керлерді күтіп тұрған талай сынақ бар. Соның бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу. Бұл сәтте бойды билеген толқыныс, қорқыныш пен қуаныш, әр талапкердің көзіндегі үміт оты сөзсіз көрініп тұрады.

Елордада алты мыңнан астам түлек мектеп бітірсе, Алматы мек­­тептерінен сегіз мыңнан аса оқу­шы түлеп ұшты. Нұр-Сұл­тандағы 6274 түлектің 93,3 пайы­зы, яғни 5856 оқушы ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірген. 3,5 мыңы – қазақ тілінде, 2 мыңға жуығы – орыс тілінде және 12 оқу­шы ағылшын тілінде сынақ тапсырады. Биыл бас қалада 324 «Алтын белгіге» және 352 үздік аттестатқа үміткер бар. №54 мек­тепті 151 түлек тә­мам­даған. «Ал­тын белгіге» үміт­керлер санына келер болсақ, №1 мектепте және физика-мате­матика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде (16 адам), №48 мектепте (13 адам), №69, №62 және Нұр Орда мектеп­терінде (11 адам), №61 мектепте және БИЛ-де (ұлдар) 9 оқушы тіркелген.

«Үздік аттестат» алатын үміт­кер­лерге келсек, физика-мате­матика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде (30), БИЛ қыздар (21), Нұр Орда (20), БИЛ ұлдар (19), №51 Назарбаев зияткерлік мектебінде (12) және №1, №17, №56, №66 мектептерде 11 түлектен бар. Соңғы он жылға көз жүгіртсек, 2009-2019 жылдар аралығында 1 598 639 оқушы мек­теп бітірген екен. Соның ішінде ең төменгі көрсеткіш 2017 жыл­дың үлесінде. Ол жылы 127 369 тү­лек оқу тәмамдаған екен. Ке­рісінше, жоғары көрсеткіш 172 762 түлекпен 2012 жылы тір­келген.

Соңғы қоңырау салтанатынан кейін көпшілік көтеретін келесі мәселе – мектеп бітіру кештері. Бұған қатысты түрлі пікір бар. Кей ата-ана «өмірде бір рет қана болатын кешті тиісті дәрежеде өткізу керек» деп қанша қаражат болсын құюға әзір. Енді бірі «мек­теп бітіру кеші ата-анамен, ұстаздарымен жылы атмосферада, естелік сәттерге толы болып мектеп қабырғасында өтуі керек» дейді. Осы мәселе жыл сайын басылым беттерінде талай жазы­лып жүр. Қызыл шығыннан бас тартатын күн қашан туар екен деп жүрсек, биыл сең қозғалып, осы үрдіс ақырын белең алып келеді. Үкімет үйінде өткен жиында Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова «Аталған мәселенің жыл сайын көтері­летінін бәріңіз білесіздер. Бұрын­нан келе жатқан жақсы дәстүр бар. Яғни түлектердің мектеп бітіру кеші оқу ордасының аума­ғында өтеді. Ол жерде мұғалім мен оқушы, түлектер арасында шынайы, емен-жарқын әңгіме болады. Дегенмен өкінішке қарай, соңғы уақытта бұл бәсекеге айналды» деген еді.

Бір қуантқаны, биылғы түлек­тердің біразы мектеп бітіру ке­шіндегі даңғазадан бас тартып отыр. Оған қоса, өзге қатарлас­тарын да шақырып, видео-үндеу жолдағандар бар. Мысалы, Алма­ты облысы Талғар ауданы Бірлік ауылындағы №35 мектеп-гимна­зия­сының, Текелі қаласы №4 мектебінің, Алматы және Нұр-Сұлтан қаласының кей мек­теп­те­рінің 11-сынып оқушылары басы артық шығынның қажеті жоқ деп бейне-ролик жүктеген. Жыл сайын ата-аналардың қалта­сына ауыр­лық түсіретін бұл жайт­тың жаңғырығы осылайша бәсең­деп келеді. Әйтпесе, қымбат мей­рам­­хана, лимузин, белгілі дизай­нер­­лердің ұсынған сәнді кешкі көй­лектері трендтен түспей келе жат­қан еді. Мұндай бәсе­кенің азай­ғаны көңіл марқайтып отыр.

 

Айша ЕРСҰЛТАН