Ниет еттім оразаға...
Ниет еттім оразаға...
519
оқылды
Исламдағы Хижра күн­тіз­бесінің тоғызыншы айы – Рамазан басталды. Исі мұ­­­­сылман қауымы ауыз бе­­кітіп, тамақтан тыйыл­ды. Биылғы карантинде ұзақ уақыт астан алыс жү­ру кейбір кісілер үшін есе­лен­ген сынақ болуы мүм­кін. Алайда Жер шарының шар­­тарабында жайғасқан иман келтірген жұртқа ауыз бекітудің шарты ор­тақ болса да, уақыты сан түр­лі. Рамазан сөзі араб тілінен ау­да­­рыл­ғанда «ыстық», «күй­діре­тін» деген ма­ғы­на береді. Айдың бұл атауға ие болуының бірнеше тү­сіндірмесі бар. Ерте кезеңде шілде маусымын «Рамазан» деп ата­ған. Сонымен қатар «رَمَضٌ» (ромадун) деп қатты шөлдеу нә­ти­жесінде ораза ұстаған адамның іші қызғанын айтады. Сондай-ақ діни түсіндірмесі де бар. Әр елдің сәресісі басқа. Ра­ма­зан айында ауыз бекіту және ауыз ашу уақыты әр елде әртүрлі. Ол мем­лекеттің географиялық ор­на­ласу жағдайына, нақтырақ айт­са сағат белдеуіне байла­ныс­ты. Мәселен, экватордан төмен жат­­қан елдерде ауыз бекіту мер­зімі басқа аймақтарға қарағанда қыс­қа. Айталық, Аустралиядағы Сид­ней қаласында мұ­сыл­мандар биыл 12 сағат ашығады. Сон­дай-ақ Чилидің ең оңтүстік нүкте­сінде жайғасқан Пуэрто На­ва­рино қаласында да ауыз бекіту ұзақ­тығы – 11,5 сағат. Керісінше, солтүстік полюске жақын қа­ла­ларда мұсылман қауымның са­быры сынаққа түседі. Себебі он­да таң­ның атысы мен күннің ба­тысы ара­лығы ұзақ. Мысалы, Еуропаның ең солтүстік нүк­тесінде орналасқан қала – Хам­мер­­фест (Норвегия). Егер алда-жал­да Рама­занда осы қалаға са­парлатып барып қалсаңыз, онда 20 сағат астан алыс боласыз. Фейк. Айтпақшы, бұған дейін әлемде 3,5 сағат қана ауыз бекітетін мекен бар. Ол – Оман сұлтандығындағы Уикан ауы­лы. Бұл – Оман астанасынан 150 шақы­рым қашықтықта жайғасқан, теңіз дең­ге­йінен 2 мың метр биіктікте, яғни таулы мекенде орын тепкен ауыл. Мұнда күн таңғы 11-де атып, 14:30-де кеш батады. Осылайша, ауыз бекіту мерзімі 3,5 са­ғат­тан аспайды деген ақпар тарағаны есі­ңіз­де болар. Алайда бұл шындыққа жа­нас­пайтын хабар болып шықты. Сонау 2016 жылы The Times of Oman газетіне Оманның Қайырымдылық және дін істері жө­ніндегі министрлік өкілі: «Бұл мүмкін емес. Кейбір таулы аудан­дар­да күн­ді көру қиын болса да, бұл күн шық­пайды дегенді білдірмейді», – деп жоға­рыда айтылған мәліметтің жалған екенін растаған. Бірақ ауыл жайлы аңыз әлеу­меттік желіде кең таралып кеткен соң бұл хабарды түрлі сайттар Рамазан айының алдында еске салып, таратып келеді. Жалпы, Қазақстан әлемнің ең солтүстік беткейінде жайғасқан тәуелсіз мұсылман елі саналады. Еліміздің сол­түстігіндегі ең ірі қала – Петропавлда да ауыз бекітіп жүру уақыты ұзақ. Мәселен, 27 сәуір күні 17 сағат 10 минутты құрады. Бұл – салыстырмалы түрде әжептәуір ұзақ уақыт. Себебі Таяу Шығыста жайғасқан көптеген араб елдерінде күннің атысы мен батысының арасы – 12-13 сағат. Бірақ ауа райындағы айырмашылықты да еске сала кеткен жөн шығар. Бұл күндері Таяу Шығыстың ірі қалаларында сынап бағанасы 30-38 градус ыстықты көрсетіп тұрса, Қызылжарда 19-22 градустан аспайды.    width= Қасиетті қала жабық. Рамазан – құлшылық айы. Бұл айда мұсылман баласы намазы мен дұғасын оқып, тәпсі тартуын арттырады. Имамдар сауабы еселенеді дейді. Ал Меккедегі Қағбада құлшылық жасау – көпшілік мұсылман үшін арман. Мұнда  оқылған бір намаз басқа мешіттерде оқылған намаздардан 100 мың есе артық екенін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде айтып кеткен. Бірақ қазір Қағба жабық. Қасиетті құлшылық орны 40 жылдан соң (1979жылы теракт) алғаш рет жабылды. Себеп – әлемді шарпыған коронавирус пандемиясы. Инфекция одан әрі тарамау үшін мұнда құлшылық жасауға уақытша тыйым салынды. Мұны орынды шешім деуге толық негіз бар, өйткені жыл сайын осы уақытта қасиетті қалаға 2 миллиондай мұсылман бет алатын. 27 сәуір күнгі мәлімет бойынша, Сауд Арабиясында коронавирус жұқтырған 17 522 науқас тіркеліп, оның 139-ы көз жұмған. Егер Мекке мен Медине қаласы жабылмаса, онда жағдайдың қалай ушығарын елестету де қиын. Ашығудың ағзаға пайдасы жайлы бұған дейін айтылып та, жазылып та жүрді. 2016 жылы жапон биологы Йоси­нори Осуми аутофагия процесін зерт­тегені үшін Нобель сыйлығының лауреа­ты атанды. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл жасушалар өзінің құрамдас бөлік­терін бұзатын, қайта өңдейтін немесе «жейтін» процесс. Аутофагия жасушаның жаңаруына энергия, жаңа «құрылыс заттарын» береді. Егер ағзаға инфекция түссе, онда аутофагия процесі арқылы вирустар жойылуы мүмкін. Сондай-ақ аутофагия ағзаның қартаюының салда­рымен де күресе алады. Ал адам ашық­қанда аталған аутофагия процесі жылдам жүруі мүмкін. Себебі сырттан тамақ келмеген соң ағзадағы жасуша қажет энергияны өзіндегі ақуызды өңдеу арқылы алады. Бұдан бөлек, Оңтүстік Калифорния университетінің ғалымдары 2017 жылы Cell ғылыми журналына өз жұмысының нәтижесін жариялаған. Оған сәйкес, ашығудың имитациясын жасайтын диета ұйқы безінің жасушаларын қал­пына келтіре алады. Ғылыми зерттеуді тышқандарға да, адамдарға да өткізген. Ашығу барысында тышқанның ұйқы безінде регенерация процесі басталып, бұрын іске қосылмаған жасушылар қалпына келген. Яғни, ашығу инсулин бөлмейтін ұйқы безінің кейбір бөлік­теріне дұрыс қызмет етуге түрткі болуы мүмкін. Осылайша, белгілі уақытқа тамақтан тыйылу диабетпен күресуге де көмегін тигізуі ғажап емес. Ораза экономикасы. Рамазан айы мұсылман елдерінің экономикасына да ықпал етеді екен. Гарвард университетінің зерттеушілері Филипп Кампанте және Дэвид Янагизава-Дротт 1950 және 2011 жылдар аралығындағы мұсылман елдер­дің экономикасын бақылаған. Нәти­жесінде, Рамазан айында мұсылман мемлекеттерде ІЖӨ 0,6-0,9 пайызға кеміген. Әсіресе, егер ораза мерзімі жаз айларына келсе, шығын сезілген. Ал Мысырда ауыз бекіткен жұмысшылардың жұмыс өнімділігі 30-35 пайызға кемігені анықталған. Алайда экономиканың тамақ өнеркәсібі, базарлар, кафе-мей­рам­ханалар табысы күрт артады екен. Яғни, бес парыздың экономикалық әсері сан түрлі. Сондай-ақ Кампанте және Яна­гизава-Дротт өз зерттеулерінде Рама­заннан кейінгі мұсылман қауымның әл-ауқатын тексерген. Ол үшін 1981 және 2008 жылдар аралығындағы құн­дылықтар туралы халықаралық сауал­намаларды зерттеген. Олар оразадан соң мұсылман жұртының жағдайы жақсар­ғанын байқаған. Себебі діни жорал­ғыларды атқарған адамдар өзін бақытты сезінген.  

 width=   Нұрмұхамед БАЙҒАРА