Әкім ашық сабаққа қатысты
Әкім ашық сабаққа қатысты
466
оқылды

Алматы облысындағы 768 мектептің 14 мыңнан астам түлегі мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қадам басты. Жер-жерде соңғы қоңырау мерекесі өткізілді. Облыс басшысы Амандық Баталов Талдықорғандағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне барып, ұстаздар мен оқушыларды оқу жылының аяяқталуымен құттықтап, түлектерге сәт-сапар тіледі.

Мемлекет қамқорлығының арқасын­да білім саласының дамып, бәсекеге қабілетті бола түскеніне тоқталып, өңірде заманауи мектептер салынып, білім нысандарының материалдық-техни­ка­лық базалары нығайтылып, педагогика­лық ұжымдарға тиісті қолдау шаралары көрсетіліп отырғанын айта кетті. Жетісу жеріндегі білім саласы бағындырған биіктерде Назарбаев Зияткерлік мекте­бінің үлесі зор екенін де еске салды.

– Құрметті жас түлектер, оқушылар, ұстаздар мен ата-аналар! Бұл мектепке үнемі үлкен толқыныспен келемін. Се­бебі, Талдықорған қаласындағы Назар­баев Зияткерлік мектебі елімізде жүзеге асырылып жатқан жарқын жобалардың бірі және алға жылжыған жылдармен бірге өзіне артылған үмітті толығымен ақтап келеді. Мұнда сендерге сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған. Талдықор­ған­дағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қатарынан бес мәрте үздік олимпиадалық мектеп атануы – сіздердің және мектеп педагогтары еңбегінің жемісі. Соңғы қоңырау – балалықпен қоштасу мен жаңа өмірге аяқ басудың белгісі. Әрқашан өздеріңе білім берген мектептеріңмен, өскен қалаларыңмен, бар күш-жігерін жұмсап, сендерді оқытып, тәрбиелеген ұстаздарыңмен, сендерді аялап өсірген ата-аналарыңмен және әрбір адамның дамуына мүмкіндік жасап отырған тәуелсіз Қазақстанмен мақтана біліңдер. Армандарың айқын, талаптарың биік, жолдарың ашық, сапарларың сәтті бол­сын! – деген Амандық Ғаббасұлы ата-аналарды, ұстаздарды, оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтады.

Мектеп директоры өзі басқаратын ұжым мен мектеп оқушыларының алғы­сын жеткізді. Облыс әкімдігінің мектепке 3D принтер сыйға тартқанын айрықша атап өтті.

Соңғы қоңырау салтанаты барысында 2018-2019 оқу жылының қорытындысы шығарылып, озат оқушылар марапат­талды. Атап айтқанда, оқуда үздік, түрлі пән олимпиадаларында, ғылыми кон­курстарда, мектептің қоғамдық өмі­рінде жетістіктері бар 8 оқушы «Жылдың үздік оқушысы» аталымының жеңімпазы атанды. Олардың арасында оқу жылы бойы «Уикипидия» онлайн-энцикло­педиясының контентін толықтыруға үлес қосқан 11 «А» сынып оқушысы Алмас Нұрғалиев, 11 «Д» сыныбының оқушысы, жалпы білім беру пәндері бойынша математикадан республикалық олим­пиаданың күміс жүлдегері, Украинада математикадан өткен Еуропалық олимпиаданың қола жүлдегері Аружан Сабырбек, 12 «С» сынып оқушысы, биология бойынша ғылыми жобалар республикалық конкурсының 1-орын иегері, жалпы білім беру пәндері бо­йынша ғылыми жобалар конкурсының 1-орын иегері Оксана Дмитриенко және тағы басқалар бар.

Дәстүр бойынша «Жылдың үздік шаңырағы» топтық аталымының жүл­дегерлеріне кубок тапсырылды. Халықаралық аккредитация өткізу процесіне қосқан үлесі үшін мектептің қамқоршылық кеңесінің төрағасы Арыстанбек Стыбаевқа алғысхат берілді.

Мұнан соң мектеп оқушылары да­йын­даған концерттік бағдарлама ұсыны­лып, оқу жылының аяқталғанын айғақ­тай­тын қоңыраудың соңғы сыңғыры қа­­ғылды. Салтанат қонақтары мен мек­теп ұжымы, оқушылар қызу қол соғып, түлектерді соңғы сабаққа шығарып салды.

Амандық Баталов жұртпен бірге мектеп ішін аралап, оқушылармен, ата-аналармен әңгімелесті. Оқушылар робототехника, ауыл шаруашылығы, са­лаларындағы өздерінің ғылыми-зерт­теу жобаларын, ғарышты игеру сынды зерттеулерімен таныстырды. Облыс әкімі мектеп бітірушілердің сынып сағатына қатысып, онда өзінің мектеп бітіргеннен кейінгі мамандық таңдауы жайындағы естеліктерімен бөлісті.

 

Алматы облысы

Болат АБАҒАН