Индерде іргелі істер жүзеге асуда
Индерде іргелі істер жүзеге асуда
441
оқылды

Индер ауданы – Атырау аймағындағы іргелі, халық көп шоғырланған аудан. Оның жерасты байлығында есеп жоқ. Индердің ас тұзының өзі жергілікті халық үшін бренд болып, сауда айналымында табыс әкелуде. Бүгінде ауданның экономикасы мен әлеуметін дамыту мақса­тын­да өндіріс орындары ашылып, жергілікті тұрғындар жұмысқа тартылып жатыр.

Жуырда Индер аудандағы Есбол, Бөдене ауылы тұрғындары сан жылдар бойы күткен жаңа мәдениет үйі пайдалануға бе­рілді. Аудан орталығында «Ақтау Битум» құрғақ қоспа зауытының пайдалануға берілуіне орай рес­ми шаралар өтті. Индер ауданы тұрғындары асыға күткен жаңа нысандардың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Таубаев, Индер ауданы әкімі Мейірім Қалауи, «Теңізшевройл» компаниясы өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.

«Ақтау Битум» құрғақ қоспа зауыты бұған дейін жобалық қуа­ты 125 мың тонна гипс шығаруды қамтамасыз еткен, құрғақ құры­лыс қоспаларын өндіру жылына 150 мың тоннаны құрап, кейін қаржылық қиындықтарға байла­нысты өндірісін тоқтатқан зауыт­тың орнынан ашылды.

Бұрынғы зауытты жандан­дыру жұмыстары өткен жылдың қыркүйегінде шешімін тапқан. «АзияКредитБанкі» мен Fincraft Resources акционерлік қоғамы жалға алу арқылы сатып алу ке­лісім-шартын жасасты. Келісіл­ген шешім бойынша Fincraft Resources компаниясының енші­лесі – «Ақтау Битум» серіктестігі жыл басында зауытты қайта жаңғырып, пайдалануға беруді қолға алды. Бұрынғы зауыттың ескі техникаларын қалыпқа келтіріп, жаңасын әкелді. Жаңа ашылған зауыттың құрал-жаб­дық­тары Түркия елінен әкелін­ген. Онымен жұмыс істеуге бі­лікті мамандар тартылған. Зауыт басшылығы өндіріс толық қуа­тына қосылғанда жергілікті жер­ден сексеннен аса жұмысшыны қызметке алуды жоспарлап отыр.

«Ақтау Битум» құрғақ қоспа зауытының қаржы жөніндегі ди­ректоры Дамир Мусиннің ай­туынша, заманауи жаңартыл­ған зауыттың 120 мың тонна өнім шы­ғаратын мүмкіндігі бар. Ши­кізаттың тоқсан пайызы – жергі­лік­ті жерден. Зауыт еліміздің гипс тас пен құрғақ құрылыс қос­­­па­ларына деген сұранысының бір бөлігін қамти алады. Өндіріс орнынан 30 шақырым жерде гипс өндіретін және ұсақтап сұрыптайтын кешен жұмыс іс­тейді. Бұл жерден 0-300 фракция­лы гипс тасын алуға болады. За­уыт жеке теміржол тұйығымен қам­тамасыз етілген. Осының бәрі сапалы өнімді тұтынушыға кедергісіз жеткізуге мүмкіндік береді.

Сайып келгенде, құрылыс нысандарын салудан рекордтық көрсеткішке жетіп отырған аймақ үшін, зауыттың өнімдері нарықта сұранысқа ие болатыны сөзсіз.

Аудан экономикасын дамы­татын зауыттың ашылуымен қатар, аудан тұрғындары үшін екі мәдениет үйінің ашылуы айтулы жаңалық болды. Жаһандану кезеңінде, ұлт тари­хының мәде­ниеті мен құнды­лық­тарын білу, насихаттау әрі сақтау елді бекемдеудің тікелей кепілі. Бұл тұрғыда аудан орталы­ғынан шалғай аумақтағы ауыл­дардың да руханияттан кенде қалмай, мәдениет пен өнерге атса­лысуы үшін мәдениет үйлері­нің болуы заңдылық. Оны ха­лық­тың өзі аңсап отырғаны да сөз­сіз. Сон­дықтан да болар, мә­де­ниет үй­ле­рінің ашылу салта­натына келген жұртшылықта есеп болмады.

Индер ауданының «Бөдене» және «Есбол» ауылдарындағы жаңа мәдениет үйлері «Теңіз­шевройл» ЖШС-нің «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасы аясында салынған.

Аудан халқының қуанышына Атырау облысы әкімінің орын­басары Нұрлан Таубаев пен «Теңізшевройл» ЖШС-нің ме­неджері Әсет Құрманбаев бас­таған компания өкілдері арнайы қатысты.

– Еліміз егемендік алған күн­нен бастап Тұңғыш Президент Н. Назарбаев ең бірінші әлеумет­тік салаларға көңіл бөліп, халық­тың жағдайын жақсартуға ден қойды. Бүгінгі салтанатты шара осы бастаманың бір көрінісі болып отыр. Осы ғимараттарды салуға демеушілік жасаған ком­пания мен мердігер мекемеге ал­ғыс білдіреміз. Өңірімізде мә­де­ниетіміздің дамуы жақсы ­же­тіс­тіктерге жетіп қуанта бер­сін, – деді облыс басшысының орынбасары Н.Таубаев.

– ТШО компаниясы көп жылдан бері облыста 84 әлеумет­тік инфрақұрылымдық нысан салған болатын. Бүгін кезекті ны­сандардың ашылуына куә­ ­бо­лып отырмыз. Нысанның са­лы­нуына екі жыл уақыт кетті. ­Бө­­де­не ауылындағы 200 адамдық және Есбол ауылындағы 300 орын­дық мәдениет ошақтары толықтай қажетті жабдықтармен және ұлттық аспаптармен ­жаб­дық­талған, – дейді Әсет Құрманбаев.

Мәдениет саласының арда­герлері еліміз егемендік алғаннан бері салынып тұрған мәдениет үйінің жұмыс істеп тұруына аудан, облыс басшылары атса­лысып, рухани іс-шаралар жиі өткізіліп тұрса деген тілегін жеткізді.