Сыр бойынан шыққан IT саласының сиқыршысы
Сыр бойынан шыққан IT саласының сиқыршысы
558
оқылды

Сырбойылық бағдарламашы IT жобасы арқылы 25 миллион теңге тапты.

Түрлі компьютерлік кескіндемелер жасайтын Евгений Демиденко осыдан 2 жыл бұрын бастаған биологиялық процестердің 4D анимациялық үлгісін даярлап шықты.

Женяның бұл жұмысы Оңтүстік Кореяда өткен ғылыми жобалар олимпиадасында үздік деп танылды. Өнертапқышты әлемнің бірнеше топ бизнес университеттері білім алуға шақырды. Мектепті «Алтын белгімен» аяқтаған дарынды өрен қабілет-қарымын шыңдап, оны мемлекет пайдасына жұмсауды басты парызым деп санайды.

Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсендісі – Евгений Демиденко IT технологияларды терең меңгеріп, ел мерейін асыруға мүдделі. Республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған дарынды өрен ойлап тапқан ұшақ үлгісіне әйгілі «Бойнг» компаниясы құда түскен. Женя ұшу аппараты нобайын жасағанда негізінен қоршаған ортаға зияны неғұрлым аз болуына мән береді.

– Оның біраз ерекшеліктері бар. Ең маңызды тұсы, ол ұшақ – гибрид. Отынмен және электр тоғы күшімен бірге жұмыс істейді. Әлемде, ғаламшарда экологияны құтқару керек деп айтып жатады. Міне ұшақты жасақтауда мен экологияға әсеріне ерекше назар аудардым.

Евгений қазір ютуб ресурсына балама бағдарлама жасау үстінде. Одан бөлек электронды сауда желісін жеделдететін онлайн-тетік төңірегінде еңбектеніп жүр. ІТ жобаларын қолдауға қызығатындар да көп.

– Көбінесе Қытай компанияларынан ұсыныс көптеп түсті. Бірақ мен оларға қызығып жатқан жоқпын. Осы жобаларды алғаш рет Қазақстанда жариялағым келеді. Қазақстанда жақсы дәрежеге жетсе әлемдік деңгейге көрсеткім келеді. Қазіргі уақытта ең бірінші Қазақстан дамуына үлес қосқым келеді және сол бағытта ойланып, сол бағытта жобалар дайындап жатырмын, – дейді жас талант.

«Мұрагер» мектебінің білімпаз түлегі болашақта жас құрастырушылар мен өнертапқыштар қорын құруды ұсынады. Өйткені, аймақта жобалары қолдауға тұрарлық дарынды жастар өте көп. Көпке үлгі бола білген Сыр ұланы келешекте 3D-4D анимациялық технологияны қолданатын «Дисней» секілді ірі компания ашуды армандайды.

Н.Сағатұлы,

Қызылорда облысы