Байтасов аудиториясы ашылды
Байтасов аудиториясы ашылды
569
оқылды

Ішкі істер министрлігі мен Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиевтің бастамасымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Халық қаһарманы Ғ.Байтасовқа арналған аудитория ашылды.

Жамбыл облысы Полиция департаменті басшылығы бастамасымен және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті рек­торы Ғалымқайыр Мұтановтың қолдауымен заң факультеті аудиторияларының біріне осы ЖОО қабырғасында оқыған Халық қа­һарманы, полиция капитаны Ғазиз Бай­та­совтың есімі берілді. Азаматтарды құт­қару, бейбітшілік пен тыныштықты қамта­ма­сыз ету үшін өмірін құрбан еткен азамат­тардың арасында Жамбыл облысы Жол полициясы жеке батальонының бірінші взвод командирі, террористі ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция капитаны Ға­зиз Байтасов­тың есімі ерекше. Ол – Ха­лық қаһарманы атағына ие болған Қазақ­стан­дағы алғашқы және әзірге жалғыз полицей.

Салтанатты шараға ІІМ орынбасары, полиция генерал-майоры Рашид Жақыпов, Генералдар кеңесінің төрағасы, полиция генерал-майоры Рүстем Қайдаров, Жамбыл облысы Полиция департаментінің және ҚазҰУ-дың Заң факультетінің қызмет­керлері, сондай-ақ Ғазиз Байтасовтың отбасы мүшелері мен туыстары қатысты. Бүгінде Ғазиз Байтасовтың ұлы Арманжан ҚазҰУ-де білім алып жатыр. Шараны Жам­был облыстық Полиция департаментінің Кадр саясаты басқармасының аға инспек­торы, полиция майоры Гүлмира Қойшы­баева жүргізіп, батырдың ерлігіне тоқталып өтті. Ең алғаш болып сөз алған Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов:

– Ғ.Байтасов атындағы аудиториядағы сабақтар ЖОО студенттері үшін азаматтық ұстанымды қалыптастыруда және кәсіби қызметті жүзеге асыру кезінде патриотизмді дамытуда серпін болмақ, – деп атап өтті. Келесі кезекте Генералдар кеңесінің төрағасы Рүстем Қайдаров, сондай-ақ Ғ.Байтасовтың ағасы Үсіпәлі Қалиев сөз сөйлеп, Ғазиздің ерлік істері мен батылдығы туралы, азаматтардың өмірін құтқару үшін өз өмірлерін құрбан еткен ерлерді ешқашан ұмытпауымыз керегін айтты. Олар осы университет түлектерінің Отанға адал және кәсіби қызмет етіп, қоғамдық тәртіпті қам­тамасыз етуде лайықты қызмет ететініне сенім білдірді. Өз кезегінде батырдың жұ­байы Гүлжамал Тәжиева Ғазизді ұмытпай, есімін құрмет тұтып жүрген барша ІІО қыз­меткерлеріне алғысын білдірді.

 

Жамбыл облысы

Ерман ӘБДИЕВ