Ішкі істер министрлігі мен Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиевтің бастамасымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Халық қаһарманы Ғ.Байтасовқа арналған аудитория ашылды.
Жамбыл облысы Полиция департаменті басшылығы бастамасымен және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың қолдауымен заң факультеті аудиторияларының біріне осы ЖОО қабырғасында оқыған Халық қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың есімі берілді. Азаматтарды құтқару, бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз ету үшін өмірін құрбан еткен азаматтардың арасында Жамбыл облысы Жол полициясы жеке батальонының бірінші взвод командирі, террористі ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың есімі ерекше. Ол – Халық қаһарманы атағына ие болған Қазақстандағы алғашқы және әзірге жалғыз полицей.
Салтанатты шараға ІІМ орынбасары, полиция генерал-майоры Рашид Жақыпов, Генералдар кеңесінің төрағасы, полиция генерал-майоры Рүстем Қайдаров, Жамбыл облысы Полиция департаментінің және ҚазҰУ-дың Заң факультетінің қызметкерлері, сондай-ақ Ғазиз Байтасовтың отбасы мүшелері мен туыстары қатысты. Бүгінде Ғазиз Байтасовтың ұлы Арманжан ҚазҰУ-де білім алып жатыр. Шараны Жамбыл облыстық Полиция департаментінің Кадр саясаты басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Гүлмира Қойшыбаева жүргізіп, батырдың ерлігіне тоқталып өтті. Ең алғаш болып сөз алған Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов:
– Ғ.Байтасов атындағы аудиториядағы сабақтар ЖОО студенттері үшін азаматтық ұстанымды қалыптастыруда және кәсіби қызметті жүзеге асыру кезінде патриотизмді дамытуда серпін болмақ, – деп атап өтті. Келесі кезекте Генералдар кеңесінің төрағасы Рүстем Қайдаров, сондай-ақ Ғ.Байтасовтың ағасы Үсіпәлі Қалиев сөз сөйлеп, Ғазиздің ерлік істері мен батылдығы туралы, азаматтардың өмірін құтқару үшін өз өмірлерін құрбан еткен ерлерді ешқашан ұмытпауымыз керегін айтты. Олар осы университет түлектерінің Отанға адал және кәсіби қызмет етіп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде лайықты қызмет ететініне сенім білдірді. Өз кезегінде батырдың жұбайы Гүлжамал Тәжиева Ғазизді ұмытпай, есімін құрмет тұтып жүрген барша ІІО қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Жамбыл облысы
Ерман ӘБДИЕВ