Жастарға жайлы жер
Жастарға  жайлы жер
478
оқылды

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада Jastar коуоркинг орталығы ашылды. Бұл жерде оқырмандар бос уақытын тиімді өткізіп, түрлі іс-шара ұйымдастыра алады. Сүйікті кітабыңызды құшақтап өзіңізге ыңғайлы бұрышқа жайғасыңыз. Болмаса, кітапхана қорындағы кітапқа тапсырыс беріп, жайлы атмосферада кофе ішуіңізге болады. Мұндай орталықтар еліміздің түкпір-түкпірінде ашылып жатыр.

Кітапханаға кірген бойда бесінші қабатқа бет алыңыз. Заманауи стильде жабдық­талған жаңа коуоркинг ор­талыққа бас сұқпай кетпеңіз. Бұлай деуге себеп те жоқ емес. Өйткені бұл – нағыз де­малыс аймағы. Орталық 7 аумаққа бөлінген. Бірін­ші­сі – кітап оқитын жер. Яғни, кітабыңызды әкеліп жайғассаңыз да, кітапха­надан тапсырыс берсеңіз де болады. Екінші аумақ – достармен кездесетін орын. Шығармашылық кездесулер, жастардың жаңа жобалары­ның тұсаукесерін, басқа да түрлі ке­ліссөздер жүргізуге бо­лады.

Егер ұйымдастыратын іс-шараның ауқымы кең болса, оған да мүмкіндік жа­салған. Ол үшін үшінші ау­маққа өтесіз. Мұнда семи­нар-тренингтер, онлайн-трансляциялар мен вебинар­лар ұйымдастыруға болады. Сонымен бірге, кино көр­сетілімдері, музыкалық кеш­тер өткізуге де ыңғайлы. Бір айта кететіні, зулап тұрған интернет пен барлық қажет техника мен жиһаз бар. Кі­тапхана қызметін қолдануға болатыны жөнінде жоғарыда айтқан едік. Әр оқырманға қордағы кітаптармен қатар, кітапхана жазылған отандық және шетелдік мәліметтер базасы қолжетімді. Conversation room деп аталатын ау­мақта іскерлік кездесулер не болмаса кеңес беру істерін атқаруға болады. Ол үшін қа­жет жабдықтың бәрі бар.

Көңіл мен көзді қуант­қаны – relax tapchan. Ұлттық стильдегі бұл аумақта малдас құрып, жайғаса аласыз. Оюмен көмкерілген көрпе жаюлы тұр. Бір сөзбен айт­қанда, әрі демалып, әрі кітап оқып, таным көкжиегін кеңейтемін деген адамға мүмкіндіктің бәрі жасалған. Сондай-ақ шай-кофе ішемін десеңіз, кафе-поинт ашық.

Қаланың қақ ортасынан орын тепкен орталықта жанға қажеттің бәрі бар. Керегі – кітап оқуға деген құлшыныс қана. Әдетте, үйге сыймай, тыныш бір жерде, бұрышқа тығылып сүйікті әдебиетіңізді парақтағыңыз келетін кез бола ма? Ендеше, мұндай мүмкіндік еліміздің көптеген кітапханаларында қолжетімді болып отыр. Қабырғаға кітап сөресіне ұқсайтын жапсырма қағаз желімделген. Сәл жақын­дасаңыз, кітаптың суреті мен атауы тұрғанын көресіз. Бұның бәрінде QR-код бар. Яғни, смартфоныңыздағы арнайы қосымшаның кө­мегімен сол кітаптарды оқи аласыз.

Орталықтың салтанатты тұсаукесер рәсімін Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер депар­таментінің директоры Әбіл Жоламанов пен Әбіш Кекілбаевтың немересі Абыл Кекілбаев өткізді. «Кітап жанашырлары үшін бұл – қуанышты жаңалық. Қазақта мұндайда «орта толсын» деп жатады. Әу баста коуоркинг-орталық ашу туралы ұсы­нысты кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаева айтқан кезде министр Арыстанбек Мұхамедиұлы бірауыз сөзге келместен қолдаған еді. Со­ның нәтижесін бүгін көріп отырмыз. Іргелі шаңырақтан орын тепкен орталықта әлі талай іс-шаралар өтетініне сенімдіміз. Жастар жылы аясындағы жағымды жаңа­лық болды», – деді құттықтау сөзінде Әбіл Жоламанов.

Статистика комитетінің мына дерегі көзімізге түсті. 2014 жылы елімізде 4 293 194 жас тіркелген екен. Жыл өткен сайын бұл шама азайып келеді. Мысалы 2015 жылы – 4 206 037, 2016 жылы – 4 099 272, 2017 жылы – 3 995 896 және 2018 жылы 3 900 834 жас болыпты. Әлбетте, кейбірі жастар са­натынан шығып, келесі са­натқа ауы­сып жатады. Енді бірінен көз жазып қалдық. Десек те, демографиялық ахуал­дың жақсарғанын жақ­сы көреміз. Соның ішінде білікті, білімді, белсенді жас­тардың көбейгенін қалай­мыз.

Аймақтар бойынша ста­тистикалық деректерді де шолып шықтық. Республика бойынша жастары көп облыс – Түркістан. Мұнда 472 908 жас тұрады екен. Керісінше, Солтүстік Қазақстан облы­сында жастардың қарасы аз. Бар болғаны 104 074 жас тіркелген. Мегаполистерге келсек, Алматыда – 423 809, Нұр-Сұлтанда – 225 775 және Шымкентте 222 750 жас бар.

 

Айша ЕРСҰЛТАН