ЖИТС жұқтырған балалар, оларға қандай көмек керек?
ЖИТС жұқтырған балалар, оларға қандай көмек керек?
707
оқылды

Денсаулық – барлық игіліктен жоғары тұратын бірінші байлығымыз. Техника мен технология қарыштап дамыған бүгінгі таңда медицина саласындағы білікті, озық ойлы мамандардың өзін ойлан­ды­рып, емі табылмай келе жатқан дерттің бірі – ЖИТС (жүре пайда болған иммунитет тапшылы­ғының синдромы). Өкініштісі, бала бойындағы бұл сырқатты жою мүмкін болмай тұр.

Психо-әлеуметтік көмек қажет

Аталған дерт осы уақытқа дейін 35 миллионнан астам адамның өмірін жалмады. Халықаралық қауымдастықтың 2030 жылға дейінгі тұрақты даму саласындағы ең маңызды мақсаттарының бірі халық денсаулығына қауіп төндіріп отырған ЖИТС індетін тоқтату болып отыр. АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы) жұқпасы балалар арасында да кең таралып келеді. Әлемде 14 жасқа толмаған 120 000-ға жуық бала ЖИТС-пен байланысты себептерден көз жұмады екен. 

– Балалар мен жасөспірімдер АИТВ инфекциясы алдында анағұрлым осал. Бүгінде Қазақстанда АИТВ-ға шалдыққан 530 бала мен жасөспірім тұрып жатыр. 2017 жылы әлемдегі АИТВ-ны жұқтырған 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдер саны 250 мың адамды құрады. ЮНИСЕФ-тің болжамына сай, бұл үрдіс сақтала берсе 2030 жылға қарай АИТВ-сы бар жасөспірімдер саны 3,5 миллионға жетеді, – дейді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитный.

Бүгінде ЖИТС вирусы таралатын бес жол бар: нашақорлық ар­қылы (есірткіні көк тамырға жіберген кезде, шприцті бірнеше адамның қолдануы), донорлық жол­мен (тексерілмеген қанды, мү­шелерді трансплатациялау кезінде), гомо­сексуалдар арқылы (біржы­ныстылар арасындағы жыныстық қатынас), анадан нәрестеге жұғу (ЖИТС ауруына шалдыққан жүкті әйелден балаға), гемофилия ауруына шал­дыққандар арқылы (гемофи­лия – қанның ұйымауы). Өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде 14 жасқа толған 448 бала есепке алын­ған. Олардың әрқайсына АИТВ жұқпасын сапалы емдеу қыз­меті ғана емес, мамандар тарапынан психо-әлеуметтік көмек қажет. Ақыл-кеңес беру және әлеуметтік қолдау жас­өспірімдер мен оларға күтім жа­саушыларға емделу тәртібін ұстауға, психикалық денсаулыққа қатысты мәселелердің алдын алуға және өмір сүру сапасын жақсартуға көмек­теседі.

 – Соңғы жылдары Қазақстан АИТВ жұқпасының анадан балаға берілуінің алдын алуда айтарлықтай жетістікке қол жеткізді. Балалар арасында АИТВ тіркеу азайды. Жүктілікті және босануды сауатты жүргізу баланың АИТВ жұқтыруын болдырмауға жол ашты. Алғашқы медико-санитарлық көмек мекеме­лерінде жүргізілетін жүкті әйелдерді АИТВ жұқпасына тексерумен кеңі­нен қамту жүйесі диагнозды уақы­тылы қоюға және бала денсаулығын сақтау жұмысын уақытылы бастауға мүмкіндік береді. Балалар арасында АИТВ жұқтыру айтарлықтай қыс­қарды, өкінішке қарай, мүлдем жойылған жоқ, – дейді Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының бас директоры Бауыржан Сәтжанұлы. 

Оның айтуынша, елімізде АИТВ-ға шалдыққан балалар белсенділігі жоғары антиретровирустық емге толығымен қол жеткізе алады. Жыл сайын АИТВ жұқпасын емдеуге арналған әлдеқайда тиімді және қауіпсіз дәрі-дәрмек түрлері, соның ішінде балалар мен жасөспірімдерге арналғаны тіркеліп жатыр. АИТВ жұқпасын емдеу – күрделі, өмір бойы жүргізілетін шара. Дәрі-дәр­мектерді қабылдау тәртібін сақтау, баланы тамақтандыруға қатысты ұсыныс-кеңестерді орындау өте маңызды. 

– Осы міндетті ЖИТС қызметінің мамандары ойдағыдай орындауды үйренді. Балалар есейген сайын біз басқа мәселеге тап болдық. АИТВ жұқпасы індеті шарпыған отбасы­ларды психо-әлеуметтік сүйемелдеу, АИТВ жұқтырған баланы пси­хо-әлеуметтік тұрғыдан заманауи қоғам қатарына қосу, жазылмайтын созылмалы сырқатқа шалдыққан баланы ары қарайғы толыққанды ересек өмірге психоэмоциялық жа­ғынан дайындау – міндетіміз. Қазақстан ТМД-да алғаш рет АИТВ-мен өмір сүріп жатқан балалар мен жасөспірімдер үшін психологиялық-әлеуметтік қолдау көрсететін стан­дарттарды әзірлеп, тұрақты тә­жірибесіне енгізді, – дейді Бауыржан Сәтжанұлы. 


Дәрі ішуді тоқтату бала өміріне қауіпті

Осы күні Қазақстанда ВИЧ ин­фекциясын жұқтырған 18 мыңдай адам өмір сүреді. Мамандардың айтуынша, олардың басым бөлігі – Түркістан облысында. Бала саны бойынша Алматы қаласы – екінші орында. Одан кейін Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстары тұр. 

 – Бізде бұл дертпен ауыратын бала көп емес. ЖИТС-пен өмір сү­ріп жатқан 530 баланың әрқайсы­ның өмірі қымбат. Олар өсіп келе жатыр, қоғамнан өз орнын табуы керек. 60 пайызы – мектеп жасында­ғылар. 22 пайызы – 15-тен жастан асқандар. Ал 40 пайызы мектеп жасына жет­пеген бүлдіршіндер. Толыққанды өмір сүру үшін оларға психологиялық-әлеуметтік көмек қажет. Еліміздің әр өңіріндегі мамандардың біліктілігі түрлі деңгейде. Оңтүстік өңірдегі мамандар білімін жетілдірген, ал басқа өңір­лердегі жағдай қуанарлық емес. Енді осы олқылықтың орнын толтыруы­мыз керек. Сондықтан еліміз бойын­ша бірыңғай стандарт жасағымыз келеді. Еліміздегі кез келген балаға, мейлі ол Шымкентте немесе Аты­рауда болсын, оларға бірдей, жоғары сапалы қызмет көрсетілуі керек. Бала дәрі ішуін тоқтатса, препаратты қолдану тәртібін бұзса, өміріне қауіп төнеді. Біз жасап жатқан стандарт ВИЧ инфекциясына шалдыққан балаға ғана емес, созылмалы дерті бар балаларға да арналған. Олардың қоғамға толыққанды бейімделуіне көмектеседі. Вирусқа қарсы препарат қоғамға қауіпсіз. Оны қолданған адам жыныстық байланыс арқылы да ауруды жұқтырмайды. Балалардың ішінде жүктілік уақытында анасынан вирус алғандар да бар. Сондықтан жүктілікті жоспарлап жүрген немесе аяғы ауыр әйелдер дені сау сәбиді өмірге әкелу үшін дәрігерге уақы­тында қаралып, тіркеуге тұруы керек. Егер сол уақытта ВИЧ инфекциясы табылса, қорқудың қажеті жоқ. Сабыр сақтап, дәрігердің айтқанын тыңдап, препарат қолдансаңыз болды, – дейді Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының клиникалық сұрақтар бойынша маманы Гүлжихан Ахметова. 

 Адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтырған бала тәрбиелеп отырған адамдар да меди­циналық, әлеуметтік және психоло­гиялық қолдауға мұқтаж. Қоғамда АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға (АӨСА) қатысты кемсіту бары жасырын емес. Бұл балаларға да қатысты. Сондықтан кейбір отба­сылар баласының сырқаты туралы ақпаратты құпия ұстап, әлеуметтік орта тарапынан теріс реакция туындауынан қорқады. Ата-аналар баласы АИТВ жұқтырғанын білсе, оны құпия ұстай алмайды деп үрейленеді. Сөйтіп, балаларын бейқам балалық шақтан айырғысы келмей, сырқат туралы ақпаратты баладан мүмкіндігінше ұзағырақ құпия сақтауға тырысады. Себебі, бала білсе, депрессияға түсуі немесе психикалық жағдайы нашарлап кетуі мүмкін деп ойлайды. Кейбір ата-аналар баласына дәрі бергенде оны не үшін қабылдап жатқанын айт­пауды жөн көреді. Алайда уақыт өткен сайын АИТВ-статусты құпия ұстау барған сайын қиындай береді. Егер ата-ана баласының сырқатына көндіге алмаса, іштерінен сырқат болмаса игі еді деп тілесе, баланы шамадан тыс қорғаштай бастайды. Қатарластарымен араласуға тыйым салады. Салдарынан бала томаға-тұйық, секемшіл болып өседі, өз-өзіне көңілі толмайды, өзін басқа­ларға ұқсамайтын сияқты сезінетін болады. Көбінесе ата-аналарда баласына деген табиғи аяушылық сезімі пайда болады. Қалай десек те, АИТВ жұқтырған балаға түсіністік таныту қажет, оны аяп-мүсіркеуге болмайды дейді мамандар. Науқас баладан қолынан келмейтін істі атқаруын күтпеген жөн. 


«Мұндай қиянат ешкімге жасалмаса деп тілеймін»

Сырқат (диагноз) жайлы баланың есіне сала беретін ата-аналар да бар. Олар баланың денсаулығына тым жиі алаңдап, асыра көңіл бөледі. Сарап­шы мамандар сырқатты үнемі еске салу шарасыздық сезімін тудыруы және баланың сырқатқа қатысты невротикалық байламын қалыптас­тыруы мүмкін екенін айтады. Ал кейде ата-аналар баланы жағдайы­ның жақсы екеніне, сырқатының ешбір мәні жоқ екеніне сендіре отырып, оны негізсіз жұбата береді. Нәтижесінде, ата-ананың осындай қылығы, баламен тілдесуді, меди­циналық бақылауды және емдеу барысын қатты күрделендіріп жібереді. 

14 жастағы шымкенттік жасөс­пірім Қарлығаш Асқарова (өз өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді – ред.) аталған дертті 1 жасында қан құю салдарынан жұқтырыпты. Алайда оның мұндай дертке шалдыққанын ата-анасы ғана біледі. Сыныптас­тарыма, достарыма айтуға дайын емеспін дейді. 

 – Шымкент қаласында осы дертке шалдыққан балалардың көбі қан құю салдарынан жұқтырған. 2006 жылдары сондай оқиға болыпты. Қазір денсаулығымда ешқандай қиындық жоқ. Қажетті дәрілерді ішіп тұрамын. Дәрігер бақылауын­дамын, бізге мемлекет тарапынан тегін көмек қарастырылған. Ар­маным көп. Соған жеткім келеді. Өнер жолына қадам басып, актриса болуды армандаймын. Ме­дицина дамып жатыр. Шетелде аптасына, айына бір укол немесе дәрі ішіп соның күшімен жүреді. Бой­жетіп, тұрмыс құрғанға дейін осы ауруды түбегейді жоятын ем табы­лады деп сенемін. Алдымда жарқын болашақ күтіп тұр деп ойлаймын, – дейді Қарлығаш Асқарова. 

Диагнозын төрт жыл бұрын білген Азат Мақсатов та ЖИТС індетін дәрігерлердің салғырттығы салдарынан жұқтырыпты. Ауруха­наға ем іздеп барғанда АИТВ бар адамның қаны құйылған екен. Бү­гіндері 16 жасқа толған ол дәрігерлер мұқият болса, ешкімге мұндай қиянат жасалмаса деп тілейді. 

– Дәрі, препаратты уақытында қабылдап тұрамын. 13 жасыма дейін үш мезгіл іштім. Қазір бір мезгіл ғана ішемін. Салмағыңа қарай өзгеріп тұрады. Шымкент қаласында жеке клиникамыз бар. Әлемге әйгілі бизнесмен болғым келеді. Осы салаға қатысты ізденіп, оқып жүр­мін, – дейді жігерлі жасөспірім.


Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ