«Сы­бағадан» сыбағасыз қалмайсыз
«Сы­бағадан» сыбағасыз қалмайсыз
422
оқылды

Түркістан облысы республикадағы ауыл шаруашылығының барлық түрі бойынша дамыған өңір саналады. Халқының басым бөлігі ауылда. Мал бағып, егін егеді. Сон­дықтан өңір тұрғындары бұл саладағы мемлекет тарапынан болатын қолдаудың кез келген түріне елеңдеп отырады.

«Ауыл шаруашылығын қар­жылай қолдау қорының» Тү­р­кістан филиалы директорының орынбасары Талғат Жанисе­нов­тің айтуынша, бүгінгі таңда «Сы­баға» бағдарламасы бойынша шетелден етті бағыттағы асыл­тұқымды және шаруа ірі қара мал әкелетіндер үшін мүмкіндік мол. Қаржының басым бөлігі де кәсіптің осы түрін таңдағандарға беріледі.

– Жалпы, «Сыбаға» бағдар­ламасымен ірі қарадан бөлек, қой бағамын деушілерге де же­ңілдетілген несие бар. Бірақ айтып өткенімдей етті бағыттағы ірі қара малға 15 жылға дейінгі уақытқа 12 миллионнан 70 мил­лион теңгеге дейін несие беріледі. Бастапқыда сыйақы мөлшер­ле­месі 14 пайызбен алынатын не­сиенің мал әкелінген соң 10 па­­йызы мемлекет есебінен қай­тарылады. Сонда шаруаға қа­латыны бар-жоғы 4 пайыз! Сон­дай-ақ алғашқы 2 жылға үзіліс бар. Демек, мал алған соң одан табыс түскенге дейін ешқандай төлем жасалмайды. Кейінгі төлемдер де жылына 2 мәрте ғана жүргізіледі. Бұдан бөлек, мемле­кет тарапынан асылтұқымды әрбір ірі қара басқа берілетін субсидия тағы бар. Айтқандай, алынған қаржының 5 миллионға дейінгісін жем-шөп алуға жұм­сау­ға болады. Несие алу үшін ке­пілге жылжымайтын мүлік қойылады. Жылжымайтын мүлік бағасы алған несие құнының 25 пайызын өтесе болғаны. Қалған 75 пайызы алынған мал­дың есебіне кіреді, – дейді Талғат Сүгірәліұлы.

«Ауыл шаруашылығын қар­жылай қолдау қоры» АҚ бұл бағдарламаны өткен жылдан бас­тап қолға алған. Былтыр об­лыс­қа берілген жоспар 925-ті құрауы тиіс болатын. Дегенмен былтырғы және жыл басынан бергі есеп бойынша бұл бағдар­ламамен алынған малдың саны бүгінде 1 059-ға жетіп отыр. Биыл­ғы жоспар – 3 850!

Талғат Сүгірәліұлы республи­ка тарапынан бекітілген жос­пар­дың бірнеше есеге көтеріліп кеткенін атап отыр. Әрине, об­лыс – мал бағуға қолайлы аймақ. Дегенмен өңір шаруалары тиімді кәсіп әрі жеңіл несие талап­та­рына әлі үйренісе алмай жатқан сыңайлы. Сондықтан оларға жеңіл несие талаптары туралы толық ақпаратты осында келіп, мамандардан алуына болады.

Қор мамандары етті бағытта ірі қара мал өсіремін деушілерге құшағын айқара ашып отыр. Бұл бағдарламаға қатысушыларға қойылатын ең негізгі талап – мал міндетті түрде шетелден әкелінуі тиіс. Онда да аймаққа жерсінетін, ветеринарлық талаптарға сай жерден келуі керек. Сонымен қа­тар екі жақтан да карантиннен өтеді. Несие алғаннан кейін ша­руа 90 күн ішінде келісімшартта көрсетілген жолмен малды әке­луі қажет. Қор маман­дарының айтуынша, өткен жылы Чехия, Ресей мемлекеттерінен, әсіресе, Алтай өңірінен асылтұқымды мал көбірек әкелінген. Міне, бүгінгі таңда «Ауыл шаруа­шы­лы­ғын қаржылай қолдау қо­ры» осы­лайша, негізінен ірі қара мал­дың санын көбейтуге ба­сым­дық беріп отыр. Қордың жеке қа­ражатынан етті мал ша­руа­шы­лығын да­мытудың сала­лық бағ­дарламасы аясында «Сы­баға» не­сиелік бағдарламасына – 2,695 млрд теңге ірі қара малға, 525 мил­лион теңге қой ша­руа­шылығына қарастырылған.

«Сондай-ақ сүт-тауар ферма­ларды дамытуға бағытталған «Ырыс» бағдарламасы бойынша 85 миллион теңгені қаржы­лан­дыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта қордың филиа­лында «Нәтижелі жұмыспен қам­туды және жаппай кәсіп­кер­лікті дамыту» бағдарламасы аясында өтінімдер қабылдап қаржыландыруды бастадық. Облыстың жергілікті атқарушы органдарымен шағын несие беруді іске асыру туралы келісім бекітілді. Ал «Игілік» бағдар­ла­масы бойынша ірі қара мал, ұсақ мал, түйе мен құс, бал араларын сатып алу қарастырылған болса, «Бірлік» бағдарламасы бойынша сүт қабылдау пунктеріне арнал­ған жабдықтар сатып алынады. «Кәсіпкер» ауылдағы барлық бизнес түрін дамытуға бағыт­талған. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіп­кер­лікті дамыту» бағдарламасы бойынша берілетін несиелер түрлі мақсаттарға жылдық 6 па­йыздық сыйақы мөлшерлеме­сімен беріледі. Несие өніміне бай­ланысты кезеңі, сомасы, же­ңілдік кезеңінің ұзақтығы өз­гереді», – деді Талғат Жанисенов.

Биыл қор тарапынан Түркіс­тан облысының жұмыссыз ауыл тұрғындарына «Нәтижелі жұ­мыс­пен қамтуды және жаппай кә­сіп­керлікті дамытудың» мем­лекеттік бағдарламасы аясында «Игілік», «Ынтымақ», «Кәсіп­кер», «Бірлік» және «Егінжай» не­сие өнімдері бойынша 3,049 млрд теңге заем беруді жоспарлап отыр екен. Нәтижелі жұмыспен қамту қа­ражатын қайта инвестициялауға 200 369 миллион теңге бөлін­ген. Жеңілдетілген несиеге қол жеткізу үшін ауыл тұрғындары аудандық Жұмыспен қамту ор­та­лығына барып, кәсіпкерлік не­гіздерін үйреніп, сертификат ал­ған соң, жеке кәсіпкер ретінде мем­лекеттік тіркеуден өтеді. Ха­лықты жұмыспен қамту орта­лы­ғынан несие алу үшін жолдама алып, бастапқы құжаттар топ­тамасын және бизнес жоспарын Қордың филиалына жүгінуі қа­жет немесе kazagro.kz порталы­ның көмегімен онлайн өтінім беруі керек. Бастапқы құжат­тар­ды қа­раудың бірінші кезеңінен өткен­нен кейін шешім қабылдау үшін қор қызметкерлері қалған қажетті құжаттарды сұратады. Толық құ­жаттар пакетін ұсын­ғаннан кейін 15 жұмыс күні ішін­де несие ко­митеті қаржыландыру немесе бас тарту туралы шешім шығарады.

Мемлекет тарапынан көрсе­тіліп жатқан мұндай қолдауды шаруалар неге тиімді пайдалан­басқа!?

Е.МҰРАТБЕК, Шымкент қаласы