Қазақстанда ипотекалық ұйымдардың жұмысы жанданып келеді: компанияның қарыз қоржыны бірден 47 пайызға артқан. Төрт айдың ішінде ғана ипотекалық несие 200 млрд теңгеден асып, рекорд жаңартқан. Бұл жайында Finprom хабарлайды.
Осы жылдың сәуір айының соңында ипотекалық ұйымдардың активтері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге өсіп, 546,3 млрд теңгеге жеткен. Активтегі қарыз қоржынының үлесі 50,8 пайызға немесе 277,6 млрд теңгеге жеткен. Бір жылдың ішінде сома 47,1 пайызға көтерілген. Бұған мұрындық болған – «Баспана» ипотекалық ұйымының пайда болуы болып отыр.
Соңғы жылдары ипотека нарығы айтарлықтай ауқымын кеңейтуде. Негізгі фактор – тұрғын үйге қатысты мемлекеттік бағдарламалар. Осы жылдың қаңтар-сәуір айларында ипотекалық несиелердің сомасы 200,2 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңінен қарағанда 55,7 пайызға артқан. Сәуір айының соңындағы жағдай бойынша ипотекалық несиелеу сомасы 1,4 трлн теңгеге жетіп, бір жылдың ішінде 24,8 пайыздық өсімді көрсеткен. Жалпы, 2018 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша, азаматтарға тұрғын үй құрылысы мен баспана сатып алу үшін банктер берген несиенің сомасы 525 млрд теңгені көрсеткен. Бұл сома алдыңғы жылдың көрсеткішінен 47,1 пайызға артып, ипотекалық несиелеу тарихындағы рекордты көрсетіп отыр.