#BizBirgemiz қайырымдылық акциясы – кез келген адамның жақсы іс жасай алатынының жарқын дәлелі. Бүгінде Батыс Қазақстан облысында Nur Otan партиясының бастамасымен аталған акция жалғасуда. Науқанның негізгі мақсаты – күрделі кезеңде қала халқының әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету. Осы акция аясында облысымыздың кәсіпкерлері, меценаттары, депутаттық фракция мүшелері және партия белсенділері қайырымдылық жасап, мұқтаж адамдарға көмек көрсетіп жатыр. – Мұндай қиын сәтте жеке жауапкершіліктен бөлек, мемлекеттің әлеуметтік қамқорлығы аса маңызды. Төтенше жағдай кезінде мемлекет пен Birgemiz қоры мұқтаж отбасыларға қарқынды көмек көрсетіп келеді. Осындай үлкен істердің атқарылуына еріктілердің де еңбегі зор. Олар күн сайын антисептик, азық-түлік және бетперде таратуда, – деп атап өтті Nur Otan партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев. Ауқымды қайырымдылық акция ағымдағы жылдың 20 наурызында бастау алды. Бүгінгі таңда облыс бойынша 4 234 отбасы қамтылған. Ұйымдастырушылар карантин мерзімі біткенше өтініш білдірген тағы 500 отбасыны қамтуды жоспарлап отыр. Осылайша, БҚО-да 5 000-нан астам отбасыға азық-түлік себеті үлестіріледі. – Карантин кезінде қайырымдылықпен айналысып, мұқтаж адамдарға көмектесу арқылы акцияға өз үлесімізді қосып жатырмыз. Халыққа жәрдемдесу, көпбалалы аналарға, мүгедектерге қуаныш сыйлау үлкен сауапты іс саналады. Сондықтан бәріміз қолымыздан келгенше жақсылық жасауға асығайық, – дейді волонтер Саламат Сәрсенбай. Бүгінде акцияға журналистер, блогерлер, облыс спортшылары мен өнер адамдары атсалысуда.
Әбілмансұр ЖАСАН