Көптің жәрдемімен ауызашар ұйымдастырылады
Көптің жәрдемімен ауызашар ұйымдастырылады
355
оқылды

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Зекет» қоры және муфтият жастарының ұйымдастыруымен «500 теңгеге ауызашар» атты қайырымдылық жобасы жүзеге асып жатыр.

«Көп түкірсе көл» деп ата-бабамыз тегін айтпаған болар. Бірер күн бұрын басталған жобаға бет бұрған азаматтардың санында есеп жоқ. Аз уақыттың ішінде қор шотына 1 500 000 теңгеден астам қаражат жиналыпты. Әлі де еліміздің түпкір-түпкірінен түсіп жатқан қаражаттар еш толастар емес.

– Әркім шамасына қарай қаржы аударуда. Бір кісілер 200 теңгесін жіберсе, ал енді біреулері 5 000, тіпті 30 000 теңгесін жолдап, осынау игі жобаға барынша атсалысып жатыр. Алла қаласа бүгін осынау ізгі жобаның жүзеге асуына жәрдемдескен, яғни осы ауызашар сауабына ортақтас болғысы келген барша жандардың атынан, Нұр-Сұлтан қаласындағы халал-мейрамхананың бірінде 300 адамға арналған алғашқы ауызашарымызды берейік деп жатырмыз, – дейді қор өкілдері.

Ұйымдастырушылар бүгіннен басқа тағы да екі күн қатарынан ауызашар береді. Осылайша 900 адамға ауызашар ұйымдастыру жоспарланған. Жоба әр Рамазан айы сайын ұйымдастырылады. Салған қаражаттар PDF файл арқылы нақты есебімен ашық түрде жария етіледі. Осы жобаға қатысты барлық ақпараттарды #iftar500tg хэштегін басу арқылы білуге болады.