#BizBirgemiz акциясы Шығыс Қазақстан облысында жоғары деңгейде жүзеге асырылып жатыр. Бүгінге дейін облыстық мәслихат депутаттары акция аясында облысымыздағы көпбалалы отбасыларға, ардагерлерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға елдегі төтенше жағдай кезінде 50 млн теңге көлемінде көмек беріп, азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз етті. Бұл игі бастаманы Nur Otan партиясының облыстық және аудан, қалалардағы филиалдары үйлестіруде. Акцияның жүзеге асырылуы облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Даниал Ахметовтің тікелей бақылауында. Коронавирусқа қарсы күресті күшейту, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмектесу мақсатында қолға алынған акцияға облыстық мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер де барынша қолдау білдіруде. – Елдегі төтенше жағдай кезінде халықтың осал топтарына қолдау білдіру – ол біздің басты мақсатымыз. Бүгінгі таңда әлемді алаңдатып отырған індет елімізге де таралуда. Осындай кезде депутат болсын, кәсіпкерлер болсын бәрі де жұмыла отырып, қарапайым тұрғындарға қолдан келгенше жәрдемдесуі тиіс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, біз кез келген қиындықты тек бірлесе күрескенде ғана жеңетініміз шындық. Халқымызда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген жақсы сөз бар. Ендеше бұл уақытша қиындықты да бірге еңсеретін боламыз – дейді Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Айдос Серікқалиұлы. Азық-түлік салынған себеттер партияның аудандық және қалалық филиалдары арқылы «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» партиялық жобалары аясында аса мұқтаж жандарға жеткізілуде. Бұл ретте жасотандықтар мен ерікті жастар, партия қызметкерлері елді мекендерді аралап, тұрғындарға қажетті көмекті жеткізіп жүргенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар партия филиалдарының қоғамдық қабылдауларына түскен өтініштер бойынша да тұрғындарға барынша көмек беріліп келеді. Nur Otan партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунков қазіргі уақытта партия филиалының әлеуметтік желідегі парақшаларына тұрғындардан өтініш өте көп түсіп жатқанын айтады. – Біз мейлінше әрбір өтініштің орындалуына күш салып жатырмыз. Барлығы 2 115 отбасыға азық-түлік жеткізілді. Әлі де көмек сұрағандар көп. Мақсатымыз – көмекті шын мұқтаждарға жеткізу. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Қазақстан халқына жолдаған өз мәлімдемесінде мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмек туралы айтты. Nur Otan партиясының да жемісті жұмыс атқарып жатқанын атап өтті. #BizBirgemiz акциясы арқылы көмекке ие болған тұрғындар ризашылығын білдіріп жатыр. Біз өз тарапымыздан партия қызметкерлеріне, кәсіпкерлерге, аудан, қала әкімдері мен жасотандықтарға, ерікті жастарға және қиын кезеңде түсіністік танытып отырған елге алғысымызды айтамыз. Бұл қиындықты бірге жеңіп шығамыз, – дейді Олег Чугунков.
Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы