Жеңімпазға – 25 миллион
Жеңімпазға – 25 миллион
470
оқылды

Орталық коммуника­циялар қызметінде Қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев, Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, ORDA INVEST корпорациясының Басқар­ма төрағасы Шалқарбек Талипов және Ұлттық Олимпиада комитеті Спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатовтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Айта кетейік, Қазақ күресі фе­де­рациясы және «Қазақстан ба­рысы» қазақ күресін дамыту қоры ұйымдастыратын спорттық сайыс­қа Nur Otan партиясы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, Мәдениет және спорт министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қолдау көр­сетеді. Дәстүрлі шара ұлттық спорт түрлерін дамыту ар­қылы салауатты өмір салтын қа­лып­тастыру қағидаттарын наси­хаттау, жастарды ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануға тарту арқылы олардың бойында отан­сүйгіштік сезімді қалыптастыру, қазақ күресін өркендету, оны ұлттық идея деңгейіне және халықаралық аренадағы беделін көтеру мақсатында жыл сайын өткізіліп келеді.

БАҚ өкілдерімен кездесу ба­рысында «Қазақстан барысы» турнирін ұйымдастырушыларға журналистер өз сауалдарын қо­йып, нақты жауап алды. Қазақ кү­ресі федерациясының прези­денті Арман Шораевтың айтуын­ша, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Барыс Арена» мұз сарайында болатын дүбірлі додаға еліміздің 14 облысынан және күштік құры­лымдар арасындағы турнирде ірік­теуден өткен 36 үздік балуан қа­тысады. Ресми салмақ өлшеу рә­сімі 6 маусымда, ал 8 маусым кү­ні балуандар жеребе тарту бо­йынша жарыс жолына шағады. Тартысты белдесулер жеті сағатқа созылады деп жоспарлануда. Шара аясында спорттық сайыс­тармен қатар концерттік бағдар­лама қойылады.

– «Қазақстан барысы» тур­ни­рінің биылғы жүлде қоры қо­мақты. Жеңімпаз атанған ба­луанға алтын белбеу мен ал­тын­нан құйылған ауыспалы «Тай­тұяқ» табысталады. Екін­ші және үшінші орын иегер­лері сәйке­сінше күміс және қола белбеу­лермен марапаттала­­ды. Соны­мен қатар балуан­дар­­­дың әр бел­десудегі жеңісіне 100 000 тең­­ге беріледі. Жарыс­тың жүлде қоры – 41 миллион теңге. Ең не­­гізгісі, же­ңімпаз балуан 25 мил­лион тең­геге ие болады. Сондай-ақ бұл күні жыл­дағы дәстүрге сай жан­кү­йер­­лер арасында автокөлік ой­на­ты­лады, – дейді А.Шораев.

Турнирді өткізуге көптеген биз­несмен-меценат қолдау біл­діріп отыр. Басқосуда ORDA INVEST корпорациясының басқарма төрағасы Шалқарбек Талипов әртүрлі федерация­лармен бірге Қазақ күресі фе­дерациясына да алдағы уақытта қолдау көрсеті­летінін атап өтті.

Өз кезегінде Ұлттық Олим­пиада комитетінің спорт дирек­циясының директоры Елсияр Қа­нағатов Ұлттық олимпиада ко­митеті де ұлттық спортты қолдай­тынын жеткізді.

– «Қазақстан барысы» жоба­сын жыл сайын үлкен қолдауға ие болып келеді. Соның арқа­сында қазақ күресі де өркендеп, даму үстінде. Жақында Ұлттық олим­пиада комитетінің төра­ғасы Тимур Құлыбаев Лозаннада Халықаралық күрес федерация­сының басшы­сымен кездесіп, Халықаралық Қа­зақ күресі фе­де­рациясын мү­шелікке енгізу мә­селесін көтерді. Менің ойым­ша, бұл жақсы бас­тама. Ке­лешекте де Ұлттық олим­пиада комитеті «Қа­зақстан ба­рысы» турниріне қол­дау көрсете бере­ді», – деді ол.


Әбілмансұр ЖАСАН