Қазіргі кезде елімізде мемлекет қолдауымен ашқан кәсібінің жемісін жеп, ісін өрге бастырған кәсіпкерлер мен кәсіпорындар алға қадам басу үшін мемлекетке арқа сүйейді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы қолдауға қол жеткізген шағын және орта бизнестің тамырына қан жүгіріп, қызмет көрсету аясы да, жұмыспен қамту ісі де қарқын ала түседі. Сондай мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың жанды көмегі нәтижесінде табыс биігінен көрініп отырғандардың бірі – Қаратал ауданы, Үштөбе қаласындағы «Қамқор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары тігін цехы ретінде елге қызмет көрсетіп келген екі қабатты ғимаратты жекешелендіріп, кәсіпкерлікке қадам басқан Людмила Цой жаңа серіктестік атын қалай атаймыз деп талқылаған сәтте есіне қазақтың «Қамқор» деген қайырымдылық пен қамқорлықты білдіретін жүрекке жылы сөзін таңдайды. Өйткені, жұмыссыздық белең алған шақта әріптестеріне қамқор болып, отбасын асырауына ықпалын тигізгісі келді сол кезде.
Людмила Цойдың сол бір қиын-қыстау жылдарда бастап, уақыт өте келе аяғынан тік тұрғызған кәсібін бүгінде қызы Наталья Ким табысты жалғастырып отыр. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейтінін» жадында ұстаған ол анасынан көрген-білгенін, үйренгенін серіктестікті дамыту жолында тиімді қолданып келеді. Ол жұрттың жүрегіне жол тауып, қалауынан шыққан қызмет түрлерін арттыруды мақсат етіп, 2016 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша небәрі 4 пайыздық мөлшерлемемен 7 млн 100 мың теңге көлемінде несие алды. Бұл қаражатқа ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, құрал-жабдықтарды жаңалады. Соның арқасында киім тігісі де, тауар сапасы да жақсара түскенін қазіргі кезде сұраныстың артып отырғанынан байқауға болады.
«Қамқор» кәсіпорнында негізінен сырт киімдер тігіледі. Көлемі 654 шаршы метр болатын ғимараттың бірінші қабатынан дәмхана да ашты. Шикізат алуға қосымша қаржы қажет болып, тағы да мемлекет көмегіне жүгінді. 2017 жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бастау» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 7 пайыздық мөлшерлемемен 3 млн 300 мың теңге қаражат алып, оқушылар киетін бірыңғай мектеп формасын тігуге кірісті. Осы жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 21 млн теңге көлеміндегі кезекті несиеге қол жеткізіп, ғимараттың екінші қабатынан мейрамхана мен караоке-бар ашты. Қазіргі кезде серіктестік 14 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Көпшілікке тез дайындалатын фаст-фуд өнімдері, донер-бургер, кәріс, жапон асханасы тағамдарын ұсынады.
Жастығына қарамастан ата-ананың аманаттаған кәсібін іскерлікпен басқарып, табыс тауып отырған ол мемлекет көмегін айқын сезінетіндігін жасырмайды. Әсіресе, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қай кезде болмасын көмек қолын созуға дайын тұратындығына шынайы разылығын білдіреді.
«Егер «Атамекен» арқылы жасалып отырған мемлекеттік қолдау болмағанда, бүгінгі биігімізге жете алмас едік. Кәсіпкерлер палатасы бизнес жүргізудің әліппесінен бастап, оның барлық қыры мен сырын оқытып, үйретіп қана қоймай, қажетті заңгерлік көмекті де дер кезінде көрсетеді. Әрбір талпынысымызды қуана құптап, жеңілдікпен несие алуға керекті құжаттарымызды әзірлеуге, өткізуге де әрдайым қолұшын береді. Біз несие аларда таңдаған мемлекеттік бағдарламаның басқалардан артықшылығына, пайыздық мөлшерлемесіне мұқият зерттеу жүргіземіз. Осы кезде тағы да кәсіпкерлер палатасына жүгінеміз. Ондағылар бірде-бір рет талпынысымыздың бетін қайтарған емес. Мүмкін болған қолдаудың барлығын жасады.
Көп адам «Атамекен» арқылы насихатталып жатқан мемлекеттік бағдарламаларға, палатаның жобаларына сенімсіздікпен қарайды. Оларға айтарымыз, бизнес бастау үшін ақыл-кеңесті кездейсоқ жандардан емес, кәсіпкерлер палатасынан алыңыздар. Ондағылар барлығын егжей-тегжейлі түсіндіріп, қолдаудан кенде қылмайды. Әрине, қазір біреуден қарыз алсаңыз да тегін бере салмайды ғой. Сондықтан мемлекет қолдауының да қайтарымы болуға тиістігін ұмытпаған абзал», – дейді үштөбеліктердің көңілінен шыққан кәсіпорынға жетекшілік етіп отырған Наталья.
Жоғарыда айтқанымыздай, әр жыл өзінің жаңалығын әкеліп, кәсіпорын қызметтің жаңа түрлерін көрсете бастады. Өндірістік орындарды да жалға береді. Мерекеге орай мейрамхана мен салтанат сарайларының залдарын безендіруді де атқарады. Таяуда тігін цехына қажетті шикізат алу, тауар айналымы үшін «Кәсіпкер әйел» бағдарламасы бойынша 6 пайыздық несие алуды жоспарлап отыр.
Кәсіпорын жыл сайын үздік тауарлар көрмелеріне, түрлі байқауларға қатысады. Әдемі де әсем сырт киімдері, адамдарға көрсетілетін сапалы қызметтері, тұрақты дамуының арқасында 2016 жылы еліміздегі ең таңдаулы көшбасшы кәсіпорындар қатарына қосылды.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы