Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Салалық терминологияның жаңа кезеңдегі мәселелері мен міндеттері» әдістемелік семинарын өткізді. Іс-шараның мақсаты – 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін салалық терминдерді біріздендіру және ұлттық терминқорымызды жетілдіру.
Іс-шараны Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ғалымжан Мелдешов жүргізіп, модератор болды. Кіріспе сөз сөйлеген соң, спикерлер кезек-кезек баяндама оқыды. Түрлі ұсыныстарын жеткізіп, пікір таласты. «Салалық терминдер жүйесі – ғылым тілінің негізі» тақырыбында «Астана» халықаралық қаржы орталығы Әкімшілік департаменті директорының орынбасары Шерубай Құрманбайұлы сөйледі. Одан кейінгі кезекте Ұлттық аударма бюросының бас редакторы Мұхтар Сеңгірбайұлы сөз алып, бюроның ғылыми аударма тәжірибесі туралы әңгімеледі.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Терминология бөлімінің меңгерушісі Қарлығаш Айдарбек салалық терминологияның құрамы мен құрылымының мәселелеріне тоқталды. Спикердің айтуынша, терминдерді бір ізге түсіру барысында ауызбіршілік болмай отыр. Соның салдарынан жұмыстың сапасына көңіл толмай, сынға ұшырау жиі кездеседі. «Әр жылдары шыққан сөздіктерде бәрі топтастырылып, біріздендірілді деу қиын. Өйткені сала мамандарымен жұмыс істеу бізге қиын. Мысалы, әр терминнің астарында оның формасы, мағынасында бірнеше сема болады. Оның бәрін қамту мүмкін емес. Біз бастапқы семасын алып, соның негізінде формасына апарып тіркейміз. Осыдан кейін басқа семаларды айқындауы қажет. «Процесс – үдеріс, сигнал – дабыл» сынды сөздерге қатысты түрлі сын айтылады. Ондай кезде барынша дәлелдеп, ең ұтымды форма ретінде таңдалғанын жеткіземіз. Немесе математик ғалымдар «мына терминді аударуға болмайды. Орыстар осылай қолданған, мен де солай жазамын» деп шығуы мүмкін. Көрдіңіз бе, сала мамандарымен бірлесіп іс атқару оңай емес. «Герб» сөзін алсақ, оны «елтаңба» деп жүрміз. Бірақ пошта, қала гербтері бар. Оларды не дейміз? Бұл жерде елтаңбаны сәтсіз термин деп тұрғаным жоқ. Тек жағдайға қарай келмей қалатын тұстары болатынын айтып отырмын. Бәлкім, төлтаңба не таңбабелгі деу керек шығар. 2011 жылы сала мамандары тарапынан бізбен бірге жұмыс істеуге өтініш түскен соң, 2014 жылы бірлесіп сөздік шығардық. Енді латынға көшер тұста мамандарға біз ұсыныс тастап отырмыз. Тіл білімі институтының терминологиялық жұмыс тобы аясында секциялар жасақтап жатырмыз. Әр сала бойынша ғалымдармен жеке-жеке хабарласып, терминологияға қызығушылығы барларымен жұмыс істейміз. Бір айта кететін жайт – латынша емле-ереже әлі бекітілмеді. Бірақ маңдайшалар жазылып, ілініп тасталған. Күні ертең оны қайтадан алып, екі жұмыс істеуге мәжбүр боламыз. 2020-2022 жылдары тоғыз сөздік жасау жоспарда бар. 2023-2025 жылы елу терминологиялық сала бойынша латын графикасы негізінде сөздіктер шығуы керек. Бұл жерде бір мәселе ғана бар. Ол – бекіту, классификациялау. Тіл тұрғысынан алғанда ол нормаға түсіріледі. Дегенмен бізде лингвистикалық заңдастыру мәселесі жетіспейді. Осы реттелсе, екі-үш терминді қатар қолданып шатаспайтын боламыз», – дейді Қарлығаш Айдарбек.
Семинарда мамандар өз саласында кездесетін олқылықтарды тізіп, оны шешу жолдарын ұсынды. Экономика саласындағы терминдерді қолдануға қатысты Ұлттық экономика министрлігі Ішкі әкімшілендіру департаменті Мемлекеттік тілді дамыту және редакциялау басқармасының басшысы Гүлнар Қисықова сөйледі. Ол мұндай семинарлардың жылда өткізілгенімен, нәтижесі онша білінбейтінін жеткізді. Сондықтан «былай істеу керек» деумен шектелмей, нақты іске кірісуді ұсынды. Сондықтан келесі жылы семинар форматында емес, конкурстық бағытта ұйымдастырса, алға жылжу болатын сияқты деп ойын жеткізді. Сондай-ақ банк, қаржы саласындағы терминдер жиі сыналып жатады. Айталық, «кредитование – кредит беру, кредиттеу» деп айтылып жүр. Егер кредит беру болса, «выдача кредита» сөзі де солай аударылады. Міне, осындай мәселелердің салдарынан түрлі түсініспеушіліктер орнап отыр. Ұлттық банктің Ұйымдастыру жұмысы және бақылау департаменті Мемлекеттік тілді дамыту және аударма басқармасы бастығының орынбасары Сайран Серімбетова қаржы саласындағы терминдер бірізділігіне қатысты пікірін білдірді. География ғылымын қазақшаландыруға қатысты Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Қуат Сапаров, әскери салада терминдерді қолдану туралы Қорғаныс министрлігі Әкімшілік департаменті Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бастығы Айнұр Оразғалиева сөйледі. Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бас сарапшысы Айжан Алдоңғарова салалық терминологиялық комиссияның жұмысы туралы талдау жүргізді.
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Қолданбалы лингвистика басқармасының жетекші ғылыми қызметкері Бақытгүл Ысқақ тіл білімі саласы терминдерін жаңа әліпбиде таңбалау мәселесін қозғады. БАҚ саласындағы жаңа терминдердің қолданысы хақында «Хабар» телеарнасының Бағдарламалар өндірісі бөлімінің аға редакторы Жанна Алдабергенова талдады.
Әдістемелік семинар бойы салалық терминологияны жаңа кезеңге сәйкес жандандыру, терминдерді жүйелеу жөніндегі жаңа талаптарды әзірлеу және терминдерді қазақ тілінің жазу нормаларына сәйкес ретке келтіру мәселелері қозғалып, ұсыныстар тыңдалды. Енді қалғаны – іске кірісу. Жан-жақтан түрлі пікір естіп, аяусыз сыналатын терминдер мәселесі қалай біріздендірілетіні алда белгілі болады.