Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанына биыл 30 жыл толады. 1989 жылы Тілдер туралы заң қабылданып, қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілгенде әлі тәуелсіздік алмаған едік. Сірескен саяси жүйенің көбесін сөккендей болған сол күні қуанбаған қазақ қалмаған шығар. Тіл азаттығы ұлт азаттығына ұласты. Екі жылдан соң тәуелсіздігімізді алдық.
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін 1993 жылғы Конституцияда бекітіп, 1997 жылы тәуелсіз Қазақстанның Тілдер туралы заңы қабылданды. Десе де, әр қазақ үшін отыз жыл бұрын қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берген заңның орны бөлек. Себебі, мемлекеттік тіл мемлекеттің бүкіл аумағында барлық салада қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу, іс қағаздарын жүргізу тілі саналады. Бүгін мемлекеттік тіліміз осы биігіне көтерілді ме? Көтерілді деуге қысыламыз. Өйткені, Конституциядағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген сөйлем орыс тілінің айын оңынан туғызып тұр. Әлі күнге дейін жиын атаулы қазақша басталып, орысша жалғасады. Қазақ депутаттар сауалдарын үкіметке орыс тілінде жолдайды. Мұны көрген орыстілді орта мемлекеттік тілді үйренуге қайдан ынта танытсын?
Мемлекеттік тілді қалай үйреткен жөн?
Мемлекеттік тілді дамытуға, халықтың мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне барлық жағдай жасалғандай көрінеді. Бюджеттен бөлінетін миллиардтар солай дегізбей қоймайды. Кезінде мекемелерде қазақ тілін үйрету кабинеттері ашылып, елдің бәрі тіл үйренуге кіріскен-ді. Одан нәтижесі шықпады ма, кейін әлгі кабинеттер ұшты-күйлі жоғалды. Ұлттық компаниялардағы қазақ тілін меңгергендерге үстемеақы төлеуден де нәтиже болмаған сияқты. Себебі, үстемеақы туралы әңгіме айтылмайды. Ендеше мемлекеттік қызметкерге мемлекеттік тілді үйрету үшін не істеген абзал?
Белгілі журналист Есенгүл Кәпқызы мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін үйретудің басқа жолын ұсынады. Ол ұсынысын өзі жүргізген зерттеуге сүйеніп жасап отыр.
– Мемлекеттік тілді дамытуға бюджеттен 2001 жылы 0,1 млрд, 2008 жылы 5 млрд, 2011-2013 жылдары 19,1 млрд теңге бөлінген. 2013 жылы бөлінген 1,7 млрд теңгеден баспа өнімдеріне 1 017 млн теңге, тілді интерактивті оқытуға 121 млн, форумдар мен конференциялар өткізуге 113 млн, тіл орталықтарын аккредитациялаудың методологиялық жүйесін жасауға 95 млн, www.til.gov.kz порталын қолдауға 43 млн, конкурстар өткізуге 31 млн теңге бөлінген. www.til.gov.kz порталын қолдауға бөлінген 43 млн теңге желге ұшты деуге болады. Себебі қазір аталған сайттың IP адресі табылмайды, – дейді Е.Кәпқызы. – Алматы қаласы бойынша 2007-2017 жылдар аралығында мемлекеттік қызметшілерге тіл үйретуге 245 млн теңге бөлінген екен. Осы қаржыларды мақсатты жұмсау үшін тапсырыс алған орындаушылар туралы ақпарат таба алмадық.
Сарапшының айтуынша, Қазақстандағы мемлекеттік тіл саясатын Украинамен салыстырғанда, біздікі босқа мал шашпақ болып шыққан.
– Екі елде де мемлекеттік тіл міндетті пән ретінде оқытылады. Украинада тіл үйрену үшін мемлекеттік қызметшілерге бюджеттен ақша бөлінбейді. Ал біздің елде арнайы қаржы бөлінеді. Қазақстанда іс-қағаздардың 50 пайызы ғана мемлекеттік тілде жүргізіледі. Мемлекеттік қызметке орналасу үшін украиндар сертификат тапсырады, бізде ол құжат талап етілмейді, – дейді. Осы салыстырудан-ақ сабақ алуға болатындай. Есенгүл Кәпқызы зерттеу нәтижесіне сүйеніп, бізде тапсырыс берушінің сатып алушыны таңдау критерийлері жоқ екенін, мемлекеттік қызметшілерді оқытудың нақты методологиясы жасалмағанын, сатып алушылардың материалдық-техникалық базасы талапқа сай еместігін, сатып алушылар туралы ақпараттың жоқтығы өз алдына, олардың қызметі ашық емес екенін айтады.
– Сондықтан мемлекеттік тілді оқытқанда нақты салаға байланысты іс-қағаздарын жүргізу курсын ұйымдастыру қажет. Сонымен қатар сатып алушы немесе орындаушылар туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету керек, – дейді Есенгүл Кәпқызы.
Қазақша үйрену қиын ба?
Қазақ тілін меңгере алмаған мемқызметкерлердің шет тілдерін жедел үйреніп алатыны таңғалдырады. Әрине, қанша тіл үйренсе де қарсылығымыз жоқ, алайда мемлекеттік қызметте, қызмет көрсету орындарында жұмыс істей жүріп мемлекеттік тілде қызмет көрсетуге тырыспау – оң іс емес. Мемлекеттік қызметте жүргендердің басым бөлігі – қазақ. Сонда олар әлі күнге дейін ана тілін неге үйрене алмайды? Қазақша неге үйрене алмай отыр? «Лингва Тен» тіл орталығының бас директоры Владислав Теннің айтуынша, ниет болса, қазақ тілін үйрену оңай. Бірақ, ұлты қазақ бола тұра қазақ тілін үйрене алмаудың бірнеше себебі бар.
– Орыстілділерге, орысша ойлайтын адамдар үшін қазақ тіліне қарағанда, ағылшын тілін үйрену оңайырақ, себебі орыс тілі мен ағылшын тілі бір лингвистикалық топқа жатады. Мысалы, орыс тіліне белорусь немесе украин тілі туған бауырдай. Ал поляк, чех тілі немере бауыр болады, неміс тілі үш атадан, ағылшын тілі төрт атадан қосылады. Қазақ тілінің туыстары – қыпшақ тілдері, олар башқұрт, татар, қырғыз тілі. Өзбек тілі ұйғыр тілімен басқа топқа жатады. Ол қазақ тіліне жақын, бірақ немере туыстай. Түрік пен түркмен тілдері қазақ тіліне үш атадан қосылатын оғыз тілдеріне жатады. Қыпшақ, қарлұқ, оғыз тілдері аталас деуге болады. Жапон тілі мен кәріс тілі қазақ тіліне бес атадан қосылады. Бұған дәлел – олардың грамматикаларының ұқсастығы. Ал орыс тілі қазақ тіліне туысқан тіл емес. Географиялық жақындығы болғанымен, екі тілдің лингвистикалық туыстығы жоқ. Сондықтан орысша сөйлейтін адам, ол ұлты қазақ бола ма, басқа бола ма, қазақ тілін үйренгенде қиналады. Біз соны түсінбегендіктен, оларды «шала қазақ», «мәңгүрт» деп орынсыз сынаймыз. Сынағанша көмектесуді ойлауымыз керек. Ол үшін оларға қазақ тілін шет тілі секілді түсіндіретін әдістеме болуы тиіс. Біздің орталық сол әдістемеге сүйенеді. Нәтиже бар, – дейді ол.
Владислав Тен Қазақстанға он жыл бұрын көшіп келген. Бірақ қазақ тілін үйренуге 2017 жылы ғана ден қояды. Осы елге деген құрметін мемлекеттік тілді меңгеру арқылы білдіргісі келген. Ол қазақ тілін үйреніп қоймай, үйрететін деңгейге жетті.
– Өзбекстанда дүниеге келдім, тілім орысша шықты. Ташкентте гастроэнтеролог дәрігер болып істегенде емделушілерім қай жері ауыратынын айтса, ұқпайтынмын. Содан өзбек тілін үйренуге кірістім. Бір жылдан соң ағылшын тілін, сосын ана тілім – кәріс тілін меңгердім. Дәрігер болып 10 жыл ғана істедім, қазір лингвистика саласындамын, шәкірттеріме бірден айтамын: «Педагог-лингвист емеспін, дәрігермін, сіз науқассыз, сіздің ауруыңыздың аты – тіл білмеу, мен сізді тіл үйрету арқылы емдеймін» деймін де, үйретуге кірісемін, – дейді күліп.
Владислав Тен Қазақстанға он жыл бұрын көшіп келген. Бірақ қазақ тілін үйренуге 2017 жылы ғана ден қояды. Осы елге деген құрметін мемлекеттік тілді меңгеру арқылы білдіргісі келген. Ол қазақ тілін үйреніп қоймай, үйрететін деңгейге жетті.
Оның айтуынша, қазақ тілін үйрену үшін тілдік орта жоқ деу – сылтау ғана. Ондай ортаны әркім өзі жасай алады – таныстарыңыз бен туыстарыңыздан сізбен қазақша сөйлесуін талап етіңіз, смартфоныңызға қазақтілді бағдарламаларды көшіріп алып тыңдаңыз.
– Себебі тіл адамға музыка секілді есту қабілеті арқылы «қонады». Тіл ген арқылы берілмейді. Бала ата-анасы мен айналасын тыңдай жүріп тіл үйренеді, сол тілде сөйлейді, – дейді В.Тен.
Қазақстан жағдайында тіл мәселесі –
саяси мәселе
Әзірбайжан саясаттанушысы, «Үлкен Таяу Шығыс» зерттеу жобасының жетекшісі Гаджизаде Алидің айтуынша, посткеңестік кеңістіктегі елдер үшін тіл – линвистикалық емес, саяси мәселе.
– Әзірбайжанда мемлекеттік тіл – әзірбайжан тілі. Мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді білуге міндетті. Бұл – жазылмаған заң. Сондықтан да олардан мемлекеттік қызметке орналасу үшін арнайы емтихан тапсырғанда әзірбайжан тілінен емтихан тапсыру талап етілмейді, себебі ол мемлекеттік тілді білмесе онсыз да мемқызметке талпынбайды. Әрине, орыс, француз, ағылшын тілінде жұмыс істейтін жергілікті ақпарат құралдары бар. Жекелеген мемлекеттік мектептерде орыс секторына орын бөлінген. Орыс секторында әзірбайжан тілін міндетті түрде өтеді, сосын ол мектеп Әзірбайжанның білім министрлігі жазып, бекітіп берген бағдарламамен оқытады. Орыс тіліне аз орын берілді деп мәселе көтеретін орыстілді азаматтар жоқ емес. Алайда халықтың басым бөлігі орыс тіліне көп орын беріліп қойды деп қарсылық білдіргенде алғашқы топтың үні басылып қалады. Әрі-беріден соң тіл – саяси құрал. Егер сен ағылшынша ойлап, ағылшынша сөйлесең немесе орысша ойлап, орысша сөйлесең, қаласаң да, қаламасаң да сол тілдің мәдениетінің бір бөлшегіне айналасың. Тілді қарым-қатынас үшін пайдаланатындар бар да, сол тілді басқалардан үстем болу үшін пайдаланатындар бар. Екінші ұстанымдағы адамдар көбейген кезде проблема басталады. Орыстілді ақпарат құралдарының бас редакторлары орыстілді аудиторияның азайып бара жатқанын айтады. Ол рас, орыс тілінде қарайтын 4-5 сайттағы ақпараттарды әзірбайжан тіліндегі сайттардан таба аламын. Мұның бәрі бізде эволюциялық жолмен келе жатыр. Егер мемлекеттік қызметкер іс қағазын орысша жазса, оған сөгіс беріледі немесе жұмыстан шығарылады. Мемлекеттің осындай шешім қабылдауына қоғам ықпал етіп отыр. Бұл жерде азаматтық қоғамның рөлі зор.
Қазақстанды жіті бақылап жүремін. Тіл мәселесінен де хабарым бар, сол себепті де бұл линвистикалық емес, саяси мәселе деп айтамын. Латын қарпіне көшуді бастадыңыздар, бұл тіл саясатындағы оң қадам болды. Әзірбайжан 1991 жылы латын қарпіне көшкенде қарсы пікір айтқандар болған, себебі жасы қырықтан асқан адамдар үшін латын қарпіне бейімделу қиын болды, уақыт өте келе олар да меңгеріп алды. 1992 жылдан бастап таза латын қарпімен жұмыс істейміз, – дейді саясаттанушы.
Әзірбайжандарға қызығып қарағанымызбен, көрші қырғыздың мемлекеттік тілінің мәселесі бізбен шамалас болып шықты. Қырғыз саясаттанушысы, АҚШ-тың Орталық Азиядағы «Халықаралық және салыстырмалы саясат» бағытының жетекшісі Медет Төлегеновтің айтуынша, қырғыз тілінің қолдану аясы, баяу болса да, кеңейіп келеді.
– Мемлекеттік тілді дамытуға арналған бағдарлама бар. Үкімет жанынан құрылған комиссия да бар. Бағдарлама қабылдау оңай, оны жүзеге асыру қиын. Мәселе қаржыға байланысты. Курстар ұйымдастырылып, Қырғызтест жасалды. Бізде бәрі жақсы басталады да, кейін баяулап қалады. Биыл тіл мәселесі қайта көтеріледі деп ойлаймын, себебі 1989 жылы қырғыз тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін берген заң қабылданды. Биыл осы заңның 30 жылдығы ғой. Мұндай кезде міндетті түрде мемлекеттік тіл мәселесі сөз болады, – дейді М.Төлегенов.