Өзі билік тізгінін ұстаған жылдары қалың қазағы үшін қыруар іс тындырған Ораз Исаевты Ақжайық ауданының халқы естерінен шығармаса да былайғы жұрт білмейді. Дұрысы, естеріне алмайды. Неге? Ол ҚазКСР үкіметінің елең-алаңында совнарком төрағасы болған, Ақ Жайық атырабынан түлеген ақиық Ораз Исаев қой! Оның атакүлдігі Жайықтың бұхар бетіндегі Көнеккеткен ауылы. Исаевты жетпісті желкелеп, сексенді төңіректеп жүргендер кәміл біледі. Ал кейінгі жастар, әй, қайдам?.. Өйткені жалы күміс, тұяғы алтын азаматтың аты ел көлемінде мүлдем аталмай, ұмытылып бара жатыр демеске амалымыз жоқ. Себебі, 39 жасында әзиз басы оққа байланып кете барған аяулы азаматтың кейін 60 жылдығын айтпағанның өзінде, соңынан да 70, 80, 90, 100, 110 жылдығы мүлдем атаусыз қалғанын қайтып жасырамыз-ау...
Енді, міне, сол орны толмас өкініштер мен «әттеген-айлардың» орнын Орекеңнің 120 жылдығы жақындағанда Батыс Қазақстан облысына қарасты Ақжайық ауданының, айналып кетейік, азаматтары толтырды. Өздерінің әл-қадеріне қарай алыс-жақын жерлерге сауын айтып, аудан көлемінде айта жүрер «Ел ұмытпас ерлерін» атты ғылыми-танымдық конференция өткізді. Оларына мың да бір рақмет! Әлі күнге елесінің болса да ер-тұрманы түгенделмей келе жатқан есіл ер мәңгілік мекенінде бір аунап түскен шығар, дәл сол, жиын өткен 26 сәуір күні!
Ораз Исаев 1899 жылы 18 сәуірде Ілбішін ауданы Көнеккеткен ауылында жарық дүние есігін ашыпты. Жалшы-кедей жанұясында бес баланың үлкені болған. Тағдырдың сыйы шығар – бала Ораз алдағы ғұмыры мен биік лауазымды қызметіне еркін жараған білімнің негізін ауылдың мектебінен алады. 1908-1915 жылдар аралығында әуелі, Өріктал-Жұбанышкөл бір кластық орыс-қырғыз (училище деп те атайды) школын, кейін Көнеккеткеннен Есенсай ауылына қарай 9 шақырым жердегі Қарасу-Шалқар екі кластық орыс-қырғыз школын өте жақсы оқып, тамамдайды. Бұл екі мектептің оқуы жалпы нобайы 7 жылдық білімге келіңкірейтіндіктен, Ораз орыс-қазақ тілдеріне жүйрік, сол кездің сауатты жастарының бірі болып шығады. Айтпақшы, бұл оқуларына дейін Ораз бес жасынан бастап, төрт қыс қатарынан ауыл молдасынан тіл сындырып, сауатын ашқанын да айта кетейік. Әкесі Жанұзақ күнкөрістің қамымен қандай жұмыстан да қашпаған. Қолы шебер, өте еңбекқор жан болғандықтан, орыстың көпестері оны Ілбішін станицасында шіркеу құрылысына да жұмысқа тартқан деген деректер бар. Қалай болғанда да, бес қарғасының қамы үшін қайран әке қандай жұмыстан да қашпаған ғой... Сөйтіп жүріп, ерте қайтыс болып кетеді. Барлық ауыртпалық жасөспірім Ораздың мойнына түседі. Әкесі қайтыс болғаны бар, анасы мен төрт бауырының қамы бар Ораз ары қарай оқуын жалғастыра алмайды. Ақпан төңкерісіне дейін өздеріне рулас болып келетін ауылнайдың әрі шабарманы, әрі писары болып қызметке тұрады. Ол үшін ай сайын 12 рубль 50 тиын жалақы алып тұрған екен.
Дүниені астан-кестен қылған патшалық Ресейдегі Ақпан төңкерісі кезінде жас Ораз бірден қып-қызыл белсенді болып, саяси тап тартысына араласып кете қоймайды. Осыдан 12 жыл бұрын Ораз ағамыздың жоқшысы болып, талмай талаптанып жүрген ардагер-ұстаз, бүгінде марқұм Сапар ағай Ғабдолов біздің назарымызға Ораз Исаевтың 1936 жылы 10 тамызда өз қолымен толтырған ғұмырбаянын берген еді. Онда Ораз Жанұзақұлы бүй деп жазады:
«Сол кездегі болып жатқан оқиғалардың (төңкерісті айтып отыр – ред.) саяси мәнін түсіне қойған жоқпын, маған ұнағаны – байлар мен дәулеттілердің екі аяғын бір етікке тығып, халықтың оларға ашық қарсы шыққаны».
Бара-бара ауылнайдың иті қырын жүгірген болуы керек, әрі шабарман, әрі писарь болып жүрген жас Ораз жұмыссыз қалып, ауылдағы байларға жалданады. Исаевтың саяси жұмыстарға араласа бастауы 1919 жылға тура келеді. Бұл тұста Қызыл Армия нақтырақ айтсақ, Чапаевтың қызыл қырандары ақ казактарды Орал қаласынан түріп айдап шығып, шаһарда Кеңес өкіметі орнайды. Соның дүмпуімен губернияға жақын жатқан ауылдарға шабармандар көбейеді. Кеңес өкіметін қолдауға үгіттеген жұмыстар қызып, большевиктер үндеулері мен листовкаларын, тіпті аэроплан арқылы ауыл-ауылдың төбесінен жаудырып жатады. Күндердің күнінде Чапаевтың дивизиясы Ілбішін қаласына (қазіргі Чапаевкенті, яғни Ақжайық ауданының орталығы) жетеді. Қасына Сарымов, Шалқаров сияқты бір кезде мектепте бірге оқыған өзі сияқты сауатты жігіттерді ертіп, Ораз ер Чапайдың жасағына қосылады. Ілбішін қалалық милициясының қызметкері болады. Одан ары Ораз Исаевтың қызметін қысқаша тарқатсақ, Ілбішін уездік ревкомының нұсқаушы-ұйымдастырушысы, Шалқар болыстық атқару кеңесінің хатшысы, Жымпиты уездік атқару комитетінің инспекторы, (1920 жылы партия қатарына кандидат болып қабылданады), ЧОН жауынгері, Орал ГубЧК-сы жанындағы Жымпиты саяси бюросының бандитизммен күрес жөніндегі аудандық өкілі, (1921 жылы партия қатарына қабылданады), Орал ГубЧК-сы құпия бөлімшесі жанындағы өкіл, Советтердің ІІІ Бүкілқазақ съезінде КазЦИК-тің мүшесі болып сайланады, Орал губрозыскасы бастығының орынбасары, Жымпиты уездік комитетінің жауапты хатшысы. Тап жауларымен тайсалмай арпалысып, жаңа өкіметті қолына қару алып қорғаған есіл ердің қызметі осылайша жоғарылай береді. Қай жұмыста болса да, арына қылау түсірмеген, кристалдай кіршікшіз Ораз Исаев 1929 жылы 15 сәуірде Қазақ АССР-ы Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы болып тағайындалады. Осы қызметін тоғыз жыл бойы, нақақтан-нақақ «Халық жауы» деген жала жабылғанға дейін, яғни 1938 жылдың 25 мамырына дейін атқарады.
* * *
Есіл ердің қосақ ішінде бос кетуіне қазақтың басына нәубет болып келген «қу жақ» Голощекиннің тікелей қатысы бар. Тарихтан белгілі ғой, Голощекиннің Қазақстанды басқарған жылдарында, ел ішін алапат аштық жайлады. Қазақ қынадай қырылды. Міне, осы кездегі Голощекиннің асыра сілтеуінің зардаптарына сол кездегі Үкімет басшысы болған Ораз Исаевты да кінәлайды. Шындығына келсек, Исаев Голощекиннің қанқұйлы саясатына қарсы шығудай қарсы шыққан, өзінің қарсылығын айтудай-ақ айтқан. Дәлел керек пе, мінекей: Қазақ АССР-ы Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары Ұзақбай Құлымбетов бір сөзінде «Айыптың бәрі Голощекин мен Исаевта, бізде кінә жоқ дей алмаймын! Біздің бәріміз де кінәліміз. Өлкелік комитеттің соңғы пленумында Ораз Исаев екеуміз Голощекинмен табандатқан үш күн бойы айтысып, әуре болдық. Бәрібір Голощекинді райынан қайтара алмадық», – деп жазады кейін «Социалды Қазақстан» газетінің 1933 жылғы 12-14 шілдедегі санында.
Бұған дейін Қазақстанда Голощекиннің тұсында болып жатқан асыра сілтеулер мен аштық жайында Сталинге Тұрар Рысқұлов хат жазған деп келдік қой. Оған қоса Ғабит Мүсірепов бастаған «Бесеудің хаты» да сол тұста жазылды деп жүрміз. Ал, шындығына келіп, Алланың атымен айтсақ, Сталинге олардан бұрын Ораз Исаев жазған! Бір емес, екі емес, үш қайтара (!) жазыпты. Біріншісі – 1932 жылы 11 мамырда. Екіншісі – 1932 жылы тамыз айында. Үшіншісі – 1933 жылы 2 желтоқсанда. «Бесеудің хаты» 1932 жылдың 4 шілдесінде жазылған. Яғни, Ораздың алғашқы хатынан кейін екі айдай уақыттан кейін. Онда да бұл хаттың Сталинге жазылуына Ораз Исаевтың өзі түрткі болған. Ал Тұрар Рысқұловтың хаты 1933 жылы наурызда жазылыпты. Мұны әлі күнге дейін «Исаев орын алып жатқан жағдай туралы жоғарыға хабарламапты, айтпапты» дегенді көңірсітіп, оны «жау» қылып көрсеткісі келіп жүргендерге қарата жазып отырмыз.
Ораз Исаев Совнарком төрағасы болып тұрғанда, Қазақстанда ауыр өнеркәсіп, металлургия, көмір өндірісі оның тікелей басшылығымен өркендеді. Түрксіб табанының тартылуында Орекеңнің үлесі зор. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің биіктен жарқырайтын жылдары да осы Ораз Исаевтың тұсы. Қазақтың Әуезовінің өзіне де, «Еңлік-Кебегіне» де араша түсіп, «әлем әдебиетінің шедеврі» деп баға беріп, пьесаның томағасын сыпырған да Исаев. Жамбылдың жұлдызы жарқырап, Кремльге дейін жететін шағы да Исаев үкімет басында отырған жылдар. Мәскеуде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігі өтіп, қазақ өнерінің бағы жанатын жылда да үкімет басында Ораз Исаевтың отырғанын қалайша ұмытамыз, ағайын!? Сонда емес пе еді, мәскеуліктердің Күләштің өнеріне «Чудо!» деп қоғадай жапырылып, қол соғатыны!
Аула сыпырып, арасында ақ қағазға түрлі сурет салып қоятын жас жігіт Әбілхан Қастеевті Ораз Исаев байқамаса, бүгінде қазақ халқы білер ме еді, әй, қайдам-ау... О. Исаев өндірдей Әбілханды қазақ тілін жақсы білген Анна Фурманованың (комиссар Фурмановтың жары) қасына ілестіріп, Мәскеуге жібереді. Тілмаш ретінде барған Анна Никитичнаға арнайы жалақы төлейді.
Ондағы ойы Қастеев орыстың хас суретшілерінен үйренсін, дәріс алсын дегені еді. Жас суретшінің жолақысын, барлық шығынын үкіметтің есебінен шығартады. Сөйтіп, Орекеңнің арқасында аула сыпырушы Әбілханнан кейін қазақтың атақты қылқалам шебері шықты ғой!
Бүгінде «латын қарпіне көшейік!» деп өңір тиегімізді ағытып жатсақ, Ораз Исаев осыдан 90 жылдай уақыт бұрын оның бастауында тұрған, ұйытқы болған, қолдаған тұлға.
* * *
Ораз Исаевтың тұтқындалуының жай-жапсары өзгешелеу. Жанұзақтың Оразы Нұрлан, Бекет есімді екі ұл сүйген. Нұрлан бертін келе қайтыс болып кеткен. Ал кенже ұлы Бекеті осыдан біразырақ уақыт бұрын Ақжайық ауданының орталығында өткен конференцияға денсаулығына байланысты келе алмады Алматыдан. Сол Бекетінің мынандай естелігі бар: «Анам Сара Есованың айтуы бойынша әкемді тұтқындаған кезде мен 2 жастан 4 ай асқан екенмін. Сондықтан есімде ештеңе сақталмаған. 1938 жылы көктемде әкеме Алматыдағы қызметін тапсырып, Мәскеу қаласына жаңа қызметке шұғыл шақырту келеді. Мамыр айының екінші жартысында біздің жанұямыз әкем, анам, үлкен ағам Нұрлан және нағашы әжем үкімет адамдарына тиісті, арнайы вагонға аса қажет заттарымызды тиеп, көтеріңкі көңіл күймен жолға шығамыз. Мәскеуге ондаған шақырым қалғанда вагонға үстеріне форма киген, түстері суық бірнеше адам кіріп келеді. Әкем мен анамды тұтқындау туралы және вагонда тінту жүргізу жөніндегі ордерді көрсетеді. Содан біздерді, заттарымызды мұқият тінтіп, әкем мен анамды өздерімен алып кетеді де, қалғандарымызды кейін қайтарып жібереді».
Аула сыпырып, арасында ақ қағазға түрлі сурет салып қоятын жас жігіт Әбілхан Қастеевті Ораз Исаев байқамаса, бүгінде қазақ халқы білер ме еді, әй, қайдам-ау... О. Исаев өндірдей Әбілханды қазақ тілін жақсы білген Анна Фурманованың (комиссар Фурмановтың жары) қасына ілестіріп, Мәскеуге жібереді. Тілмаш ретінде барған Анна Никитичнаға арнайы жалақы төлейді.
Бекет Оразұлының естелігінен көріп отырғанымыздай, Ораз Исаевты Алматыда тұтқындамай, Мәскеуге қызметке алдап шақыртып, жолшыбай тұтқындауында да бір сұрқұялық жатыр ғой...
Ораз Жанұзақұлының жары Сара Есова – белгілі қоғам және мемлекет қайраткері. Қазақстанда Кеңес өкіметін орнатып, оның нығаюына бір кісідей үлес қосып, зор еңбек сіңірген қазақ қыздарының алдыңғы қатарынан орын алатын аяулы жандардың бірі. Сол Сара апамыз ерімен бірге жолүсті тұтқындалғаннан кейін тоғыз ай тар қапаста отырады. Ол кісі қызмет бабында Лениннің жан серігі Надежда Крупскаяны жақсы біледі екен. Түрмеден қапысын тауып, Надежда Константиновнаға араша сұрап, хат жазған. Айналғанда күн көсемнің жары Сталинге тіке барып, Сара апамызды түрмеден босаттырады. Бірақ «халық жауының» әйелі ретінде қызметтен шеттетіліп, талай қиындықты бастан өткереді. 1956 жылы 19 мамырда Ораз Исаев толық ақталғанға дейін Сара апамыз күйеуін жазықсыз жаладан ақтап алу үшін талай табалдырықты тоздырғанын да айта кетуіміз керек.
Ал күйеуі ақталғаннан кейін оның есімін ел тарихында қалдыру жолында да апамыз талай әрекеттенген. Ең әуелі, мерейтойын өткізсек деп, Ораз Исаевтың 70 жылдығы қарсаңында, 1969 жылы Сара Есова елге, Орал облысына арнайы келеді. Сол кездегі Орал обкомының бірінші хатшысы Шәпет Қоспановқа кіріп, мерейтой жөнінде әңгіме қозғайды. Бірақ бірінші хатшы Ораздың 70 жылдығын өткізуді мақұлдамаған. Содан болар, Исаевтың 70 жылдығы облыс тұрмақ, Көнеккеткен ауылында да өтпеді... Айналғанда, Сара апамыздың «Ең болмаса, ауылда өткізерміз» деген екінші жоспары да жүзеге аспады. Ал Ораз Исаевтың 90 жылдығы да Көнеккеткендегі кішкентай ғана жиыннан әрі аса алмады. Бұл уақытта Көнеккеткен ауылындағы орта мектепке Ораз Исаевтың аты берілген еді. Есіл ердің 100 жылдығы да сол мектеп ұжымының күшімен ғана аталып өтті. Алматы жағынан ешкім келген жоқ... Айтпақшы, Орал қаласында Чапаевтың серігі Петр Исаевтың есімімен 1967 жылдан бермен қарай аталып келген көшеге 2007 жылы Ораз Исаевтың есімі берілді. Бір көшеге екеуінің есімін мінгестіріп, қатар іліп қойған...
* * *
Конференцияны ашқан аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов ақиық азаматтың өміріне шолу жасай келіп, О. Исаевтың 120 жылдығына байланысты белгіленіп отырған шаралармен жиналғандарды таныстырып өтті.
Аталған датаға арналып мектеп оқушылары мен жастар арасында ілкіде жарияланған «Алаштың ардақты азаматы» атты байқаудың қорытындысы әйгіленді. 35 рефераттық жұмыс арасынан І орын Темірлан Зәкіржанов (О. Исаев атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы), ІІ орын Ақбота Берік (Бударин мектеп-бөбекжай кешенінің 9-сынып оқушысы) және ІІІ орын Ғарифолла Қуандыққа (Мерген орта мектебінің 9-сынып оқушысы), кино-бук бойынша түскен 24 жұмыс арасынан І орын Жұлдыз Балхашева (Чапаев ауылы), ІІ орын Дархан Қапатаева (Алмалы ауылы), ІІІ орын Әнуар Аманжоловқа (Тайпақ) берілді.
Бұдан соң бейнебаянда және ардагер-ұстаз, журналист Тілес Жазықбайдың баяндамасында қайраткердің қайсарлығы, бастан өткерген өксікті шақтары қамтылды.
Конференцияда сондай-ақ жазушы, О. Исаев жайында естеліктер мен зерттеулер жинағын құрастырған Жұмабай Құлиев (Алматы қаласынан келген), белгілі журналист Есенжол Қыстаубаев шерлі шежіреден мысалдарға тоқталып, есіл ердің табанды күресі туралы әңгімеледі. Ораз Исаевқа Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында ескерткіш қойылса, оның өміріне, қызметіне қатысты барлық материалдарды жиып-теріп, жинақтар шығарса, тіпті өзіміздің Орал қаласында да Орекеңнің ескерткішінің орны ойсырап тұрған жоқ па, деген ой мен ұсыныс айтылды.
Қолдан жасалған аштықтың, сталинизмнің жаппай саяси репрессиясының зардабы сонау 1721-1723 жылдардағы ақтабан шұбырындыдан да асып түсіп, халқымыз миллиондап қырылды. Кейін де даламызға алапат қару сынайтын полигон қаптады, қазақты тұтқалы қызметтерге жақындатпау көзделді. Сондай қатыгездіктердің, геноцидтің де, этноцидтің де ащы сабағын естен шығаруға болмайды. Жас ұрпақ бүгінгі азаттығымыздың құнын біле ме? Бұл әманда қаперде ұстайтын сауалымыз болуы тиіс. Ораз Жанұзақұлының ағартушылық бағыттағы істері де індете зерттеуді қажет етеді.
Конференция мінберінен БҚМУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы, магистр Ғазиза Әбдірахманова, аудандық мәслихаттың депутаты Біржан Кухаев, Орал қаласындағы №19 орта мектептің мұғалімі, Исаевтың інісі Керейден тараған ұрпақтың бірі Балжан Айтқалиева осы хақында сөз саптады.
Қайраткердің дәуірдің шаш етектен ауыртпалығымен арпалыса жүріп, ел мәдениетін көтеріп, талантты ұл-қыздардың білім алуына мұрындық болғаны да өшпес өнегесінің, елжандылығының айқын дәлелі екені әңгімеленді. Оралдық ұстаз-ғылым, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр «Ана тіліміз бен ғылымды сүйіңдер» деп, өз жұртын білімге үндеген Ораз Исаевтың небір қауырт істерден оқытушылар мен оқушылар жағдайына үңілуді де ұмытпаған кездерінен мысалдар айтты.
Басын тәуекелге тіккен арыстарымыздың күресі, әрине, ізсіз кетпеді. 1933 жылдың басында Голощекин қызметінен босатылды, «өрескел саяси қателіктер мен бұрмалауларға» баға берілді. Исаев мәжбүрсіз елден кеткендерді отырықшыландыру, оларға жағдай жасау жөніндегі комиссияны басқарды. Жай-күй біртіндеп түзетіле бастады. Бірақ «кіршіксіз көсемнің бейнесін қалыптастыруға салқынын тигізгендерді, «тілін қысқартуды» білмейтіндерді әшкерелейтін материалдар, жалаға толы қағаздар сейфтерде жинақталуда еді. Исаевты да бет қаратпас өктемдік репрессия құрығына іліктірді.
Сұрқиялықпен күрескен ол жайында архивтерден тың деректер табылуы әбден мүмкін. БҚО гуманитарлық академиясының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова жуырда архив материалдарымен кезекті жұмысы үстінде бір құжаттан О. Исаевтың «Алашордаға мен оң баға беремін, бұл Қазақстанның болашақ мемлекеттік құрылымы. Біз түбі соған жетеміз» деген сөзін кездестіргенін баяндады. Бұл әлде де жан-жақты зерттеуді қажет ететін, яғни кешегімізді тану мен ұғудың бір көзі болып табылатыны даусыз.
Көнеккеткен түлегі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Қайыр Оразғалиев ауылына Ораз Исаевтың портретін табыстады. Одан ары Ораз Исаевтың туғанына 120 жыл толуына орай өткізілген конференция дөңгелек үстелге ұласты. Оны аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев жүргізіп отырды.
Оралдық ұстаз, тарихшы Сайлау Сүлейменов, ардагер-ұстаз, жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызы, еңбек ардагері Дәулетжан Жақсыбаев, ақын Сағынтай Бисенғалиев, Көнеккеткендегі Ораз Исаев атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Айғаным Жұмағалиева Ораз Жанұзақұлының қайсар қайраткерлігі, азаматтық болмысы, ұрпаққа берер өнегесі туралы кең ауқымда әңгімеледі. Мектеп оқушылары үшін тарих пәніне Ораз Исаев туралы неге тарау енгізбеске деп өте орынды мәселе көтерген Айғаным Жұмағалиева айтқан ұсыныс көп көкейінен шықты. Совнарком Исаевтың Мәскеуде атылған жеріне Ақжайық ауданынан экспедиция ұйымдастырып, туған жерінен топырақ салса, арнайы белгі қойса?! Сондай-ақ аудан, облыс орталықтарына Ораз Исаевтың суреті бедерленген үлкен билбордтар ілінсе, – деді дөңгелек үстелге қатысушылар.
Ресей қаласының Саратов облысы, Перелюб ауданынан келген Ұмсын Керейқызы (О. Исаевтың Керей деген інісінің қызы) естеліктерімен бөлісіп, осындай ауқымды шараны ұйымдастырған аудан басшылығына, бөлім, мекемелер ұжымдарына ризашылығын арнады.
– Көнеккеткен ауылында дүниеге келдім. Әкем Ұлы Отан соғысына аттанып, артынан «қарақағаз» келді. Талай қиындықты көрдік. Өткенге салауат, болашаққа аманат. Отбасымда сегіз ұл-қыз тәрбиелеп өсірдім. Жұбайымның қайтқанына 21 жыл болды, – деп еске алды әжей. Бүгінде 83 жасқа келген оның 20 немере, 18 шөбересі бар. Алыстан келген кейуана Көнеккеткен ауылы бір кезде О. Исаев атындағы колхоз аталғанын, бірақ кейін шаруашылық тарағанда, ауыл оның атынан айырылып қалғанын айтты. Аяулы азаматтың атын сол кіндік қаны тамған жерге қайтарып берсе, – деді.
Сөйтіп, ақжайықтықтар ақиық азамат Ораз Исаевтың туғанына 120 жыл толуын айта жүрер той, ғибраты мол шара қылып өткізді. Өшкен қайта жанғандай болды. Айтпақшы, Исаевтың тағы бір тойы, Құдай қаласа, алдағы қыркүйекте Көнеккеткен ауылында ұйымдастырылмақ.
Ендігі қалып тұрғаны, Ораз Исаевтың есімін ұлықтауды облыс, республика көлемінде қолға алса, шіркін...
Есенжол ҚЫСТАБАЕВ,
Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Батыс Қазақстан облысы